Аймақ | Регион

Зерек оқушы болған: Ақтөбеде сабақтан қайтқан 8-сынып оқушысы асылып қалған күйінде табылды

Ақтөбе қаласында да қайғылы жағдай болды. Сабақтан шыға салып үйіне қайтқан мектеп оқушысы, асылып тұрған жерінен табылды.  Ғұмыры ерте сөнген жеткіншектің жасы бар болғаны он үште.

Мұндай қадамға не итермелегені әлі белгісіз. Полицейлер анықтап жатырмыз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сол күні 8-сынып оқушысы сабақтан соң үйіне кеткен. Әрі қарай не болғанын ешкім білмейді. Мектептегілер марқұмның анасын бір-ақ рет көргенін айтты. Өтпелі кезеңде баламен қалай әңгімелесу керек деген тақырыптағы басқосуларға шақырғанымызбен, ол кісі келмеді дейді. Ал көршілері жалғызбасты әйел балаларымен пәтер жалдап тұрғанын айтты

«Әйел үш баласымен үйді жалдап тұрды. 13-тегі ұлы, сосын кішкентай екі қызы болды. Ана ұлы деген сондай ақылды болатын, үнемі шешесіне көмектесіп жүргенін көрдік. Сағат екіге дейін сабақта болады. Сол күні келген, үйінде ешкім болмаған. Асылып тұрған жерінен шешесі көріпті. Қазір олар ауылына садақаға кетті», – деді  көршісі.

Оқыс жағдай мектептегілерді де есеңгіретіп қойған. Өйткені, қағылез, алғыр оқушыдан мұндайды күтпепті. Әрі мектепке ауысып келгеніне де көп болмаған. Биыл ғана Хромтау ауданынан отбасымен қалаға қоныс аударған екен. Бірақ, соған қарамастан, жаңа ортаға тез бейімделіпті.

«Кластастарымен жақсы қарым-қатынаста, бала бәрін білуге талпынып тұратын, лидерлікке бейім, ешқандай оғаш қылық көрсеткен жоқ. Ақжарқын, достаса білді балалармен. Осы жағдайдан кейін тиісті материалдарды құзырлы органдарға жібердік», – деді Ақтаев атындағы №6 орта мектептің психологі Гүлдана Әбішева.

Мектеп педагогтары баланың әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанын айтты. Дәл сол күні отбасында не жағдай болғанын полицейлер тергеу барысында анықайтын болады. “Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу” бабы бойынша іс қозғалған.

“Бала ешқандай есепте тұрмаған, оқу орны бойынша жағымды сипатталады. Аталған факті бойынша қылмыстық кодексінің 105 бабының 3 тармағы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр”, – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы Майя Асқарқызы.

Бұл жасөспірімдер арасындағы биыл өңірде тіркелген 5-суицид. Алайда, мамандар балалар мен жастардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі азайып келе жатқандығын айтып отыр.

Комментарий