КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

ЖОҒАЛҒАН АЛТЫН

Байқауға!!!

– Сол күні қызымның туған күніне достары келді. Екі жігіт, үш қыз. Мерейлі дата болмаса да үстел әзірледік, – деді әйел сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғап, – Мен асхана жақта қуырдақ қойып жатқанмын. Қызым Әсел қасыма келіп: «Мама-ау, алдында сіз маған сыйлаған алтын алқаны берші, достарымның алдына жарқырап шығайын», деді. Ол алқаны былтыр жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіргенде мойнына тақтым. Алайда қызым: «Сізде тұра берсін, кейін алармын», деген соң өзімнің шағын қорапшамдағы алтындарыма қосып қойғанмын. Келіп тұрған соң оны қасыма ертіп үйге кіріп қорапшаны жасырып қойған жерімнен алып, алқаны шығарып бердім. Сол сәтте жолдасымның: «Бәтима! Анау қуырдағың күйіп жатқан сияқты, иісі шығып кетті», деген айқайын естіп тұра жүгірдім. Қызым менімен бірге кетті. Содан қонақтарға шәй бердім. Шынын айтсам ертеңіне маған жұмыс болған соң оларды көп ұстағым келмеді. Сөйтіп асығып жүргенде қорапшаны кері орнына қоюды мүлдем ұмытыппын. Бөлмеге біреу кіреді деп ойламаймын ғой. Қонақтар шәй ішкен соң тарады. Олар кеткеннен кейін қарасам алтындарым жоқ. Іздемеген жерім қалмады. Талай жыл тірнектеп жинаған дүнием еді, бір күнде бәрінен айырылдым, – деп ол жылап жіберді.

– Сабыр сақтаңыз, – деді детектив – Күйеуіңіз біле ме? Қорапшаның ішіндегі алтынның сомасы қандай еді?

– Жолдасым байғұс тапқанын маған әкеліп береді. Қайда жұмсап жатқанымды сұрамайды. 1993 жылы ақша ауысқанда банкідегі бар салымым тиын болып қалды. Сосын қандай заман болады деп ауысқан-түйіскен ақшама сатып алып алтын жинадым. Бірде күйеуіме алтындар сатып алғанымды мақтанып көрсеткенімде: «Енді баийтын шығармыз», деп күлген де қойған. Қайтып ол жайлы сөз қозғаған жоқпыз. Балалар оқығанда біразын сатып ақша еткенмін. Қорапшада қалғаны шамамен бірнеше миллион теңгенің заты. Дөп басып айта алмаймын. Ішінде кілең алтын сырғалар, түрлі алқалар, сақиналар, білезіктер бар.

– Демек, ол қорапша көлемді болғаны ғой. Өзіңіз күдіктенетін біреу бар ма? Полиция не деп жатыр?

– Іздеп жатырмыз дейді. Нәтиже жоқ. Келгендерің ішінде бір қыз бұған дейін де ұрлықпен ұсталып, заттың иесі кешірім берген екен. Содан күдіктенеді. Ол болса мойындамай отырған көрінеді.

– Әрине, – деді детектив – Бір рет ұсталды екен деп жеткілікті дәлелдер болмаса оған жаба салу дұрыс емес. Бірақ, кім білген, мүмкін мен қателесіп отырған да шығармын. Сізге қазір бірнеше сұрақ қоямын. Бәрін кішкене деталына дейін бастан-аяқ еске түсіріп жауап беріңіз. Сол күнгі кешті көз алдыңызға келтіріп түгел суреттеңіз.

Оны тыңдағаннан кейін детектив бұл іспен айналысуға келісімін берді.

Күдіктілер

Ертеңіне полиция бөліміне барып тергеушімен сөйлескен, ілік болардай ештеңеге қол жеткізбеді. Ұрлықтың фигуранттары екі жігіт пен үш қыздан жауап алынған.

– Олармен өзіңіз сөйлесіп көруіңізге де болады, – деді тергеуші алынған жауаппен таныстырған соң. Детектив күдіктілермен кездесіп, тағы бір тыңдағанды жөн санады. Бірақ, алдымен Бәтиманың қызы Әселді шақыртты.

– Оларда сөмке болған жоқ. Маған деген шағын сыйлығын пакетке салып әкеліпті. Шығарғаннан кейін пакетті үстел шетіне тастай салдық. Кетіп бара жатып құрбым Жанна мені құшақтап бетімнен сүйді. Оны көріп қалғандары да сөйтті, – деді қыз.

– Олардың ішінен біреуі болмаса біреуі сол бөлмеге кіргенін байқаған жоқсыз ба? Мысалы, жігіттердің қайсысы сыртқа бірінші шықты. Шәй дайын болғанша қыздар да бір орында отырмаған болар.

– Әрине, – деді Әсел, – Келесі бөлмеде үстел құрулы тұрғанымен олардың келетінін кештеу естіген соң кейбір тамақтарды қойып үлгермегенбіз. Қыздар соны тасысты. Жігіттер темекі шегіп келді. Қайсысы бұрын шыққаны есімде жоқ. Алтын тұрған бөлмеге кім кіргенін де көрмедім.

Бірер сағаттан кейін детективтің алдында үріп ауызға салғандай әдемі, үстіне киген киімдері өзіне жарасқан жас қыз отырды. Есімі Гүлсая екен. Ол өзіне қойылған сұрақтарға ашуланып, не себепті күдіктенетіндерін сұрады.

– Өмірде жаза баспайтын адам бар ма? Бір рет қателестім екен, соны бетіме баса бересіздер ме? Мен жаспын! Сіз де мендей болған шығарсыз. Жастық шақта адамға ақыл көп тоқтай бермейді дейді үлкендер. Алайда, сол оқиға маған сабақ болды. Енді өліп кетсем де ондайға бармаймын. Әселдің үйінде болғаным рас! Жақсы көретін құрбым! Мен ол үйден ештеңе алған жоқпын! Осымен сөз бітті!, – деді қыз.

Екінші қыз жүзінен жылу төгіліп тұрған жан екен. Ішке күлімдей кірді. Детектив қойған сұрақтарға да еркін жауап берді. Тергеуге қолынан келгенше көмектесуге әзір екенін де білдірді. Мұны құрбысы үшін жасамақ.

– Рақмет, Жанна! – деді детектив – Қалай ойлайсың, Гүлсаяның ондайға баруы мүмкін бе?

– Не десем екен, – Жанна сәл ойланды – Ол да мүмкін, бұрын сондай қылмыспен тұтылды ғой. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», деген сөз бар. Адам жоғын пайдаланып ала салған да шығар.

– Бірақ ол қорапша шағын нәрсе емес қой, ешкім көрмейтіндей. Қалай әкетуі мүмкін деп ойлайсың?

– Білмедім, бұл енді сіздердің жұмыстарыңыз. Ұрыны табатыныңызға сенімдімін. Өзім бұл ұрлықты жасаған Гүлсая деп ойлаймын.

– Әрине, табамыз, – деді детектив – Оған күмәніңіз болмасын!

Ой құшағында.

Детектив үйге келгеннен кейін сәл тынығып алайын деп төсегіне қисайған, алайда онысынан ештеңе шықпады. Жоғалған алтын, жылаған әйел оның санасын түгел жаулап алды. Орнынан тұрып жұмсақ жиһазға шалқалай отырды да қалың ойдың құшағына кірді. «Тергеушінің айтуынша күдікті бесеудің бәрі де жағдайы жақсы отбасының балалары. Ұрлық жасайтындай күндерін көре алмай жүрген жоқ. Біреудің әлпештеп өсіріп отырған ұл-қыздары. Бірақ, алтынға қызықпайтын адам бола ма? Мүмкін ұйымдасып, ұрлық жасауға алдын ала келіскен шығар? Туған күнді сылтауратып сондай мақсатпен келді ме екен? Жоқ, Бәтиманың айтуынша олар бұған дейін үйлерінде болмаған. Алтын барын білмейді. Бұлардың тұрмыстары да олардікінен артық емес. Шіріген бай болса бір жөн. Әлде қыздың өзі анасының алтыны туралы сөз қозғады ма? Соны естіген біреуі артынан аңдып, алтынды шығарғанын көрген де көздерін ала бере жымқырған. Ол кім? Мені мазалайтын басты сұрақ та осы. Қанша сенгім келмесе де бұл Гүлсаядан келуі мүмкін. Ертең, сол үйге тағы барып, жан-жағын мұқият қарағаным дұрыс болар. Өмір бойы жинаған қазынасынан бір күнде айырылу, пайдасын көрмеу деген сұмдық қой. Стресс алған шығар. Тұра тұр! Кім алса да Бәтимаға ұқсап алдағы күндеріме керек болар деп сақтап қоймайды. Бұл жастар ертеңгі күнін ойламайтындардан. Ойласа мұндайға бара ма? Одан берi бір апта өтті ғой. Сатуы, ломбардқа тапсыруы мүмкін. Әйелді қасыма ертіп оларды аралап шығуым қажет екен. Мүмкін жіптің шеті қолымызға ілінер». Сол түні ол көпке дейін ұйықтай алмады. Таңның атуын дегіберсіздене күтті. Ұзақ жылдар тергеуші болып істеген жігіт ағасы мұның тегін емесін, ертеңгі күннің бір жаңалық әкелерін іштей сезді.

Жол кескен қыз

Таңертең ұрлық болған үйге бармақ ниетпен таксиге отырды. Таксист алпыстарды алқымдап қалған кісі екен. Қайда баратынын сұрап алған соң мінгеннен-ақ әңгіменің кілтін ағытты. Кенет жолдарын бір қыз кесіп, жүргізуші тежегішті бар күшімен басып қалды. Бұл алдындағы терезеге басын соқты. Қатты келе жатқан көлік жаяу жүргіншіні қағып кете жаздап, сырғып барып тоқтады. Қыздың бұлармен шаруасы жоқ. Қолында телефон, құлағында құлаққап. Таксистің көлік терезесінен басын шығарып айқайлап ұрысқанын да естімеген тәрізді. Жәймен жүріп жолдың келесі бетіне өте шықты.

Сабасына түскен жүргізуші бұған бұрылып: – Басыңызды соғып алсаңыз кешірім сұраймын. Қыз бала болмағанда басқаша сөйлесетін едім. Осындайлардың кесірінен талай жүргізуші сотталып кетіп те жатыр. Қағылса оның өзінен емес, бізден көреді ғой, – деді.

– Бірақ сіздің де жолда келе жатқанда мұқият болғаныңыз дұрыс. Әңгіме айтып отырып жаяу жүргіншіні кеш байқадыңыз. Абырой болғанда оны да, сізді де құдай сақтады – деді детектив жәй ғана.

– Өй сен бұларды жақтама, – ашуланып қалған тасист бірден сенге көшті – Бүгінгінің қыздары кілең осындай. Құлаққап қыстырып алса, жолды көруден қалады. Түнімен қаңғиды. Ата-аналары не қарап отыр? Соны айтшы маған. Осыдан бір апта бұрын, түнгі сағат 3-те ешкім болмаған соң үйге қайтайын деп oтырсам қолына пакет ұстаған бір әдемі қыз келе жатыр. Шайтан ба деп шошып кетсем, адам екен. Жеті түнде жалғыз жүр. Мінді де артқы орынға жайғасты. Көрдіңіз бе қазіргі қыздар түнде көлікке жалғыз отыруға қорықпайды.

– Бәрі деп көпке топырақ шашқан ұят болар ағасы. Ибалы, ұяң, мәдениетті, ата-анасының айтқанын тыңдайтын қыздар көп қой. Ол қыз қай жерден міндi?

Бұл сұрақты ол жәй ғана қоя салды.

– Сіз бара жатқан көшеден, – деді таксист.

Тарқатылған түйін

– Сізге өткенде бәрін айтып едім ғой, – деді Әсел таңданыс білдіріп.

– Тағы бір қайталаңыз. Мүмкін бірдеңе ұмыт қалған шығар? – деді детектив.

Қыз келісіп, сол кешті әңгімелей бастады.

– Анаммен бірге асүйге кетіп бара жатып мен есікті итере салдым. Оның толықтай жабылмағанын көрдім. Бірақ, неге екенін білмеймін, соған мән бермеппін. Қайтып келсем әлі сол қалпында тұр екен. Жарықты өшіріп, жауып тастадым. О, құдайым-ай!

Қыз бетін басып отыра қалды.

– Не болды, Әсел? Есіңізге бірдеңе түсті ме?

– Мен бөлмеден шыққанда жарықты өшіріп кеткенмін. Кері келгенімде ол жағулы тұрды. Әкем сыртта қасымызда жүрді. Анам да менімен бірге. Жігіттердің де аулада темекі шегіп тұрғанын көрдім. Үйде қыздардан басқа ешкім болған жоқ…

– Енді маған сіз келгенде қыздар не істеп жатқанын айтыңыз.

– Олардың тамақ тасып жүргенін бұған дейін әңгімеледім. Жанна барлық қоқысты жинап пакетке салып, сыртқа тастауға әкетті.

– Тұра тұр! Қандай пакет? Түсін суреттеңіз!

– Кәдімгі қара пакет! Маған сыйлық салып алып келген.

– Қара пакет дейсіз бе? Жанна үйіне кеткенде қолында осы пакет болды ма?

– Қызық екенсіз, – деді Әсел жымиып – Ол қоқыс салынған пакетті өзімен бірге үйіне әкетіп қайтеді? Ауладағы лас су төгілген шұңқырға тастаған болар. Кетерінде мені құшақтап бетімнен сүйгенін айттым емес пе?

– Шұңқырды маған көрсетесіз бе?

– Бір апта ішінде оған біраз лас жуынды төгіліп, қалдықтар тасталды. Қараймын десеңіз апарайын.

– Жарайды, бармай-ақ қояйын, – деді детектив ойланып, – Пакет онда жоғын сезіп отырмын. Жаңа таксимен осында келе жатқанымда жүргізуші маған осыдан бір апта бұрын, түнгі сағат 3-те бір қыз мінгенін айтты. Ұрлық болған күнге сәйкес келгесін қызығушылық танытып сұрағанымда жүргізуші қызды толық суреттеп бере алмады. Алайда фотосын көрсетсем тануы мүмкін. Қолындағы қара пакет бос емесін де жеткізді. Егер ол Жанна болса жалғыз өзі мұнда неғып жүр? Әлде туысы бар ма? Жаңылмасам олар түнгі 2-ден кете тарағанын айттыңыз. Сонда, шамалы уақытта ол үйіне барып, кері қайтуы мүмкін емес. Ол осында қалған. Кері қайтса кім әкелуі мүмкін?

– Ағай, – деді Әсел – Жанна институтта бір курста, бір топта оқыған досым, жақсы көретін құрбым. Оған тиіспеңіз, ол ұрлыққа бармайды. Жаны таза қыз! Сізге сол күні қасындағылармен бірге кетіп бара жатып бетімнен сүйді дедім емес пе? Қолтығына бірдеңе қыстырып алса байқар едім ғой.

– «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде», деген сөз бар! Сізде Жаннаның фотосы болса біреуін беріңізші.

– Ондай суреттер жеткілікті. Туған күнімде де бірге түстік.

Бірер сағаттан кейін детектив Әселдің үйінде бірге болған жігіттердің бірі, көлік жүргізушісі Мұратпен де сөйлесті. Оның айтуынша Жанна қайтарда көлікке отырғанымен бір үйдің қасына келгенде: «маған үйдегілер нағашымдікіне қона қоярсың, оларға хабарласып ескертерміз деген. Мені күтіп отырған болар. Мынау сол үй» деп, алғысын айтып түсіп қалған. Содан кейін көрмепті. Жігітке детективпен арада болған әңгімені қызға жеткізбеу, анығын білгенге дейін күдік тудырмау тапсырылды. Детектив Мұрат айтқан үйге барып сұрастырып көрді. Олар Жанна деген қызды мүлдем білмейтінін, ол күні өздеріне ешкім келмегенін жеткізді. Қыз сонда қайда жүрген?

Мойындау

Ломбардтардың бірінде суреттегі қызды таныды. Екі күн бұрын алтын білезік әкеліп тапсырған екен. Бәтиманың көзіне де өзінің мүлкі оттай басылды. Жаннаны полиция бөліміне шақырғанда ол өзін еркін ұстады. Біраздан кейін ломбардтағы сатушы мен таксист кіргенде жүзінде абыржу пайда болды. Ломбардтағы сатушының сөзін ол бірден жоққа шығарды.

Сатушы:

– Айналайын қызым! Мені өтірік айтып отыр десең іште камералар бар. Бізге келмесең оған түспейсің. Күнде сіз сияқтылардың талайын көреміз. Ұрланған тауарды сатушы деген атқа қалмас үшін біз әр адамды назардан тыс қалдырмаймыз, – деді. Таксист те бұлтыртпады.

– Сізді бірінші рет көріп отырмын,-деген қызға:

– Ал, мен сізді екінші рет көріп отырмын, – деп оның тұратын мекенжайын айтты.

Бәрін мұқият тыңдағаннан кейін тәжірибелі детектив қыздың бұрын мұндай қылмыс жасамаған адам екенін бірден түсінді. Әккі ұры өзін бұлай ұстамайды. Ол қызға бұрылып:

– Сөзіме құлақ қойып тыңдаңыз! Бастапқыда ұрлық жасайын деген ойыңыз болған жоқ. Құрбыңыздың туған күніне келдіңіз. Сол күні сізді не қара басқанын білмеймін. Далаға шығып жігіттермен әңгімелесейін деп аулаға қарай беттедіңіз. Ұрлық болған бөлменің есігінің арасы ашық тұрғанын көріп, ішінен дауыс шығып жатқанын естіп, сығалап қарадыңыз. Бәтима апайдың әлдебір қобдишаны ашып, Әселдің мойнына алтын алқа таққанын көрдіңіз. Олар сізді байқаған жоқ. Күйеуінің айқайын естіп, жасырынып қалдыңыз. Бәтима мен қызы сыртқа жүгіре жөнелген соң ішке ендіңіз. Жүгіріп барып қобдишаны ашып қарасаңыз, іші толы алтын. Дереу көйлегіңіздің ішіне тыға салып дәлізге шықтыңыз. Көйлегім томпайып тұрған соң біреу көріп қоя ма деп қатты қорыққан да боларсыз. Дәлізде қыздардың біреуі ұшырасып, салулы тұрған салаттарды дастарханға таситынын айтып, сізге оларды әзірлеген үстелдің үстін тазалауды тапсырды. Үстел жанына жетісімен қасындағы қара пакетке көзіңіз түсіп, қорапшаны соған сүңгіттіңіз. Сонда ғана жүрегіңіз орнына түсті. Үстел үстіндегі қоқыстарды целлофанға салып, пакеттегі қорапшаның үстіне орналастырдыңыз. Оны ауладағы шұңқырға салған жоқсыз, керісінше жан-жағыңызға қарап алып, шарбақтың астындағы ашық жерден сыртқа тастадыңыз. Сыртқа қарай қисайтып, қоқысы көрінетін етіп қойдыңыз. Мұныңыз қара пакетті түнде ешкім байқамаса да біреу-міреу алып кетпесін дегеніңіз. Тарқарда Әселді құшақтап бетінен сүйдіңіз. Бұл менен күдіктенбесін деген ойыңыз. Шынында да құрбыңыз бізге осыны айтып сізге шаң жуытпауда. Жігіттермен бірге шығып, «нағашымның үйі» деп өтірік айтып бір үйдің қасынан түстіңіз. Сол жерде біраз кідіріп, қорқынышыңызды сейілттіңіз. Қайтып келіп, пакетті алып, біраз жүрген соң бетіндегі қоқысты тастай салдыңыз. Жалғастыра берейін бе? Әлде өтірік айтып тұрмын ба?

– Жоқ, – деді қыз жылаған күйі, – Бәрі солай болғаны рас! Мойындаймын! Тек біздің үйдегілерге айта көрмеңіздерші. Мен оларға куә ретінде шақыртып жатыр дегенмін. Ата-анама ауыр тиеді. Бір сәттік қателік, ақылсыздық менің тағдырыма балта шапқалы отыр. Алтынның жарқылына қалай арбалып қалғанымды білмеймін. Маған кешірім берулеріңізді сұраймын. Қорапшадағы алтынды түгел қайтарамын. Мені Бәтима апаймен жолықтырыңыздар! Егер кешірім бермесеңіздер өзіме-өзім қол жұмсаймын!

– Өйтіп қорқытпай-ақ қой, – деді детектив – Кешірім беру-бермеуді алтын иелері мен сот шешеді. Сіз бәрін Гүлсаядан көреді, мен құтылып кетемін деп ойладыңыз ғой.

– Иә, одан да кешірім сұраймын!

– Алғаннан кейін неге бірден қайтармадыңыз? Ломбардқа неге тапсырып жүрсіз? «Ұрлық түбі қорлық», екенін ойламадыңыз ба? Сіз алтынды түгелімен сатып жіберсеңіз де, ерте ме кеш пе біз бәрібір ізіңізге түсеміз. Алтын ұрлаған адам да, одан сатып алған жан да түбі бір қателеседі. Біз сол күні қонақтықта болғандардың бәрінің киім киісіндегі, тұрмыстық жағдайындағы өзгерістерге ерекше назар аударып, зерттер едік. Мұны сізге бұдан кейін ұрлыққа бармасын деген оймен айтып отырмын.

– Не деп жауап берерімді білмеймін, – деді Жанна жылаған күйі – Қазір мен өзімді жалынға қызығып, отқа түскен көбелектей сезініп отырмын.

Мүлкін қайтарған соң, Бәтима қызға кешірім берді, бірақ қайтып үйінің де, қызының да маңына жоламауын қатаң ескертті. Бәрінен де жақын құрбысынан тірідей айырылу Әселге қиынға соқты. Кешірім берсе де, жалынды жастық шағын, студенттік жылдарын бірге өткізген досының бұл ісі жанына ауыр соққы болып тиді.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

 

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1 оценок, среднее: 1,00 из 5)

Загрузка...

Комментарий