Жаңалықтар | Новости

Болашақ әскерилер алған білімдерін іс жүзінде көрсетті

    Құрлық әскерлері Әскери институты бітіруші курсының курсанттары өздерінің мамандықтары бойынша далалық практикалық сабақтардан өтті. Осылайша, болашақ офицерлер өздерінің теориялық білімдерін іс жүзінде пысықтап, әскери техниканы басқару шеберліктерін шыңдады.  

Олар алып жауынгерлік машиналарды жүргізіп қана қоймай, түрлі бөгеттерден қиналмай өтудің қыр-сырын көрсетіп, жауынгерлік шеберліктерін паш етті. Ұрыс машиналарын тізгендеген бірінші курс курсансаттары алдарында кездескен су бөгеттерін бұзып-жарып өтіп,  қайсар мінез таныта білді. Құрама экипаждар құрамында болашақ жауынгерлер жаяу әскердің жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерінде 100 шақырымдық марш жасады. Ол үшін арнайы әскери институттың оқу-жаттығу орталығында көрсетілімді сабақ ұйымдастырылды.

Жауынгерлік техникадағы марш – бұл жолдар мен лекті жолдар арқылы взводтың немесе ротаның легі құрамынының жай ғана жүрісі емес. Мұнда ең алдымен, маршты жоспарлау және ұйымдастыру бойынша барлық дәрежедегі командирлердің жұмысы маңызды. Ал, курсанттар жауынгерлік машиналарды жүргізу, күрделі жағдайда маневрлеу, әртүрлі кедергілерді еңсеруде табандылық пен батыл қадамдар жасап, өздерінің жас жауынгер деген атқа лайық екендерін іс жүзінде дәлелдеді.

Бұл туралы Құрлық әскерлері Әскери институты оқу бөлімінің бастығы подполковник Жәнібек Сарғазин: – «Маршты ұйымдастыру мен өткізуді зерделеу кезең-кезеңмен өтеді. Бірінші курста курсанттар бөлімше командирінің жұмысы көлемінде, екінші және үшінші кезеңде взвод және рота командирі көлемінде қажетті мәселелерді зерделейді. Болашақ офицерлермен 100 шақырымдық марш оқытудың соңғы төртінші курсында батальон командирі ауқымында өткізіледі», – деп түсіндірді.  

Мұндай практикалық сабақтардың болашақ әскери қызметкерлер үшін маңызы өте зор. Олардың бұл практикалық сабақтарды асыға күтетінін жанарларындағы ұшқыннан аңғарсақ, “білсем, үйренсем, меңгерсем, көрсем” деген талпыныстарымен сырт көзге “бұлар дап-дайын әскери қызметкер” екен деген ой қалдырды. Осы орайда, оқып-үйренушілердің тактикалық, атыс және әдістемелік машығын арттыруға ықпал ететінін, ұрысты ұйымдастыру мен жүргізудегі қабілеттерін жетілдіретінін айта кеткен жөн. Бұл курсанттардың әскерлерге қызметке жолдама алғанда алдарынан шығатыны анық.

Камила ИСКАКОВА,

“Заң газеті”

Комментарий