Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

ЖЕЛІДЕГІ ЛОТЕРЕЯ ОЙЫНДАРЫ ЗАҢДЫ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛЕ МЕ?

Қазір әлеуметтік желі арқылы лотерея ойындарын өткізу үрдіске айналды. Мұның да басы қасында сол баяғы шоу-бизнес өкілдері. Тікелей өзі ойын ойнататындар да, белгілі бір көлік компанияларын жарнамалайтындар да бар. Ал, осы желідегі лотерея ойындары заң шеңберінде өткізіліп жатыр ма? Бүгінгі сауал осы.

Нұрлан ЕСПАНОВ, әнші:

– Көпшілік лотерея билетін ойын ойнатылардан бір күн бұрын сатып алып жатады. Мерзімінен кешігіп немесе қандай да бір жағдайлармен сатып алушылар тіркелмей қалуы мүмкін. Я болмаса, белгіленген тізімнен сатып алушылардың саны асып кетіп жатады. Осындай жағдайларда және тағы да өзге себептермен ойын өткізілмейтін болса, халықтың ақшасын міндетті түрде қайтарамыз.
Лотерея ашық форматта өтеді. Жеңімпаз адам көліктің салонына барып, құжатын өз атына рәсімдеп, заңды иегері атанады. Біз тек келісімшартпен жұмыс істейміз. Ойынды жұмыс командамның мүшелері нақты құжат бойынша жүргізеді. Көлікті қойып отырған компания өзінің беделіне нұқсан келмеуін ойлайтыны сөзсіз. Сондықтан, ешқандай заңсыздыққа жол берілмейді. Алғашқы лотереяда 10 көлік ойнатылғанынан ел хабардар. Ол ойында 10 мың билет сатылды. Жалпы, бұл ойынды өткізу кезінде мен және менің көмекшім, сондай-ақ компания өкілі құжаттарға қол қойып, жауаптылықты ойдағыдай атқарып шықтық. Жылдық есеп беру кезінде бухгалтериядағы мамандарымыз салық төлеуге қанша қаражат кететінін өздері есептеп шығарады. Ештеңені жасырып қалмаймыз. Барлығы көрініп тұр. Заңсыз әрекеттің болуы мүмкін емес. Жалпы, лотереяны өткізушілер өте көп. Бәлкім, арасында табысты жасырып қалудың түрлі тетіктерін қарастырып, салық төлеуден жалтарып жүргендері де болуы ғажап емес. Олар ойынды заңға сай өткізіп жүргендердің атына кір келтіріп, лотерея ұйымдастырушылардың барлығы заңсыз әрекет етіп жүр деген түсінік қалыптастырады.

Санат ЖҰМАБАЙҰЛЫ, заңгер:

Лотерея өткізгіш танымал жандар мен осындай ойындарды ұйымдастырушылар ҚР «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заңына сәйкес әрекет етуі керек. Аталмыш заң бойынша ойынды арнайы лотерея операторы ғана өткізе алады. Оны жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырушы ҚР Үкіметі айқындаған заңды тұлға болуы тиіс. Сондықтан, беталды өткізіліп жатқан мұндай ойындар заңсыз. Салық мәселесі де аса маңызды жайт. Сол себепті, бұл үрдісті тоқтату керек деп есептеймін. Қадағалаушы органдар қолына алатын шығар. «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заңында негізгі қағидаттар деген ұғым бар. Лотереяның өтуі барысында солардың барлығы сақталуы тиіс. Біріншіден, лотереяға қатысушылардың ұтысқа қатысу мүмкіндіктерінің тең болуы маңызды. Яғни, лотереяға қатысу шарттарының теңдігін қамтамасыз ету аса өзекті пункт. Екіншіден, лотереяны өткізу шарттарының және тираждық лотереялардың жүлде қорының ұтыс ұту ойын нәтижелерін міндетті түрде жариялауы маңызды. Тиісінше, ол болжанатын жариялылықты қамтамасыз
ету болып саналады. Ал, енді осы қағидаттарды сақтап қана лотереяны өткізіп жатқандар аз. Бұл дегеніңіз заң бұзушылық әрекеті болмақ. Ұйымдастырушылар әрқалай келеді. Айталық, көлік компаниялары салоннан жаңа шыққан машинаны ойнатса, ескі бір көлікті нарықта өз бағасына сата алмай, елден жиналған ақшаға өткізуді ойлайтындар бар. Көлікке ие болдым деп бөркіңізді аспанға атқанмен, пәлен теңгеге жөндейтін темір тұлпарға ие болуға тура келеді. Қарап тұрсаңыз, әркім әртүрлі мақсатты көздеп, осындай ойындарды өткізетін көрінеді. Оңай олжаға ие болуды кім жек көрсін. Табандап тірлік етудің орнына күні-түні жеңімпаз болуды тілейтіндердің көбейгені жақсылық емес. Осылай бас пайдасын ойлағандар қазынаға кенеліп жатыр.

Сауалнаманы дайындаған Мөлдір БЕГІМБЕТ, «Заң газеті»

Комментарий