Судья мінбері | Судебная система

Жеңімпаз шарт талабын уақытымен орындауға міндетті

Елбасы «Қазақстандықтар әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында «Сот жүйесін одан әрі жаңғырту» үшін бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті. Себебі, мемлекеттік сатып алуға қатысты істер өзектілігін жоймауда.

Мысалы, мемлекеттік сатып алуға қатысып, тендерді ұтып алғанымен келісімшарт талаптарына немқұрайды қарайтындар бар. Содан болар, экономикалық сотқа түсетін осы тұрғыдағы талап арыздар аз емес. Мемлекеттік сатып алу туралы заң талабы бойынша мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын ұсыну мерзiмi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде барлық ақпаратты, мысалы, тауарлар саны, орындалатын жұмыстар көлемі, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы, т.б. туралы орналастыруға міндетті. Бұлар еліміздің техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға қайшы келмеуі керек. Сондай-ақ, әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген мәліметтер қамтылған бір ғана баға ұсынысын ұсынуға құқылы. Ең төмен баға ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болады. Төменгі баға бірнеше қатысушы тарапынан ұсынылған жағдайда басқалардан бұрын, яғни, бірінші түскен ұсыныс жеңімпаз саналады.

Жеңімпаз шарт бойынша қандай да бір тауарды жеткізіп беруге жауапкершілік алғаннан кейін оны тыңғылықты деңгейде орындауға міндетті. Осындай дауға қатысты істен мысал келтірсек, жеткізіп беруші келісімшартпен мойнына алған міндетін орындауда салғырттық танытқан. Яғни, кәсіпкер мемлекеттік келісімшарттың орындалуын қамтамасыз ететін соманы уақытында төлемеген. Істі қарау барысында белгілі болғаны кәсіпкер мен білім беру бөлімінің арасында 2019 жылдың 3 маусымында өткізілген ашық конкурс шарты бойынша кәсіпкер келісімшартта көрсетілген жалпы соманың 3 пайызын 18 маусымға дейін өтеуі тиіс болатын. Алайда, ол белгіленген мерзімде міндетін орындамаған. Сот процесі барысында жауапкер өкілі талапкердің өз міндетін келісілген уақытта орындамағанын алға тартты. Кәсіпкер келісімшарт талабын 3 шілдеде орындаған және оны төлем қағазымен куәландырды. Төлем қағазы веб-порталда 3 шілде күні 14.44 минутта тіркелген, ал, тапсырыс беруші дәл осы күні 15.31 келісімшарттың бұзылғаны туралы мәлімдеме жолдаған. 14 шілдеде келісімшарт бір жақты бұзылған. Яғни, 22 жұмыс күні өткенде Көксу аудандық білім бөлімі шарт талабының орындалмауына байланысты Мемлекеттік сатып алу туралы комитетке кәсіпкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы мәлімет және кәсіпкерге келісімшарт бұзылатындығы жайлы хабарлама жібереді. Кәсіпкер реестрге жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізіледі. Мұнымен келіспеген кәсіпкер сотқа жүгінді. Себебі, ол кеш болса да тауар алуға тиіс сомамен қамтамасыз еткенін алға тартты. Сот талап арызды қанағаттандырмады. Өйткені, он жұмыс күнінің ішінде келісімшарт талабын орындау бірінші жеңімпаздың міндеті болатын. Білім бөлімінің өкілдері соттан кәсіпкер өз міндетін белгіленген уақытта орындамауы себепті, талап арызды қанағаттандырмауды сұрады.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сай, жеңімпаз кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу реестрінде жосықсыз қатысушы ретінде кіргізілуіне байланысты екінші жеңімпаз жеке кәсіпкермен келісімшарт жасалып, ол шарт талаптарын уақытында орындап, тауарды толық көлемде жеткізіп берген. Азаматтық кодекс талабы бойынша міндеттеме шарттары орындалуы керек. Ал, шарттар мен талаптар болмаған жағдайда іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтарға немесе өзге де талаптар аясында орындалады. Тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда бұл туралы келесі тарапқа дереу хабарланады. Өнім берушілердің шарт бойынша міндеттемелерін орындағанымен, бірнеше күн кешіктіріп орындауы шарттың тиісінше орындалмауы болып саналады.

Жанар Ибрагимова,

Алматы облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий