Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

№4 аурухана қызметкерлерінің тұтқындалуы: Біртанов дәрігерлер кінәсі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтты

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов  үкіметтің брифингінде Алматыдағы №4 қалалық аурухана дәрігерлерінің атышулы оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ол бұл жағдайда дәрігерлер тарапынан қателік болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Біртанов өз сөзінде тергеудің заңға сәйкес жүргізіліп, толықтай сараптама жасалып, себеп-салдарлық байланыс бар-жоғы, дәрігерлердің қателігі немесе кәсіби міндеттерін толық орындамауы болған-болмағаны анықталуы тиіс екенін айтты.

«Жоққа шығармаймыз, бірақ егер мұндай жағдай болса, онда өліміне әсер етті ме, соны анықтау керек», – дейді денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар министр істің тергелуіне қатысты мәселелер ведомствоның құзыретіне кірмейтінін атап өтті. Алайда ол дәрігерлердің құқық қорғау органдарымен тұтқындалуына қатысты әріптестерінің наразылығын қолдайтынын жеткізді.

«Бас бостандығынан айыру түріндегі мұндай бұлтартпау шарасын қолдануға қажеттілік жоқ деп санаймын. Олар – жеткілікті түрде білікті, кәсіби дәрігерлер, сондықтан жұмысын жалғастыруы керек. Мемлекет басшысы бұл жағдайға жауап бергеніне қуаныштымыз. Әрі қарай тергеуді эмоциясыз жүргізу қажет деген пікірдемін», – дейді Елжан Біртанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев тұтқындалған еді. Артынша аурухананың тағы бір дәрігері қамауға алынды. Олар «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіби міндеттерін тиісті түрде орындамауы» бабы бойынша айыпталып отыр. Медициналық қызметкерлер Серік Күдебаевтың ұлының өлімі үшін айыпталған дәрігерді қорғап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы дәрігерлердің қамауға алынғандығынан хабардар екенін, сондай-ақ, өзіне бағытталған хатты оқығанын жеткізді. Артынша аурухананың бас дәрігері мен анестезиологы тергеу изоляторынан босатылды.

Комментарий