Талқыдағы тақырып

Көпшілік орындарда алдамшы ләззат құмарынан шыға алмай, бір-бірімен құшақтасып тұру, оны селфилетіп әлеуметтік желілерге салу кейінгі ұрпақ үшін бірте-бірте сәнге айналып бара жатқандай

ҒАШЫҚ БОЛУ СОНШАЛЫҚТЫ МАҚТАНЫШ ПА?

Ләйлі мен Мәжнүн, Еңлік пен Кебек, Қозы мен Баян, Жүсіп пен Злиха, Жібек пен Төлеген, Әзілхан мен Нұрғамила (Ербол мен Ментай)… бәрі де ғашық болған. Біз де ғашық болғанбыз. Бірақ, қазіргі жастардың ғашықтығы – бөлек. Олардың кейбіріне қызбен жүру айналасына «мақтаныш» етіп көрсетер «шоу» сияқты. Көпшілік орындарда алдамшы ләззат құмарынан шыға алмай, бір-бірімен құшақтасып тұру, оны селфилетіп әлеуметтік желілерге салу кейінгі ұрпақ үшін бірте-бірте сәнге айналып бара жатқандай. Қымсынуды ұмытқан әдепсіз қыз жігітінің белінен қапсыра құшақтап алады да, есінен адасқан жігіт «міне, көрдіңдер ме, жүретін қызым өзі-ақ мені құшаққа алды» дегендей, сағызын малжаңдаған күйі білегімен сұлуының мойнын орайды. Олардың жанында тұрған жалғыз құрбының «бұларың не?» деп ұяттан өртеніп, ыңғайсыз күй танытқанын көрген емеспін. Бәлкім, мұндай көрініске еттері үйреніп кеткен де болар. Әдеттегі құбылыс түрінде қабылдайтыны содан. Кейде мұндай көрініс адамдар ерсілі-қарсылы өтіп жататын тротуар үстінде де кезігеді. Айналып өтеріңді не өтпесіңді білмей, бетің дуылдап (ия-ия, олардың емес, сенің бетің дуылдап), ыңғайсыз күймен бұрылып кете барасың. Театрда да солай, гала-концертте де солай, саябақта да солай, арбатта да солай… Жастарды білмедім, мұны біз, үлкендер жағы, әдепсіздік деп қабылдаймыз.
Ілгеріде ғашық жігіт қыз ауылына қараңғы түсе, жолдас-жораларымен ұрын келетін. Онда да достарын тыста қалдырып, ғашығымен жеңге көзінше оңаша тілдесетін. Құшаққа алып жармасу, есі кетіп алжасу болмайтын. Ентігіп қалдық-ау деп қыз жеңгесіне «ентікпе», қыз сіңлісіне «көрімдік» ұсынатын. Қызбен сыпайы сөйлесіп, таң қылаң бере әдеп-абыройымен қайтатын. Қазіргідей көше ортасында тұра қалып аймаласпайтын, «бізді көрдіңдер ме?» деп құшаққа алғанын мақтаныш тұтып жағаласпайтын…
Абай атам: «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» деп еді, бүгінгінің жастары ғашықтық ғаламатын қолмен ұстап, құшақпен біліп жүрген сыңайлы…

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий