Жаңақорған ауданының сегіз жасар тұрғыны Ажар Жүсіпәліқызы медициналық көмекке мұқтаж. Әлі күнге дейін мектепке бармаған кішкентай қызға дәрігерлер толық диагноз қоймаған. Кішкентай қыздың анасы Базаркүл Кененбаева дәрігерлердің табалдырығын тоздырып, Ажарға қажетті көмекті ала алмаған деп хабарлайды “КТК” арнасының “Дау-дамайсыз” бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
“Толық сөйлеп, ести алмайтын оның келешегі не болмақ? Адам тіпті есігінің алдындағы итін қимайды ғой. Басындағы ісігі күннен-күнге үлкейіп барады.
Дәрігерлерге сенбеймін. Олар сегіз жыл қарамағанда, өлтіре салудан тайынбайды”, – деп жылады Ажардың әкесі.
“Бізді моншаға да кіргізбейді. Адамдар қорқады. Қызымды көшеге алып шықсам: “Неге қызыңызға көзілдірік кигізбейсіз”, “Астагфирулла” деп жүрегімізді ауыртады. Қызыма логопед сұрағанмын. Бірақ бермей жатыр. 2016 жылы арыз жазып, қызымды үйден оқытпақ болдым. Қызым айнаға қарайды да, ызаланып жылайды. Оны көріп, мен жылаймын“, – деді Ажардың анасы Базаркүл Кененбаева.
“Бұл қыз туа бітті жүрек ақауы, экзофтальм IV дәрежесімен, тағы да бірнеше дерттермен туылған. Баланың дамуы кеш жүріп жатыр. Невропатология жағынан ем алып отыр. Ал мүгедектікке берілетін жәрдемақы екі жылға беріліп отырады. Осы қараша айынан бастап тоқтау себебі – Ажар жүрек ақауымен жәрдемақы алып жүрген. Енді қайта өткіземіз”, – деді невропатолог Кенжеқыз Қалыбаева.
Сондай-ақ, сегіз жасар қыздың медициналық парақшасына үйден білім алу керектігін жазған дәрігер ол жайлы Ажардың анасына түсіндіріп айтпапты.
“Барлығын толық тексеріп, бір ай көлемінде шешім шығарамыз. Кінәлі адамдардың барлығын жазалаймыз”, – деді Жаңақорған аудандық амбулаториялық емханалық қызметі бар аурухананың бас дәрігері Яхия Шорабаев.
Комментарий