Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Қытай отаршыларының геноциді бүгін пайда болған жоқ

Айша Құманғалиқызы ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

«Заң газетінің» Астанадағы

меншікті тілшісі

 Өзінің ата жұртында тұрып жатқан қытайдағы қазақтарды тарихи Отанындағы бауырлары қазан төңкерісінен, сталиндік зұлматтан қашып барған екен деп ойлайды. Мүлде олай емес!

Қытай ежелден қазақты және өз ішіндегі аз ұлттарды езумен келеді. Ол тарихи шындық және бүгін ғана пайда болған тың жаңалық емес. Вичаттың не екенін білмейтін заманда, Серікжан тұрмақ оның әкесі Біләш та тумай тұрғанда Ақыт қажыны, Оспан батырды қытай отаршылары өлтірді. Қандастарымыз Жомылыңғұма (Гималай) асып, үдере көшті, адам төзгісіз азап шекті. Ақыры, түбі бір түріктерді паналап, Анадолы жерінен тұрақ тапты.

Елде қалған қазақты да қытай аямады, қынадай қырды, жымысқы жексұрын айла-амалмен талай рет қан қақсатты. Мао-Зе-Дунның кезінде Тарымға айдады, қан жоса етіп онда да талай боздақтарды сорлатты. Қажығұмар Шабданұлы бастаған талай зиялының өмірі қытай абақтысында азаппен өтті. Қазақ қытайдағы ешбір геноцидтен тыс қалған емес.

Қазір де сол геноцид халғасып жатыр. Өзгешелігі, ақпараттық технология дамып, олардың әрбір әрекетінің әшкере болып, әлемге тарауында ғана. Олай болса, өрт бүгін шыққан жоқ. Бұрыннан бар.

Кезінде ондағы түбі бір тұқымдастарына ара түспек болған Түркияның қоқаң лоққысынан әрине, Қытай қорыққан жоқ, қорықпайды да. Себебі, қазіргі соғыс мылтық атып, танк айдау емес. Қытайды тас-талқан етудің жалғыз жолы – сауда-саттық қарым-қатынасты үзіп, қаржылық санкция салу ғана. Ондай ауыздықтау тәсіл әлемдік қауымдастың, Еуро Одақтың, БҰҰ, АҚШ бастаған Батыс елдерінің ғана қолдарынан келеді.

Олардың жалғыз қорқынышы осы ғана. Әлемдік қауымдастық олардың геноцидінен хабардар болса, адам құқығын талап етіп, қаржылық бұғаттауды күшейтсе, қытайлар еріксіз геноцидін тоқтатуға мәжбүр болады. Ал, үнсіз отырып, “бұға берсең, сұға береді”. Сонда, ондағы қазақты қырып біткенше тұяқ серппей үнсіз отыру, әлемдік қауымдастыққа мәселені жеткізбей құмға басын тыққан түйеқұстың кебін кию кімге тиімді?

Әрине, Қытай үшін қазақты қыра беруге ғана мүмкіндік береді. Бұл жағдай қазір әрбір саналы азаматқа түсінікті болса керек. Сондықтан, бәз біреулердің “Атажұрт” ерікті жастар ұйымының кесірінен Қытайдағы қазақ диаспорасы зардап шегіп жатыр деп атойлаулары – жұмсартып айтқанда, саяси сауаттылықтың белгісі емес.

Қалай десек те Қытайдың адам баласына әсіресе, Шығыс Түркістандағы қандастарымызға жасап жатқан қанды қырғынын, геноцидін осы Қазақстандағы «Атажұрт» еріктілері ғана  әлем қауымдастығына жеткізді.

Осынау игілікті істі де түсінбей жұрттың сан-саққа жүгіртіп, кейбір зиялы ағаларымыздың өздері қарсыласып жатуы – кешегі Шығыс Түркістан, бүгінгі отарланған Алтай Шыңжаң тарихын білмеуден туындап жатыр. Сондықтан, кейбір тарихи деректерге сүйене отырып, кейбір жайларды баяндауға тура келіп тұр.

ХХ ғасырдың басында Мәнжу-Шың империясының ыдырауы Алтай тауының күңгей бетін мекендеген түркі тектес халықтардың оянуына, рухани сілкінуіне елеулі түрткі болды. 1912-1913 жылы қазіргі Шынжан өлкесіндегі Құмылда және ұйғырлар мекендейтін бірқатар елді мекендерде қарулы көтерелістер бұрқ етіп жатты. Алайда, оның бәрі дер кезінде жеңіске жете қоймады.

1931 жылы қатты ашынған ұйғырлар қытайға қарсы тағы да көтерілді. Бұл жолы көтерілісшілерді Алтай қазақтары, Қаршар моңғолдары және дүңгендер мен қырғыздар қолдап, бірге атсалысты.  1933 жылы тұтас өлкенің  90 пайызы көтерілісшілердің бақылауына өтіп кеткен еді. Осы тұста ұйғыр көшбасшылары Сәбит Дамолла, Мұхамет Имин Бұғыра Шығыс Түркістан республикасының құрылғанын жариялап үлгерген болатын. Олар алғашында елді Ұйғыр Ислам Республикасы деп атағылары келгенімен, оған өзге ұлт серкелері көнбеді. Сонымен Шығыс Түркістан деген ортақ атауға тоқтаған. Оларға сырттан ықпал етуге келгенде Кеңес Одағы асқан белсенділік танытып қатты қолдады. Ресейлік саясаткерлер ондағы қазағы қайсы, түрік, ұйғыры не дегенді айыра білмегендіктен оларды өзара «Солтүстік Түркия» деп атаған көрінеді.

Кейбір деректерде, 1933 жылдың 12-қарашасында  Қашғар қаласында Шығыс Түркістан Республикасының Конституциясы бекітіліп, тұңғыш Президенті  Қожанияз қажы, премьер-министрі болып Сәбит Дамолла тағайындалғаны айтылады. Көгілдір түсті матаға ақ түсті жарты ай бейнеленген мемлекеттік туы болғаны баршамызға мәлім.

1934 жылдан бастап, Шығыс Түркістан басшылары Мәскеуге барып, Кеңес одағының көмегін алған. Алайда, 1936 жылы Шығыс Түркістанды Чаң Хай Ши бақылауына алғандықтан, 1937 жылы ұйғырлар бастап қайтадан көтеріліске шығады. Шығыс Түркістан Қытай билігіне өткенімен, өзінің ұлттық валютасы бар, Кеңес Одағының орталық банкінен қолдау алатын дербес сипаттағы ел болатын. Мұның бәрі кездейсоқтық емес еді. Себебі, бұл өңірде уран, вольфрам, сурьма, никель, тантал секілді қазба байлықтың неше атасы бар екені барлау арқылы анықталып қойған болатын. Шынжан билеушісі болып тағайындалып келген қытай генералы Шэң Ши Цай бастапқыда ақ орыстарға біршама бүйрегі бұрғанымен, кейін олардың гоминдан партиясымен ым-жымы бір екенін аңғарған соң кеңестік топтарды, Шығыс Түркістан халықтарының ұлт азаттық қозғалысын қолдауға көшкен.

Осылайша, 1941 жылы қытай басқыншыларына қарсы қазақ ұлт азаттық көтерілісі күш алды. Көтерілісті қазақтың ержүрек ұлы Оспан батыр Сіләмұлы бастады. Генерал Шэң  Ши Цай өзінің оңбай қателесіп жүргенін сезгендей дереу И.В.Сталинге хат жазып, Шынжанды Кеңес Одағының құрамына алуын өтінді.  Алайда, Сталин бас тартты. Ресми Мәскеу Оспан батырды қолдап, оған қару-жарақ беруді Моңғол өкіметіне жүктеген болатын.  Маршал Х.Чойбалсан Оспан батырға шақыру жіберіп, қазіргі Қобда аймағының Бұлғын жерінде бетпе-бет жүздескен.

Осы кездесу барысында олар Оспан батырға 395 винтов мылтығын, 200 мың оқ, 30 жеңіл пулемёт, 6 ауыр пулемёт, 45 автомат, 2000 гранат бергені туралы дерек моңғол архивтерінде көрсетілген. Сонымен бірге әскери кеңесші, барлаушыларды да тағайындап берген. Х.Чойбалсанның көздеген мақсаты – Шығыс Түркістан жеріндегі моңғол-ұранқайларына бақылау жасау еді. Осылайша, өзінің  панмоңғолистік идеясын Кеңес Одағының арқасында жүзеге асыруды, барша моңғол туырлықтарды біріктіруге Сталин септеседі деп ойлады.

1943 жылы кеңестік барлау қызметінің көмегімен Шығыс Түркістанды азат ету мақсатымен «Азат Ташкилаты» деген ұйым пайда болады. 1944 жылдың 8-қарашасында «Әскери төңкеріс комитеті» Құлжа қаласында жиын өткізіп, Қытайға қарсы қарулы күресті бастауға шешім қабылдайды. Сондай-ақ, Берияның бұйрығымен «Шынжан мұсылмандарына көмектесу комитеті» деген құрылады. Алдын ала мұқият ұйымдастырылған көтеріліс Шығыс Түркістандағы қытайдан өзге барлық ұлтты қамтиды. Нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде қытай армиясының тас-талқанын шығарып, 1944 жылдың 12-қарашасында Шығыс Түркістан Республикасын жариялайды.

Ел Президенті болып Әлихан Төре, орынбасарлығына Хакимбек Қожа бектіледі.  1945 жылдың көкек айында Шығыс Түркістанның ұлттық армиясы құрылып, дивизия қолбасшысы болып Дәлелхан Сүгірбайұлы тағайындалады. Ал, аталмыш армияның бас қолбасшысы кеңестік генерал Иван Полинов болды деген дерек кездеседі. Осымен, қалай десек те Шығыс Түркістан – көп ұлттан тұратын тәуелсіз ел ретінде халықаралық деңгейде толық мойындалатын дәрежеге жеткені басы ашық әңгіме.

Алайда, аталмыш республиканың келешегін әлемдік өркениетті қауымдастық емес, 1945 жылғы тамыз айында Кеңес Одағы мен Қытай елінің ынтымақтастығы мен достық келісім-шарты негізінде екі отаршы ел ғана шеше салған. Кеңес басшыларының бірі В.М.Молотов пен Қытай сыртқы істер министрі  Ван Шизе екеуінің қолы қойылған шартта Шығыс Түркістанның мәселесі «май шаммен» қаралған. Кеңес одағының шонжарлары Шығыс Түркістан басшыларын Қытайдың Гоминдан партиясымен келіссөз үстеліне зорлықпен отырғызды.

Шығыс Түркістан делегациясын  Ахметжан Қасыми деген ұйғыр бастап барады.  Ол кезде Шығыс Түркістан Республикасының Президенті Әлихан Төре Кеңес Одағына келтірілген болатын. Қытай компартиясы Гоминданды тізе бүктіргеннен кейін Шығыс Түркістан өкілдері Алматы,  Иркутск арқылы Бейжіңге жетуге жолға шыққан. Бірақ, Әлихан Төре отанына оралмады.  Иркутсктен аман-есен әуеге көтерілген ұшақ Чита қаласы маңында апатқа ұшырады деген ақпарат тараған.

Шын мәнінде, Чита маңында Шығыс Түркістан басшыларын отаршыл залымдар өздері о дүниеге аттандырып, ұшақ апатын ойдан шығарған деген нұсқа да тарихшылар арасында жиі айтылады. Шығыс Түркістан қайраткерлерінің сүйегін Құлжа қаласына әкеліп жер қойнына тапсырады.

Маршал Чойбалсан шығыстағы Ішкі Моңғолияны азат еткен соң өз еліне қосып, Біріккен Моңғолияны жасақтаймын деген арманына орыстардың қол ұшын бермейтініне әбден көз жеткізген соң Шынжандағы қандастарын еліне тартуды көздейді. 1944 жылы  Пагманың басшылығымен Қобық сайр деген жерді мекендеп отырған торғауыттарды шекара асырып әкеліп, Моңғол жеріндегі Бұлғын өзені бойына қоныстырады. Оларға еріп қазақтар да еніп алады.

1949 жылдан бастап, Үрімжі қаласындағы Шығыс Түркістан үкімет орнын ұлты татар большевик Бұрхан Шахиди басқарған. Ол қытай коммунистерімен ауыз жаласты. Өзге амалы да болмаған. Себебі, Кеңес Одағы ел басшыларының көздерін құртқан соң Шығыс Түркістанға «пұл болмасаң, күл бол» сыңай танытқан болатын.

ҚКП саяси бюросы Шығыс Түркістан жеріне 250 мың хань ұлтының өкілдерін дереу қоныстандыру туралы шешім қабылдайды. 1955 жылдың соңынан бастап, ол жерді «Шынжан-Ұйғыр автономиялық өлке» деп жариялап, ҚХР құрамына енгізді де, ондағы ұлттардың бастарына «темір ноқта» салды. Қытайландыру саясатын барған сайын күшейтіп, хань ұлтының қаптаған өкілдерін Шынжанға толассыз төгумен келеді.

Шынжан-Ұйғыр автономиялық өлкесінде Шығыс Түркістан Республикасын қайта жаңғырту, «өлгендерін тірілту» қозғалысы мүлде тамырын үзе қойған жоқ. Бұл салада ұйғыр ұлтының өкілдері құпия түрде зор белсенділік танытып келеді. Қытай билігі оларды ұлт азаттық қозғалыс өкілдері деп мойындамайды, керісінше,  лаңкестік ұйымдар қатарына қосып қойған.

Қысқасы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында Қытайдан және Моңғолиядан қоныс аударып, ежелгі тарихи Отанына оралған қандастарымыздың бәрін жергілікті жұрт большевиктерден немесе аштық қырғыныан бас сауғалап қашып кетіп, Кеңес одағы ыдыраған соң қайтып келгендер деп ойлайды. Бұлай ойлау мүлде қате. Алтай тауының күнгей беті мен теріскей жағын мекендеген қазақтар ол жерге Қазақстан кеңес өкіметі орнағанда ғана қашып-пысып, елінен безіп барған сатқындар емес. Олардың Шығыс Түркістан деген мемлекеті, туып-өскен жері мен жылдар бойы тұрған мекені болған.

Біздің де ата-бабаларымыз шекараның ар жағында мамыржай тірлік кешпеді, ұлт азаттық көтерілісте, неше түрлі қан майданда отаршы жаумен алысты, басқыншы жендеттердің саяси қуғын-сүргініне ұшырады, жазықсыз жапа шекті дегенді осы шағын мақалада айтқым келді.

Сайып келгенде, Шығыс Түркістанда ондағы қазақ пен өзге түркі халықтарының шерлі тарихы жатыр. Оны зерттеп тану бәрімізге парыз.

 

 

Комментарий