Шоу бизнес

«Ұлттық арнаға мені тінтіп кіргізіп, есті шығаратын»: Танымал продюсер хиджабыңды неге шештің дегендерге жауап берді

Белгілі «Той Best Star», «Екі жұлдыз», «Қазақтың 100 әні» секілді бағдарламалардың ұйымдастырушылық жұмысында болған редактор, сценарист, продюсер Перизат Мырзахмет Stan-kzақпарат агенттігіне сұхбат берді. Соңғы уақытта The real gap бағдарламасын жүргізіп жүрген ол отбасы, өткізіп жүрген шеберлік сабақтары мен басқа да жобаларды қатар алып жүр. Перизат көпшіліктің өзіне қоятын «Хиджапты неге шештің?» деген сұраққа жауап берді. Сондай-ақ, «подкастинг» жанрын түсіндіре кеткен ол, үкімет үшін туатын аналарға көмектесу керек пе дегенге өз пікірін айтты.

–    Қазақ әйелдеріне сауаттылық керек деп айтып отырсыз. Қазір қыз-келіншектер психологиялық, жыныстық сауат деген неше түрлі тренгингтерге қатысып жүр ғой…
–    Тек әйелдерге ғана емес, барлық қазаққа сауаттылық керек. Қазіргі жастарға жаным ашиды. Жаңа трендті білмейді, ескі тарихын, не бүгінін білмейді. Қазіргі жастар бос уақыттарында немен айналысады? Көбі дерлігінің оқығаны Құралай ханымның кітабы. Оны кітап деп атауға бола ма өзі, білмеймін. Қазаққа психологиялық, жыныстық, экономикалық, қаржылық, мәдени яғни, барлық жағынан сауаттылық қажет. Көпбалалы аналар «біз қазақтың санын көбейту үшін туып жатырмыз» деп айтады. Бірақ оларға «жатардың алдында қазақтың санын көбейтейік деп айтпайсыңдар ғой» дегім келеді. Шын айтайықшы. Кедей, жағдайы жоқ ана туа берсін дейік. Бірақ жоқшылықта өскен бала ертең сапалы білім ала алмайды. Оқи алмағаннан кейін ұрлық-қарлыққа көшеді немесе діни секталарға кіріп кетеді. Сонда біз қазақтың санын көбейтіп жатырмыз ба, сауатсыздардың санын ба? Үкімет көмектесу керек деп туа беру, 20 теңгеге презерватив сатып алмау жауапкершіліктен құтқармайды.
–    Шоу-бизнесте де жүрсіз, кино саласында да. Бірнеше бағдарламаның жобасы сіздің идеяңыздан шыққан. Жалпы қазақ көрермендеріне не керек деп ойлайсыз?
–    Біз өзімізді әлемдік рейтингке қосқышпыз. Бірақ халыққа мәдениет жетіспейді. Сүзгі жоқ, қоқыстың барлығын қабылдап жатыр. Ал журналистер — рейтингтің құлы. Бір жер шулап жатса жетіп барады. Рейтинг алса болды, ары қарай ұмытып кетеді. Рейтинг қу, бірақ бағдарламаның ішінде халыққа бір дән болса да беріп кетуге тырысуың керек. Жалғыз қызым бар. Ертеңгі күні оның жылап жүрмей, зорлық-зомбылықтың ортасында өмір сүрмей, өз тілінен қорынбай өмір сүргенін қалаймын. Қазір әр жаңалықты әншілермен байланыстырады. Сол үшін бүкіл әншіні жойып жіберіп, халықты ақпаратқа ашықтырып тастау керек сияқты. Біздің құбыламыз неге сол әншілер болуы керек? Неге бізге сол әншілердің өмірі қызық? Бала кезімде, иә, маған да әншілердің өмірі қызық болды. Қалай олармен жұмыс істей бастадым, барлық көзқарасым өзгерді. Кейде таныстарыма қартайғанда осылардың өмірлері туралы кітап жазсам, сендер шындықтан құсар едіңдер деп айтамын. Қазір курстарымды тегін өткізіп жүрмін. Өйткені халықта шын мәнінде артық тиындары жоқ. Бірақ тойға баруды ойлайды, біздің халық той-томалақтан аса алмай жатыр.
–    Актерлер, шоу-бизнестегілермен жұмыс істеп жүріп, етене араласа жүріп қандай ой қалыптастырдыңыз олар туралы?
–    Олар да құлқынның құлы. Көп әншілердің ішінен Жанар Айжанова апамды ғана сыйлаймын. Ол кісі өткенін, бүгінін, ертеңін де біледі. «Айт десе ит жүгіреді, иттің соңынан бала жүгіреді» демекші біздің әншілер қай жерде тамақ, қай жерде атақ бар сол жаққа қарай жүгіреді. Ал Жанар апам қандай болса, сол кейіпінде қала білген. Ешқандай атақ қумайды. Өзіне ұнағанын істеп, ұнамағанын істемейді. Әншілер ешқашан қоғамның айнасы бола алмайды. Оларды әні үшін ғана құрметтейік, ойы үшін емес. Ал біз болсақ, шетінен тұлға жасап алғанбыз. Бәріне топырақ шашпай-ақ қояйын. Бірақ көбісі қалай күн көрсем, байысам деп жүрген адамдар. «Абай жолы» кітабында Абай Біржан Салды ауылына алдыртқан кезде оны үлкендер неге жақтырмайды. Неге? Өйткені халық әншіге еріп кетпесін дейді. Әнші, ақын – эмоцияның адамдары. Кезінде сол сал-серілер талай қызды бұзып кеткен. Ал біз болсақ, сал-сері деп қазір төбемізге көтереміз.
–     «Суперредактор» курсын жүргізіп жүрсіз. Басқа курстардан ерекшелігі неде?
–    Ол жерде ең бірінші мен талғам қалыптастырамын. Телевизия, интернет саласында болсын редактор ең аз табыс алатын, жұмысы көзге түспейтін мамандық. Бірақ талғам қалыптастыратын ол – редактор. Бағдарлама ішінде болатын әрбір сөз, әрбір іс осы адамның алдынан шығады. Бір кездері мұндай курстарды Гүлнәз Әлімгерей ашты. Сол кезде мені лекцияға қатысуға шақырып жүретін. Осы курсты ашу ойы маған сонда келген. Қазіргі болып жатқан курстар – актерлік шеберлік, дикторлыққа үйрету, тілмен шектеліп жатады. Мен курсымда алдыма келіп отырған жастардың талғамына қараймын. Нешетүрлі жаттығулар беремін. Өйткені редактор жақсы талғаммен болса, онда ол жүргізуші, продюсер де бола алады. Бұрынғы бастығым Динара Адам «негізі редакторлардан жақсы продюсер шығады» деп айтатын.
–    Сізді ортаңызда «Мегамозг» деп атайды. Бұған қалай қарайсыз?
–    Бұл сөзді Динара Адам ойлап тапқан. Ол кісіге алғаш жұмысқа келгенімде орамал тағатынмын. Орамал жамылатындарды «олар қазақшадан басқа ештеңе білмейді», «жалған патриоттар» деп ойлаған ғой. «Қазақтың 100 әнін» жасағанда қасымда Украинадан келген сценарист жүрген еді.. Жоба біткеннен кейін сол кісі Динара Адаммен әңгімелесіп отырып «Сіздің компанияңызда бәрін білетін адам жұмыс істейді. Қазақша, орысша, ағылшынша да сайрап тұр. Қазақ этнографиясынан бастап, қазіргі музыканы да біледі. Неге оны шығармашылықта пайдаланбайсыз» деп мені айтқан екен. Содан кейін мені Динара Адам «Мегамозг» атап кетті. Басында  ұялатынмын. Кейіннен оны өзіме хэштег қылып алдым.

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

Комментарий