Судья мінбері | Судебная система

Бәсекелестік мемлекетті дамытады

Doing Business деген атаудың қоғамға дендеп еніп, танымалдыққа ие болғанына бірнеше жыл өтті. «Басында бұл нені білдіреді? Бизнеске қандай қатысы бар?» деген сауалдар жиі қойылатын. Бірақ, мемлекеттік органдардың тынбай түсіндіруінің арқасында Doing Business сөзінің мағынасы кәсіп жүргізу шеберлігімен қабысатыны жұртшылыққа белгілі болды. Әрине, әр мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытып, елдің көшін түзеуге тырысатыны анық. Ал жаһандық банк сарапшылары осы елдердің ішіндегі бизнес жүргізуге қолайлы аймақты, кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған қолдауды, экономиканы алға жүргізбей отырған кемшіліктерді тізбелеп, қорытынды жасайды. Бизнес жүргізуге қабілетті екенін дәлелдеуге тырысқан әлемнің 190 елінің ішінен үздіктерін іріктейтіндіктен бұл есептің мемлекеттер үшін ғана емес, инвесторлар үшін де пайдасы зор.

Бәсекелестік туралы халықтың түсінігі әртүрлі. Мұны көпшілігі жарыс, мемлекеттер арасындағы бақталастық деп те пайымдап жатады. Шын мәнінде, бәсекелестік – елді дамытудың, шабанды жүйрік, жүйрікті үлгі етудің таптырмас тәсілі. Өйткені, өзге елдермен терезесін теңестіріп, бәсекеге қабілеті барын көрсету үшін мемлекетте үнемі ізденіске толы жұмыстар атқарылады. Әлемдік рейтингте бақ сынауға тек тәуекелшілдер батылдық етеді. Doing Business бойынша өзінің бизнес жүргізуге қабілеттілігін көрсетсем деген тәуекелшіл елдің саны бүгінде 190-ға жетіп отыр.

Ал осы 190 мемлекеттің бәсекеге қабілетті екенін қалай дәл анықтауға болады. Бұл күрмеуі қиын шаруаны Жаһандық банк сарапшылары жүзеге асырады. Сарапшылар жыл сайын жасайтын бұл есепте әрбір мемлекеттің кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау көрсетіп, кәсіптің өркендеуіне нендей қамқорлық танытып отырғаны жан-жақты таразыланады. Себебі, бәсекеге жарайтыныңды дәлелдеу кәсіпкерлерге жасалатын қамқорлықтың деңгейіне қарап өлшенеді. Деректердің бұрмаланбауына, мәліметтердің нақтылығына, көрсеткіштердің шынайылығына аса зор мән берілетін бұл есеп тек «The Quarterlu Journal of Economics» деп аталатын журналға ғана жарияланады.

Сараптама кәсіпкерлердің сауалнамаға берген жауаптары мен мемлекетте жүргізілген реформалар қорытындысына орайластырылып шығарылатындықтан, елдің бәсекеге қаншалықты қабілетті екенін дәл болжау көп қиындық тудырмайды. Сонымен қатар, бұл деректер мемлекеттің экономикалық жағдайынан хабар береді, инвестиция тартуға қолайлылығын айғақтайды. Сараптамадан бөлек, есеп қорытындысында кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін тетіктердің көрсетілуі, оларды болдырмаудың жолының іздестірілуі, дамуға көмектесетін мүмкіндіктердің қарастырылуы мемлекеттің ілгерілеуіне, инвесторлардың сенімді серіктес табуына үлкен көмек.

Медет Бакиров,

Алматы қаласы Әділет департаменті «Сот актілерін орындау жөніндегі Медеу ауданының аумақтық бөлімінің» басшысы

Комментарий