Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Нан құрамындағы тұз денсаулыққа зиян

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан өнімдерін өндіру жөніндегі эксперименталдық-өндірістік цехы  тұзы аз мөлшердегі нан өнімдерін өндіре бастады. Оған себеп нан өнімдеріндегі тұздың денсаулыққа орасан зор мөлшерде нұқсан келтіретіндігінде.

Осыған дейін, «Қоғамдық денсаулық сақтау» ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты-салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында тұз мөлшерін азайту бойынша нан-тоқаш өнімдерінің рецептурасын өзгерту. Басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер бұл бастаманы  қолдайды деп жоспарлап отыр ҚазАТУ лық мамандар.

«Нан өнімдерінің құрамында тұзды жоғары денгейде тұтыну семіздік, ІІ типті қант диабеті және онкологиялық аурулардың кейбір түрлері, артериялық гипертензия, инсульт, инфаркті қоса алғанда жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуына әкеп соғады. Бұл мидицина ғалымдары тарапынан дәлелденіп отыр. Сол себепті біз жастарымыздың денсаулығына қамқор болу мақсатында істі өзімізден бастап отырмыз» – дейді, Тамақ және қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Техника ғылымдарының докторы Нурбиби Советқызы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша Қазақстанда тұзды тұтыну әлем бойынша ең жоғары деңгейде.

«Қазіргі уақытта біздің орталық «Нұр Отан» партиясының астанадағы филиалымен бірге нандағы тұз мөлшерін азайту бойынша ірі нан-тоқаш өндірушілерімен жұмысты бастады. Ірі өндірушілерден бөлек, аталмыш акцияға кішігірім наубайханалар да қосылуға ниет білдіруде», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев.

ДДҰ ұсынған межеден қазақстандықтар тәуліктік дозадан 3 еседен артық мөлшерде қолданып келеді. Демек біздің елдің әр тұрғыны кем дегенде тәулігіне 17 грамм тұз пайдаланады екен. Негізінен күніне 5 грамм тұз тұтыну керек. Мамандардың айтуынша, тағам өнімдеріндегі тұздың мөлшерін азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан бастау неғұрлым тиімді болып отыр.

BAQ.KZ
Фото: дерек

Комментарий