ВидеогалереяШоу бизнес

«Тупой» адамдар ренжиді»: Ринат Зайытов ән мәтінін талдап берді (ВИДЕО)

Тура осы арадағыдай тайыз ойласақ, онда біз шешелерге тіл тигізген боламыз. Сол секілді бұл арада қыз тудыртқан әкелерге тіл тиді деп ойлау – өте қате нәрсе.

Сайлаудан соң көрінбей кеткен айтыскер ақын Ринат Зайытов отандық телеарналардың бірінен төбе көрсетті. Бірақ бағдарламадағы сөзталқы саясат емес, еркектер жайында болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Астарлы ақиқат» кезекті телебағдарлама тақырыбын Нұржан Керменбаев, Қайрат Нұртас, Төреғали Төрәлі, тіпті қазақ эстрадасының шоқтығы биік әншісі Мақпал Жүнісова, таяуда Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі болған Мейрамбек Беспаевқа да ән жазып берген, кешегі композитор, бүгінгі әнші, «Еркекпін мен» атты хит әннің орындаушысы Ғазизхан Шекербековке арнаған екен.

«Ғазизхан бауырыммен, оның шығармашылығымен танысқаныма біраз жыл болды. Оны Арман Дүйсеновтің студиясында жүргеннен танимын. Кейін «Арман» деген дуэт құрды. Мен оның тек бір әнін жаздым ғой деймін. Бірақ шығармашылығы маған қатты ұнайды. Әрине, сөздері сын көтермейтін әнші көп қой. Бірақ қазір осы жағына қатты мән беретін әншілер бар. Мысалы, Қайнар Алагөзов пен Құрам Олжанов, Ғазизхан мен Ершат бірге жұмыс істейді. Өте сәтті, олардың жұмысы маған ұнайды. Бір жақсысы, бұлар қазіргі жастардың тілін түсінетін, оларды ірітіп алмайтын шығармашылықтың өкілдері», – деді Ринат Зайытов оның шығармашалығына берген бағасында.

Бағдарлама барысында Ғазизхан орындайтын хит әннің мәтіні сарапқа салынды. «Еркектен еркек туар, заң солай» деген жері, әсіресе кеңінен талқылауға түсті. Өйткені көп адам әннің осы тұсы, әсіресе тек қызы бар әкелердің шымбайына қатты батады деп санайды.

Бекжан Әшірбеков, ақын:

«Еркектен еркек туар, заң солай» деген ол адамның биологиялық сипатын айтып тұрған жоқ. Ол мінезін ашуға арналған сөз деп ойлаймын, мысалы «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» деген сарында. Бұл арада жынысқа қатысты ештеңе айтылмайды.

Ринат Зайытов, ақын:

«Жақсыдан жаман, туады итке салсаң алғысыз! Жаманнан жақсы туады, адамға айтсаң нанғысыз» деген қазақта әдемі сөз тіркесі бар. Тура осы арадағыдай тайыз ойласақ, онда біз шешелерге тіл тигізген боламыз. Сол секілді бұл арада қыз тудыртқан әкелерге тіл тиді деп ойлау – өте қате нәрсе. Бұл арадағы туу сөзі де, еркек сөзі де биологиялық сипатты танытпайды. Бұл арада нағыз еркек болуды, еркекше жүруді уағыздау тұр.

Бағдарлама жүргізушісі: «Енді қызы барлар ренжіп жатыр ғой, оларға не дейсіз?

«Енді «тупой» адамдар ренжиді де, әйтпесе не үшін ренжисің? Түсіндіріп айтып жатырмыз ғой, бұл арада ондай мағына жоқ деп. Еркек деген атына лайық бол деген мағына ол. басқа түк емес», – деп жауап берді журналист сауалына Ринат Зайытов.

«Мен ақынға: «Бір ғасырда туатын еркекпін» деген сөзді түзетші дедім. Бір ғасырда бір еркек туса не болады деп. Сөйтіп едім, әр ер адам өзін бір ғасырда туған жалғыз еркек секілді сезінеді, керісінше бұл рух береді адамға, тұрсын деді, содан қалдырдық бұл сөзді», – дейді әншінің өзі.

 

Комментарий