Судья мінбері | Судебная система

Дана билердің дара билігі жаңғыруда

Елбасы Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат туралы  тұжырымдамасында  азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуды тапсырды. Өткенге көз салсақ, бабаларымыз дау атаулыны барлық уақытта тараптардың өзара келісімімен бітіріп отырған. Дауласушылар үшін билер кесімі заң болған. Дана билердің осы дара билігін жаңғырту мақсатында ел заңдары жаңартылып, нақты тапсырмалар жүзеге асты.

Атап айтқанда, Медиация туралы заң, Азаматтық процестік кодекс толықтырылды. Бүгінде заң талабына сай, соттар процестің барлық сатысында тараптарға дауды реттеуге жәрдемдеседі. Бұған қоса ҚР Жоғарғы Сотының бастамасымен медиацияны одан әрі дамытып, қолданылу аясын кеңейту мақсатында түрлі жоба өмірге енді. Еліміздің барлық аумағында татуласу орталықтары құрылып, онда дауды сотсыз, өзара келісіммен бітірудің артықшылықтарын азаматтарға медиаторлар мен судьялар, адвокаттар, нотариус­тар, психологтар, сот орындаушылар, т.б. біріге  түсіндіруде.

Соттар медиацияға тікелей атсалысуда. Мысалы, Жоғарғы Соттың  «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында азаматтық даулар сот ісін жүргізудің ең бастапқы, соның ішінде талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы реттелуде. Республика көлемінде әртүрлі азаматтық істер бойынша келісімдер саны артуда. Судья-медиаторлар да татуластыру рәсімдері арқылы дауларды келісіммен бітіруге бар білім-біліктерін жұмсауда. Сотқа жүгіну әр адамның заңды құқығы дегенімен, қарапайым азаматтар медиацияның уақыт пен қаржыны үнемдеудегі тиімділігіне көз жеткізе бастады.

Азаматтық істерде келісіммен біткен отбасы-неке, ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік беделді қорғау, құқықтық қатынастардан туындайтын, т.б. даулар басым. Жылдап соттасып жүргендерді келістіру өте қиын. Сондықтан, әрқайсысына медиацияның пайдасын жеткізе білу үлкен шеберлікті талап етеді. “Татуласу: сотқа дейін, сотта” пилоттық жобасын жүзеге асыру аясында келесідей механизмдер әзірленген: неке-отбасы қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді жасағаны үшін қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді сотқа жолдамас бұрын полиция қызметкерлері кәсіби емес медиаторды дауды қарауға кірістіреді, яғни, тараптарға дау-шарды сотқа дейін медиация тәртібімен реттеуге мүмкіндік береді. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық инстанциялардың соттарында соттың кеңесу бөлмесіне кетуіне дейінгі сот талқылауының кез-келген кезеңінде, сонымен қатар, сот актісін орындаған кезде жасалуы мүмкін және ол сотпен бекітіледі. Дау медиация тәртібімен реттелген жағдайда жәбірленушіге сотқа келу міндет емес, оған тек іс құжаттарына медиация тәртібімен дау-шарды реттеу туралы келісімді ұсынып, тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты істі тоқтатуға және істі өзінің қатысуынсыз қарауға келісімі бар жазбаша өтініші тіркелгені жеткілікті.

Құқықтық мемлекет құруға ұмтылған қоғамда кез келген қарым-қатынастың дауға ұласпағаны абзал. Дау келісіммен біткен жағдайда екі тарап та  ұтады. Жоғарыда айқанымыздай, уақыт пен қаржы үнемделеді. Ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Айтыс-тартыспен жүріп адамдар қаншама күйзелістік жағдайға ұшырайды. Сондықтан, дауды азаматтардың келісе отырып бітіруіне мүмкіндік жасалуда. Жоба бойынша кешенді жұмыстар нәтижесінде дауларды шешудің мәдениеті қалыптасады, моральдық және материалдық шығындар азаяды, даукестіктің деңгейі төмендейді және құқық бұзушылықтың алдын алуға болады.    Басты жетістігіміз – біз сотқа кез келген себеппен бара беретін дағдыны өзгерттік.
Судьяның мақсаты екі жақты келістіріп, соттан риза болып шығуларын қамтамасыз ету. Осылайша сот жүктемесін билер жолын жаңғырту арқылы азаютудың маңызы зор десек, татуласу – дауды шешуде ең тиімді әдіс екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

 

Ерлан Бақытжан,

Ырғыз аудандық сотының төрағасы

Ақтөбе облысы

 

Комментарий