Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Экономикалық өсім туралы ертегі айтуды ғана білесіздер!»: 16 жастағы қыз саясаткерлерді сынады (ВИДЕО)

«Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді. Ал егер сіздер сол сенімді ақтамасаңыздар, біз сіздерді ешқашан кешірмейміз. Жазадан құтыла алмайсыздар», – деді жас қыз.

Швециялық Грета Тунберг Нью-Йоркте БҰҰ саммитінің экология мәселелеріне арналған сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды sputniknews.kz. 

Оқушы ашу-ызаға толы сөзін БҰҰ-ның саммитінде айтты. Ол бірнеше жыл бұрын экология мәселелеріне қызығушылық таныта бастаған. Ол саясаткерлерден табиғатқа кесірін тигізуді тоқтатуды талап етті.

«Сіздер бос сөздеріңізбен менің балалық шағымды, армандарымды ұрладыңыздар. Қайта менің жолым болды деуге болады. Өйткені кейбір адамдардың жағдайы бұдан да қиын. Экологиялық жүйе тас-талқан болып жатыр. Алайда сіздер тек ақша мен экономикалық өсім туралы ертегі айтуды ғана білесіздер», – деді Грета көзіне жас алып.

Грета Тунберг биліктің өскелең ұрпақтың үмітін ақтамағанын атап өтті. Сондықтан жастар мұны сатқындық деп қабылдайтынын айтты. Өйткені экологиялық жағдайды шешуге тура келіп отыр.

«Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді. Ал егер сіздер сол сенімді ақтамасаңыздар, біз сіздерді ешқашан кешірмейміз. Жазадан құтыла алмайсыздар», – деді жас қыз.

Грета Тунберг кім?

Грета Тунберг (Greta Thunberg) 2003 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген. Швециялық актер мен опералық әншінің қызы. Депрессия мен психикалық проблемалардан соң экология мәселесіне қызығушылық таныта бастапты.

Ол отбасының еттен бас тартуына себепкер болған. Сондай-ақ, ұшақпен де ұшпайды. Грета Нью-Йоркке желкенді қайықпен жеткен.

Грета Тунберг БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш және актер Арнольд Шварценеггермен де кездесу өткізген.

Time журналы 2018 жылы Гретаны әлемдегі ең беделді 25 жасөспірімнің тізіміне енгізді. Биыл Швецияда жыл әйелі атанды.

Комментарий