Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ҰТЫС ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРДЫҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ АЛ, ХАЛЫҚТЫҢ ШЕ?

БҮГІНДЕ «ИНСТАГРАМ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІНДЕ ЛОТЕРЕЯ БИЗНЕСІ ҚАЙНАП ТҰР. «НЕБӘРІ 5000 ТЕҢГЕГЕ СУ ЖАҢА АВТОКӨЛІК, 10000 ТЕҢГЕГЕ БИЛЕТ САТЫП АЛ ДА, ОСЫ ПӘТЕРДІҢ ИЕСІ АТАН…» ДЕП ҚАРА ХАЛЫҚТЫ МАГНИТШЕ ТАРТҚАН ҰТЫС ОЙЫНДАРЫН АЙНҰР ТҰРСЫНБАЕВА, ОМАР ЖӘЛЕЛ, БАҒЛАН ӘБДІРАЙЫМОВ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЕЛГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР ӨТКІЗІП ЖҮР. БІРАҚ, ҰТЫС ОЙЫНДАРЫН ӨТКІЗЕТІНДЕРДІҢ ЗАҢДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ САҚТАЙТЫНЫН ҚАДАҒАЛАП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ. ЖҮЛДЕСІ МЫҢНЫҢ БІРІНЕ ҒАНА БҰЙЫРАТЫН МҰНДАЙ «БАТПАН ҚҰЙРЫҚ» ОЙЫН ТҮРЛЕРІ ЗАҢ АЯСЫНДА БАҚЫЛАНУЫ КЕРЕК.

Бұған дейін заңда лотереяны заңсыз ойнатты деген норма толық анықталмаған және заңсыз ойнатқан адамдарға ешқандай шара қолданылмайтын еді. Белгілі болғандай, осы жылдың маусым айында Парламент Мәжілісіне «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы түскен болатын. Депутаттар аталмыш заң жобасын талқылап, жақында қорытындысы жариялануға тиіс. Заңгер Ғабиден Жайлиннің айтуынша, лотерея ойынын өткізуді кәсіпкерлік қызмет түріне жатқызу керек.
– Себебі, бұл ойындар табыс табуға бағытталған. Кәсіпкерліктің екі тәртібі бар: кәсіпкерлікке тіркелу (салық төлеу) және лицензия алу. Қазір лотерея ойынын өткізушілер «мақсатымыз қайырымдылық қорына аудару» деген секілді түрлі нұсқаларды ойлап тауып, заңнаманы айналып өтіп жатыр. Лицензия алу тәртібі нақты міндеттелмегендіктен, ұтыс ойыны тыйым салынбаған қызмет түріне айналып кетті. Бұл ұтыс ойынын өткізушілердің негізсіз баюына жол ашуда, – дейді заңгер.
Сарапшының сөзінше, ұтыс ойынын өткізіп жүрген адамдарды қудалау немесе олардың ісіне тыйым салу – мәселені түбегейлі шешпейді. Сондықтан, бұл тұрғыда заңдық реттеу өте қажет болып тұр. Яғни, қандай да бір әлеуметтік желі пайдаланушысы билет сатып, ойын өткізу үшін мемлекет қазынасына салық төлеуі керек. Егер ол содан кейін салықтан жалтаратын болса, онда оны заң аясында жауапқа тартуға болады. Қоғамда заңның
жоқтығын, әлеуметтік желіні бақылаудағы солқылдақтықты тиімді пайдаланған азаматтар «Инстаграм» желісі арқылы түрлі ойындар өткізіп, қыруар табыс тауып отыр. Олар қарапайым тұрмыстық заттардан бастап (шаңсорғыш, ыдыс-аяқ) қымбат көліктерге дейін, тіпті 3 бөлмелі баспанаға дейін ойнатады. Мыңнан бір адамның бағы жанатынын біле тұра, мұндай толып жатқан ойындарға қатысатын адамдардың да саны көп. Көбіне мұндай онлайн лотереяны желіде жазылушысы көп танымал әртістер ұйымдастырады. Әртүрлі дәрілік өнімдерді мыңдаған долларға жарнамалап дәніккен әншілер үшін, мұндай лотереяларды ойнату – ақша табудың ең ұтымды көзіне айналған. Сондай лотереяға қатысып, анығында өзі сол ойынды өткіземін деп сан соғып қалғандардың бірі – Гүлдана Әлім.
– Бір қызы бар жалғызбасты анамын. Мамандығым тігінші. Шымкенттен Алматыға күнкөріс қамымен барып, жағдайым болмаған соң, көлігімді сатуға бекіндім. Қолма-қол сатуға өз бағасы көңілді көншітпейді. Көлікті «инстаграмда» барлық әншілер өткізіп жатқан лотерея ойыны арқылы сатқым келді. Солайша үстеме пайдадан үміттеніп, бірақ, түскен жалпы
соманың 30 пайызын Гүлім Әбішева есімді замандасымның науқас сәбиіне көмек ретінде аударғым келді, – дейді Гүлдана Әлім.
Көлік иесі бұл идеясын Гүлім Әбішевамен бөлісіп, екеуі ақылдаса келе ұтыс ойынын әнші Дана Кентаймен өткізбек болады. Оқиғаға өзек болған нәрсе – Гүлім Әбішева сәбиінің денсаулығы үшін халықтан көмек сұрап келе жатқанына көп уақыт болған.
– Ұлым Нұрбек Асқарұлы 7 жаста. Екі айлық кезінен бастап миына қан кетіп, ДЦП-ның ауыр түрімен ауырады. Бұған соңғы екі жылда эпилепсияның ауыр түрі қосылды. Сол 2 айлығынан
бастап әлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрап келемін. Солай жасауға мәжбүрмін. Дәрісі мен тамағының өзіне айына 100 мың теңге кетеді. Шетелден алдырамын, – дейді ол. Сонымен, Гүлім мен Гүлдана әнші Дана Кентайдың арт-директоры Жеңіс арқылы лотерея ойынын жүзеге асырмақшы болған. Бірақ ұйымдастырушылар (арт-директор) тиісті ақшаны жинай алмай, бұл жолмен көлікті сату мүмкін болмай қалады. Ал, әншінің өкілдері болса осы қызметі үшін Гүлданадан 315 мың теңге көлемінде алдын-ала төлем алып қойған. Қазір соның бір тиыны да кері қайтпаған. Арт-директор Жеңіс әзірге құрғақ уәдемен шектеліп жүр дейді оқиғадан зардап шеккендер. Осы орайда істің анық-қанығын білмекке арт-директордың өзіне де хабарластық.
– Біздің бұл ойынымыз сәтсіз аяқталды. Ашығын айтқанда, билеттеріміз өтпей қалды. Неге екенін білмеймін. Сол кездері ел ішінде саяси оқиғалар жиілеп кетті. Ел билікке наразылық білдіріп, көшеге шықты. Арыс оқиғасы болды… Шамасы, соның әсерінен халықтың лотереямызды алуға қызығушылығы болмады, – деп ақталды Жеңіс. Арт-директордың айтуынша, бастапқыда халықтан аздап ақша жиналған. Яғни, билеттер сатылған. Артынша, лотерея жоспары іске аспайтын болған соң, жиналған қаражаттың 85-90 пайызын ғана иелеріне қайтарған. Жақында бәрінен толық құтылатынын айтқан Жеңістің сөзіне сену қиын. Билеттен жиналған қаражатты уақытында қайтармай, өз пайдасына жаратқан арт-директор, Гүлдана Әлімнің де 315 мың теңгесін айдан-айға созып, қаражат иесін қажытып жүр. Осылайша, заңның жоқтығы Жеңіс секілді талайды тайраңдатып, әлі күнге жайбарақат жүруіне мүмкіндік беріп келеді. Әлеуметтік желіде мұндай ойындар өткізуден тәжірибесі мол, әрі өзі экономист Дәулет Мұқаевтың сөзінше, әрбір ойынды ұйымдастырушы заңды түрде салық төлейді. «Біздің команда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және заңнамаға сәйкес табыс салығын міндетті түрде төлейміз», – дейді ұтыс ойынын өткізуші.
Дәулет қазірдің өзінде өз оқырмандары арасында бірнеше рет ойын өткізіп, тиісті жүлделерін
таратқан. Билет бағасы – 10 мың теңге. Ал, билет саны – 3200. Демек, бір баспана мен қосымша сыйлықтарды ұтысқа тігу үшін халықтан 32 млн теңге көлемінде қаражат жиналады. «Біздің ойынды «лотерея» дегеннен гөрі, асар деген дұрыс. Яғни, баспаналы болу жолында халықтың бір-біріне берген көмегі. Командада менен бөлек 4 жігіт бар. Олардың әрқайсысы еңбегі үшін 150 мың теңгеден алады. Себебі, лотерея өткізу үлкен процесс: әр қатысушыны
тіркеу, сыйлықтар алу, оны тарату (почтамен жіберу), қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үйді іздеу-табу, оның құжаттары дейсіз бе, жұмысы шашетектен», – дейді ол.
Өзін «қазақтың Дәулетімін» деп атайтын жігіттің сөзіне сенсек, 32 млн теңгенің 600 мың теңгесін командадағы 4 жігіт бөліп алады. Ал, өзі жеке мастер-класынан түсетін пайданы қанағат қылады. Яғни, лотерея қаражатына қол тигізбейді. «Жұрттың бәрі пайда қанша деп, соны қызықтайды. 600 мың теңгеден бөлек, қалған ақша халықтың өзіне таратылады. Баспана мен сыйлықтарға қоса, шетелге жолдама, отандық туризмді қолдау мақсатында Сарыағаш, Көктерек шипажайларына жолдама, отандық компаниядарды қолдау мақсатында «DN», «Алтын сапа» өнімдері мен тауарларын алудың жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар, жетім балалардың баспаналы болуына миллион теңге, онкологиялық ауруларға шалдыққандарға 500 мың теңге, цирроз ауруына шалдыққандарға 500 мың теңге аударып келеміз», – дейді Дәулет Мұқаев. Түйіндей айтқанда, лотерея ойнап сан соққан бір ғана Гүлім немесе Гүлдана емес. Өйткені, ұтыс ойынына қатысқан 3000 адамның біреуі ғана топ жарады. Қалған 2999-ы ақшасын берген күйінде қала береді. Және олар бір ұтысқа қатысумен ғана шектелмейді. Келесі біреудің парақшасын бақылап, ол жақтағы онлайн бәйгеден де жүлде алуды көздеп, тағы да жарна төлеп жүреді. Ғайыптан тайып бағы жанып кетпесе, ұтылған үстіне ұтылады. Құдды бұл да бір құмар ойынның түрі секілді көрінеді. Бір жағынан әлеуметтік желі – ұлтымыздың психологиялық әлсіздігін айқындап беріп жатқандай. Арзан нәрседен дәмету, тегін несібеге жүгіру – бұл еңбекқорлықты, кәсібилікті жоятын бірден бір фактор секілді көрінеді бізге. Заң қабылданар, бірақ ол ұтысты ұйымдастырушылардың ғана құқығын қорғайды. Ал, қатысушылар бәз-баяғыдай қала бермек. Мұндай жағымсыздау үрдісті заң түзей ме, әлде заман түзей ме, оны уақыт көрсетер.

Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
– Бұл тақырып азаматтық құқық қатынастары болып табылады. Демократиялы қоғамда тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген. Ал, тоталитарлық қоғамда рұқсат етілмегеннің бәріне тыйым салынған. Ойынның бұл түріне осыған дейін заң жүзінде нақты тыйым салынбағандықтан, азаматтық құқық қатынастары болып реттеле береді. Егер құмар ойындары болса, заң жүзінде жауапқа тартуға болады.

Еркебұлан КЕНЕХАН

Комментарий