Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Мақтанып жүрмей, сақтанып жүрейік!

Туристік саланы дамытып, бизнес көзіне айналдырған елдер табиғи ерекшелікті басты басымдық ретінде пайдаланады. Қазақстанда мұндай көркем жерлер, айрықша орындар аз емес. Алматы облысында күллі Орталық Азия мен Еуразия құрлығында теңдесі жоқ бірегей тоғай бар. Онда ең кемінде 5 млн. жылдық тарихы бар  ерекше ағаш өседі. Ғылыми атауы – Fraxinus sogdiana Bunge, ал орыс тілінде  «ясень согдийский» деп аталады.

Бұл ағаш негізінен Орталық Азияда, оның ішінде солтүстік және батыс Тянь-Шянь тауларында кездеседі. Сондай-ақ, ұзақ өмір сүретіні мен сәндік ерекшеліктеріне байланысты қалалық жерлерде мәдени түрде де өсіріледі. Кеңестік ғылыми оқулықтарда оның қазақша атауы «соғды шағаны» деп жазылып, мамандар дайындау кезінде да солай оқытылып келген. Құлаққа сіңісті болған осы атауды 1990 жылдардың аяқ шенінен бастап әркім түрлі оқулықтар мен әдеби, энциклопедиялық және басқа да кітаптарда арша, ерен, шетен деген сияқты түрлі атаулармен атай бастады. Мәселен, тек соңғы 2-3 жылдың көлемінде жарық көрген бірнеше кітапта, «Алматы облысының туристік атласында» – «Ұйғыр ауданы  өзінің  Кеңес одағы мемлекеттеріндегі жалғыз, ал әлемде (Канададан кейін)  екінші табиғи ескерткіші – Аршалы тоғайымен атақты» деп жазылған. «Алматы облысы» деп аталатын жол көрсеткіште – «бұл бірегей шетен массивін ғылымда «соғды шетені» деп атайды. Ағаштың биіктігі 30-35 метрге жетеді, діңінің диаметрі 2 метрден асады, ұшар басы 18-25 метрге дейін жайыла өседі. Кейбір шетен ағашы 300 жылға дейін өмір сүреді» деген мәлімет берілген. Дәл сол жылы шыққан «Жетісу-Семиречье-Zhetysu» деп аталатын сувенирлік кітапшада да оны «Шарын шетен тоғайы» деп атағанмен,  суреттегі ағаштың шетен еместігі бірден аңғарылады. «Алматы облысы туралы 100 әсер» атты кітапта «шаған тоғайы» деген материалда – «осы құмды жерде 10 миллион жыл бойы өсіп тұрған, Қазақстандағы өте сирек кездесетін жалғыз соғды шағаны тоғайын кездестіресіз» деген мәлімет бар. Ал «Шарын мемлекеттік ұлттық паркі» сайтында ол «ерен» деп жазылған.

Бұл  туризмнің туын желбіретіп жүрген «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ, Қазақстанның туристік қауымдастығы және оған мемлекеттік деңгейде бірден-бір жауапты орган саналатын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ттуризм индустриясы комитеті мен оған қарасты Алматы облысының Туризм департаментіне қатысты мәселе. Сондай-ақ, облыс басшысы Амандық Баталовтың мамырда Татарстаннан арнайы келген делегацияны қабылдау рәсімінде айтқан және кейін әкімдік сайтында жарияланған: «Біздің табиғатымыз өте көрікті, ерекше көрнекті орындарымыз көп. Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Айғайқұм, шаған тоғайы және т.б.», – деген сөзі департамент мамандарының назарына түскен шығар де үміттенеміз. Өйткені, онда әкім Шарын шатқалындағы әйгілі тоғайды ерен немесе шетен демей, шаған тоғайы деп атайды.

Жалпы, оның нақты бір атауы белгіленуі керек. Бұл еліміздегі 7 мемлекеттік ұлттық парктің бірі саналатын және Халықаралық табиғатты және табиғи қорларды қорғау одағының ІІ санатын иеленетін «Шарын» МҰТП басшылығының жұмысында кезек күттірмей күн тәртібіне қойылғаны жөн болар еді. Себебі, олардың өз сайтында  – «Шарын МҰТП құрамына республикалық маңызы бар – Табиғат  ескерткіші – Шарын  ерен тоғайы кіреді. Табиғат ескерткіші  жалпы 5014 га жерді алып жатыр, оның ішінде ағашпен шектелген алаң 2315 га, тек  ерен ағашты алқап 1015 га» деп жазылған. Ал, Алматы облысы Экология департаметінің басшысы Қонысбек Байеділов биыл 14 шілдеде облыстық «Жетісу» газетіндегі «Ерен тоғайын сақтау – парыз» және 22 шілдеде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Ерен тоғайын сақтау парызымыз» деген мақаласында ондағы тағы бір түйткілді жұртшылық назарына ұсынды. Онда аймақтық бас эколог:  «Табиғаттың ерекше сыйы Ерен тоғайының бүгінгі таңдағы ахуалы экологтарды қатты толғандырады. Өйткені, соңғы жыл­дары «Мойнақ» СЭС-і іске қосылғаннан кейін Шарын өзені арқылы ағатын су мөлшерінің азаюы, сонымен бірге тоғайдың суландыру жүйелері мен тармақ­тарының тозуы аумақтың эколо­гиялық жағдайына келеңсіз әсе­рін тигізіп, соның салдары­нан 1,5 гектардан аса Ерен тоғайының құрғап, қурап, жойылып ке­туіне әкеліп соқтырған. Ерен тоғайының қорда­ланған мәселелерін шешуді Алматы облысы бойынша Экология депар­таменті дабыл қағып, сол департаменттің бастамасымен ағымдағы жыл­­дың наурыз айында Ерен тоғайының қазіргі таңдағы эко­логиялық жағдайы, со­ның ішінде антропогендік фак­торлардың қоршаған ор­таның жай-күйіне әсе­ріне қатысты құ­зырлы мем­­лекеттік меке­ме­лер­дің қа­тысуымен жан-жақ­­ты тал­қыланды және кешік­тір­мей атқаруға тиісті іс-шаралар тізбегі белгіленді. Дегенмен Алматы облысы­ның Ұйғыр ауданының әкім­дігі мен мемлекеттік арнайы меке­мелердің арасындағы өз­ара түсініспеушіліктің, тартқан мұраның жоғалып, жойылып кетуі елдің, халық­тың алдында кешірілмес күнә болар еді» дегенді айтты.

 Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»

Комментарий