ДетективКОНКУРС ДЕТЕКТИВ

БАЙҒЫЗ «ЖЫЛАҒАН» ТҮН

Жер жаһанды табаға салып қуырып алардай аптаптың беті қайтып, өрттей қызарған күн көкжиекке қонақтаған сәтте қайдан пайда болғаны белгісіз батыс жақтан көтерілген алқызыл шапаққа малынған ұлпа бұлт тас төбеге ойнап шыға келген. Дәл осыны күтіп тұрғандай алдымен солтүстіктен азынап жел соғып, соңы алай-дүлей болып кеткен. Ішін тартып, ышқына соққан жел жапандағы жалғыз үйдің туырлығын желпілдетіп, керегелерін сықырлатып жіберді. Адуын боран киіз үйді тақияша ұшырып әкетер ме қайтер еді, желбауға байланған екі-үш қап бидайдың салмағынан алты қанатты үйді орнынан көтеріп әкетуге мұршасы келмеген тәрізді. Әбдіренің үстіндегі ондық шамның жалпылдаған жалыны уілдеген желмен әлсін әлі сөніп барып қайта түзеледі. Костюмінің етегін жел кеулеткен Есенгелді сыртқа шығып маңайына қарап еді, жер-дүние көшіп бара жатқандай, жаздың аптабы күйдірген қаңбақтар иен даламен жөңкіліп барады.

Тоқымдай ұлпа бұлттың бірте-бірте тұтасып, белге айналғанына қарап тұрып, «мына жел жуық арада тоқтамайды» деп ойлады Есенгелді. Бетін сабалап, жүрісін тежеген желге қарсы жүріп, қам кесектен соғылған қораны бір айналып, есіктің орнына қойылған ергенекті әрі-бері ырғап, байланған жіпті байқап көрді. Көктұма сайының әп сәтте астаң-кестеңін шығарып, жын ойнағын салған дауыл әлден соң ғана моп-момақан сабырлы қалпына түскен. Сәлден соң қабағын қайта түйіп, түнерген аспан ортасынан опырылып түсердей күн күркіреп, найзағай ойнағанда көптен бері төсек тартып жатқан Есенгелдінің әкесі Байділда «біссімілласын» айтып, жаратқанға сыйынып алды. Бағаналы бері маңайына кәрін төгіп, ызасы бойына сыймай тырсыйған долы табиғат та шаққа шыдап тұр екен, көз жасын көлдетіп қоя берген. Қас қағым сәтте жер-дүниені сілкілеп алған дүлей күш әлден соң ғана демін алған.
Түк болмағандай, аспан шайдай ашылып, жұлдыздар жымыңдап қоя берген. Алтын теңге Ай қазбауыр бұлттардың арасымен жүзіп барады. Темір кереует сықырлаған. Әлгі Бақкелді келмеді ме,– деді ентіккен Байділда. Темір пештің қомағай көмейіне отын салып отырған әйелі күйеуінің сауалын естімеді ме екен, қайдағы басқа бір әңгімені айтып, күңкілдеп кетті:
– Қараң қалғыр, осы таудың қуысында сүйегіміз қурап қалатын шығар, малмен мал болып кеттік ғой, не рахат. Алпысты алқымдаған Айсұлудың мына өмірге өкпелі екендігі темір пештегі сатырлап жанған отынды көсеумен шапшаң қағыстырған қимылынан анық байқалды.
– Әй, артыңды жауып отырған осы бес-алты тұяқ шығар, – деді деміккен Байділда.
– Көгермегір қайда жүр екен,– деді жүзіне темір пештегі отынның сәулесі түсіп, нұрланған Айсұлу. Жылқы іздеп кеткеніне екі-үш күн болса да бір хабарын бермей, із-түзсіз кеткен үлкен ұлына налыған түрі болса керек. – Сол бес-алты жамандатқырды қарамай-ақ қойса да болатын еді ғой. Жау жейді дейсің бе? Ашу қысқан әйел самаурынның ұңғысына темір пештен екі-үш шоқты салып жіберіп еді, сары жез «ойбайлап» қоя берді.
– Иесіз қалғыр, мына неме де боздап қалды ғой түге. Қолындағы көсеумен ызыңдаған самаурынның қақпағын қағып-қағып жіберді. Шамның жарығы мен самаурынның ұңғысынан шыққан жалынның сәулесі Айсұлудың маңайындағы қатпарланған әжімдердің тереңдеп, бір кездердегі реңді келіншектің орнында күтім көрмегендіктен өңі азып, тоза бастаған жүдеу әйелдің отырғанын анық көрсетіп тұр еді. «Осыдан қырық жыл бұрын қандай еді». Байділда тамсанған. Ол кезде Байділда Алматы мал дәрігерлік институтында оқитын. Қасы көзі қиылған жігіт. Бірде осы Айсұлумен танысып, өлердей ғашық болды. Бойжеткеннің қарлығаштың қанатындай қиылған қасы мен боталаған жанары, ептеп езу тартқанда бетінде пайда болатын кішігірім шұңқыр Байділданы өзіне ынтықтырып, сиқырлап байлап тастаған еді. Бірақ, сол тұңғиық жанардың түпсіз тереңінен әлдеқандай мұңның табы сезіліп қалатын. Хан тәңіріндей асқақ сұлудың тал бойына жарасатын тәкаппарлығын басып, тауанын қайтарып тұрған қандай нәрсе? Көп кешікпей оның да жауабы табылған. Айсұлудың аяғы ауыр екен. Байділдадан емес, басқа біреуден. Не істеу керек? Ақыры әрі ойланып, бері ойланып, үйленуге бел буды. Бастапқыда Айсұлу көнбеді.
– Жоқ, Байділда, кейін осы мінімді өмір бақи бетіме басып өтесің. Біреудің баласы біреуге бала бола ма? Түсіне білсең, мен өзге адамның тісі тиіп, жартылай желінген алмамын.
Алайда бұл сөздер Байділдаға әсер ете қоймады. Төртінші курстың соңын ала үйленіп, ауылдан оқуға жалғыз аттанған Байділда үшеу болып Көктұмаға оралған. Бастапқыда мал дәрігері, одан кейін кеңшардың бас малдәрігері болып қызмет атқарды. Кішкентай сәбидің атын әкесі марқұм:
– Отбасыларыңа осы бала бақ әкелсінші деп Бақкелді қойды. Бақкелді төртке толып, жүгіріп жүргенде шешесі марқұм:
– Мына баланың жағы шығыңқы екен, сірә да нағашыларына тартқан болды-ау шамасы,– деп қойған. Байділданың жүрегі шым ете қалған. Әлде шешесі марқұм бір нәрсені сезді ме
екен. Бірақ, обалы не керек, кемпір мен шал Бақкелдіні алғашқы немереміз деп басынан құс ұшырмай мәпеледі. Кейін Айсұлу Бота мен Есенгелдіні дүниеге алып келді. Одан кейін қайтып құрсақ көтермеді. Байділда тағы да бір нәрестенің иісін иіскегісі келіп еді, Айсұлу көнбеді.
– Керек пе, өзің босанып ал! Бала көтеруді оңай деп ойлайсың-ау, сірә да. Сол Бақкелді кейін ыздиып жігіт болып, әскерге барып келді. Есенгелді екеуі тете болып өсті. Қызық болғанда былтыр ағасынан бұрын інісі үйленді. Байділда дүркіретіп той жасап, тарыдай шашылды.
– Жанаржан етің пісіп қалды ғой деймін, қамырыңды жая бер, – деді Айсұлу басына шымқай қызыл орамал тартып, ұн елеп жатқан көкөрім келіншекке қарап. Есенгелдінің әйелі осы. Өткен жылы шаңыраққа келін болып түсті. Есенгелді екеуі ауылда тұрады. Жазғы демалыста осында келіп көмектеседі. Негізі малдың иесі – Бақкелді. Інісінің өзінен бұрын ерте
үйленгенін ар көре ме екен, соңғы кездері үлкен ұлдарының мінезі күрт өзгерген. Ара-тұра ішіп алып, қисалаңдап келіп тұрады.
– Бәтшағар, араққа үйір болсаң, жетісерсің, – деді Байділда түбі бөлек Бақкелдіге артық сөз айтсам, ренжітіп алармын деген оймен. Сатырлап жауып өткен жауыннан соң денесі дел-сал болып терлеген сайын даладан көк шөптің иісі келеді. Құлаққа алыстан талып жеткен байғыздың сұңқылдаған үні дәл үйдің жанынан естілгенде Есенгелдінің тұла бойы мұздап
сала берген. У-у-у-у-х. «Жамандығың басыңа көрінгір». Байғыз ішін тартып «жылайды».
– Жанар, қос ауызды алып берші,– деп еді, іштен әкесінің:
– Ақымақ болмаңдар, байғыздың киесі ұрады, ол Мұратәлі ғой, Мұратәлі мұратыңа жет десең, өзі кетеді, – деп келіні ұстай берген мылтықтың дүміне жармасқан. Өзі ыстаны ағараңдап сыртқа шықты. Соңынан Айсұлудың:
– Әй, мына әкең құлап қалмасын, –деген дауысы шығып қалды. Жарым жартылай ашылған есіктің табалдырығынан аяғын әлтек-тәлтек басып аттаған Байділданы қаракөлеңке үй
ішіне өлімсіреп түскен ондық шамның жарығы мен ай сәулесі әруақ сияқтандырып жіберді. «Мұратәлі мұратыңа жете ғой». Байділда қора жаққа қарай қолын ербеңдетті. Есенгелді ат тұяғының дүбірін естіп, қораны айнала берген кезде маңдай тұстан мылтықтың гүрс еткен дауысы естіліп, көз алдынан от шашырады. Әрі қарай ешнәрсені сезбеді. Есенгелді кескен
теректей сылқ ете қалды.
– Ойбай, тағы не боп қалды. Үй ішіндегілер дүрлігіп, қора басына қарай жүгірген. Алдымен Айсұлу жеткен. Көкірек тұсы қанға боялған Есенгелді сұлқ жатыр.
– Құлын-ем қандай сұмдыққа тап болдық! Айсұлу баласын құшақтай құлады. Әп-сәтте у-шу болып қалды. Жанар үйдің жанындағы қырдың басына қарай жүгіріп, полицияға хабар берген. Арада бір сағаттай уақыт өткен кезде таудың қуысындағы қыстауға полициясы мен жедел жәрдемі бар топ сау ете қалды. Түн қараңғылығымен түртінектеп жүріп,
оқиға орны мен маңай тексерілді. Есенгелдінің көретін дәм-тұзы мен жарық сәулесі таусылмаған екен, оқ сол жақ кеудесін жарақаттап, жүректің тұсынан өткен. Көп қан жоғалтқан екен, ауруханаға алып кетті.
– Қайта құдай сақтапты, оқ жүрекке екі сантиметр жетпей қалыпты, –деді жедел жәрдемнің дәрігері. Айсұлу баласымен бірге кетпек болып еді, төсек тартып жатқан күйеуінің жағдайын ойлап, келінін жіберді. Таң атысымен аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Күмісбек пен сарапшы криминалист Сапар оқиға орнын жіті тексеріп, оқтың жүз метрдей жерден
атылғанын анықтап, майдаланып кеткен қағаз қиындыларын тауып алды. Сірә да патронға салынған дәріні тығындаған газет қиындысы болса керек. Тергеуші қағаз табылған жердегі шиырланған ат тұяғының іздеріне қарап, мылтық ат үстінен атылған деп алғашқы қорытындысын жасады.
– Кәке, – деді Сапар өзінен лауазымы да, жасы да үлкен Күмісбекті көтермелей сөйлеп. – Аңғардыңыз ба, аттың алдыңғы тұяғына қағылған тағаның оң жақ шеті желінген. Сонысына қарағанда Есенгелдіні қарауылға алған адам шүріппені басар кезде ат қозғалып кетіп, оқ нысанадан мүлт кетсе керек. Сонда түн жамылып оқ атып жүрген адам кім? Қаруға жасалынған баллистикалық сараптама оқтың он алтыншы калибрлі мылтықтан атылғанын көрсетіп берді. Ондай қару таудың қуысында мал бағып отырған екінің бірінде бар. Есенгелдінің өмірбаянымен танысып көрді. Алып бара жатқан дерек жоқ. Жоғары оқу орнын сырттай бітіргеннен кейін ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасқан. Сөйлескен адамдарының бәрі Есенгелдінің бөтен мінезі жоқ, біртоға жігіт екенін айтып берді. Шылқып тұрған байлығы жоқ ауыл мұғаліміне кімнің қастандық жасауы мүмкін? Жедел тергеу тобы барлық жорамалдарды тексерді. Бұдан екі жыл бұрын осы Есенгелді көрші Бейсенбектің мектепті енді бітірген қызын алып қашып, соңы үлкен дауға айналып, ақыры ағайын туыстың араға түсуімен зорға аяқталған. Жөн сұраса қалса, жалпылдап амандасатын қағылез Бейсенбекті ауыл адамдары былай тұрсын, сақалы сауқал тартқан қариялардың өзі танымай жүр екен. Өңі өрт сөндіргендей Бейсенбек алдынан өтуге келгендерді есіктің алдында бөгеді.
– Байділданың тұқымын тұздай құртамын, мен оның құрт аурудан тұрғандай ілмиген баласына қыз алып қашқанның қандай болатынын көрсетейін. Менімен құда болғысы келіп жүр екен ғой, боларсын, «мә», – екі саусағының арасынан бас бармағын қылтитып шығарды. – Иттің баласын түрмеде шірітпесем, атым өшсін. Балжан, милицияға хабарладың ба,– деді сосын күйеуінің мінезінен жасқанып состиып тұрған әйеліне қарай айқайлап.
– Телефон шал, тез жетсін. Топтың алдындағы шоқша сақалы күмістей Төребек алға қарай ұмсынып:
– Бейсенжан-ау, – дей беріп еді ашу қысып, түтігіп тұрған Бейсенбек шарт етіп, мына тұрған адам кешегі әкесінің көзін көрген үзеңгілес жолдасы-ау деп те именбеді, күбіжіктеген шалды қауып алды:
– Төке, сіз бұл тірлікке араласпай-ақ қойыңызшы, сыйластықпен үйіңізге қайтыңыз, әйтпесе істің соңы насырға шабуы мүмкін, – деп доқ көрсеткенде сақал сауған бес-алты шал «мына кәпірдің беті қатты екен» деп Бейсенбектің темірдей мінезінен түңілді. Тек Төребек қана:
– Ау, айналайын-ау, бүлінген еш нәрсе жоқ, қызыңмен араларында бұрыннан сыбыр-күбір әңгімелері бар екен, – деп сипақтатып келе жатыр еді, тұтыға сөйлеп, аузынан түкірігі шашыраған Бейсенбек мұндай сөзге иліге қоймады:
– Байділдаға сәлем айта барыңыз, бір сағаттың ішінде миллион теңгені алақаныма салып, аяғыма жығылмаса, баласын он жылдан кейін көретін болады. Сол күні тойға деп тірнектеп жиналған ақша Бейсенбектің алдына тасталған. Осы оқиғаны Есенгелді ұмытқанымен, Бейсенбектің ұмытпауы да мүмкін ғой. Үйі де қашық емес. Жедел топ жолға жинала бастаған
кезде үш күн бойына дерегін таптырмай кеткен Бақкелді де қара көрсеткен. Суыт жеткені астындағы қарагердің омырауының ақ көбікке малшынғанынан байқалып тұр .
– Бейсенбектің қанын ішпей тынбаймын. Бұл сол хайуанның тірлігі. Қызын алып қашқанының кегін қайтара алмай жүр ғой, сірә. Қырым етігінің қонышын тобылғы сапты қамшысымен сабалаған баласы тап қазір Бейсенбекті майып ететіндей шешесі ұлының шаужайына жабысты:
– Балам, ақымақ болма, заңға шатылып кетесің. Біреуіңнің оққа ұшқаның аз ба? Тергеуші ат тұяғының жерге баттиып түскен бедерін көрсетіп еді Бақкелді:
– Ә, иттің баласы мынау сол Бейсенбектің тірлігі. Оған енді күмәндарыңыз болмасын, соның торысының сол жақ тұяғындағы тағасы желініп, тосырқап жүргенін талай көргенмін. Қазір барсаңыздар торы ат үйінің маңайында жайылып жүр,– деді. Қораның қиын тазалап жүрген Бейсенбек полицияның белдеуінде қызыл жолағы бар көлігін көргеннен кейін кір-кір қолын костюмінің етегіне сүртіп қарсы жүрді. Жүзінде қобалжу бар.
– Ассалаумалайкүм,– деді келгендерге қолын созып. «Ассалауы» естілгенімен «малайкүмін» толық айтпай жұтып қойды.
– Мылтығыңыз бар ма,– деді Күмісбек.
– Бар, бар жай ит-құстан қорғану үшін алып жүрген қосауыз бар.
– Зибаш, алашаның артында тұрған мылтықты алып келші,– деді сосын ошақ басында нан көміп жүрген әйеліне дауыстап. Іле-шала ол жақтан:
– Сығырың құрғыр-ау, жоқ қой, – деген әйелінің үні естіліп қалды. «Құданың құдіреті жер жұтып кетті ме екен, қай бір күні ғана ұстап едім ғой» деп күңкілдеген Бейсенбектің өзі жүгіріп кетіп, әлден соң қайта шықты.

– Орнында жоқ, ұрлап кетіпті, –деді сасқалақтап.
– Кім ұрлайды?
– Ит білсін…
Сонадай жерде жайылып жүрген торыны алдыртып, тағасын тексеріп көріп еді, жартылай желінген тағаның бедері оқиға болған жерден табылған ізге сәйкес келіп тұр. Күмән көбейген.
– Бізбен бірге ауданға жүресіз, –деді Күмісбек.
– Бұл Байділданың тірлігі ғой, –деп күңкілдеді Бейсенбек көлікке мініп жатып. Бейсенбек ұсталғанымен қару табылмады. Жергілікті учаскелік инспектордан бастап бәрі де мылтықты іздеуге кірісіп, дала кезіп кетті. Онсыз күдіктіге қалай айып тағасың. Сынған таға ма? Атты өзге біреудің мініп кетіп, кейін бос жібере салуы да мүмкін ғой. Әлде бұл Бейсенбектің есеп айыру үшін жасап отырған кезекті амалы ма екен?
Ұстатпайтын сауал көп еді. Екі тәуліктен кейін сай-сала мен тау-тасты кезіп шыққан жедел топ жартастың қуысынан қос ауыз мылтықты да тапты. Сараптама қарудың шүріппесінде саусақтың ізі қалмағандығын, сірә да оқ атқан адам барынша сақтық шарасын жасағанын көрсетіп берді. Тек мылтықтың дүмінен Бейсенбекке тиесілі саусақтың ізі шыққанымен оның алақанынан оқ-дәрінің тозаңы табылмады. Әлде Бейсенбек қолын жуып үлгерді ме? Жинақталған дәлелдер Бейсенбекке айып тағуға жеткіліксіз еді. Енді торы аттың екі бүйірінен тер сығындылары алынып, қос ауыз мылтық облыс орталығындағы кешенді сараптамаға жіберілді.
– Айналайын-ау, айналдырған апта ішінде аяқтайтын істі сағыздай созып жүріп алдың ғой тіпті. Ненің сәтін күтіп жүрсің? Мылтық та, оның иесі де, қажет десең, күдіктінің саусағының ізі де табылды емес пе? Басқа не керек? Жәбірленуші Есенгелдінің Бейсенбектің қызын алып қашқаны рас па, рас. Қазақ қыздың абыройы мен ар-ұятын арыдан ойлайтын халық. Арада жыл өткенмен ішіне кек түйген Бейсенбек соны ұмыта қойды дейсің бе? Оқиғаның бәрі көрініп тұр ғой. Бөгелетіндей еш нәрсе жоқ, айыптау актісін жазып, прокуратураға жібер, әйтпесе істі облыстық департаменттің тергеу басқармасына жібереміз, – деді басқарма бастығы, полиция подполковнигі Алдан Атамұратов. Бастықтың түсі қатулы еді.
– Солайына солай ғой, тек Бейсенбектің оқ атқанына күмән көбейіп тұр. Мылтықтың иесінің сол екені рас. Алайда торы аттың екі жақ үзеңгі қағар жақтарынан алынған тер сығындылары басқа адамға тиесілі болып тұр емес пе? Демек, қылмыс жасаған басқа адам. Бірақ, кім ол? Бағаналы бері алдындағы қағазға шұқшиып отырған подполковник басын
көтеріп алды.
– Оны тергеуші сен білмесең, мен қайдан білейін, бұл сауалға жауапты сен іздеуің керек. Бір апта ғана уақыт беремін, қылмысты аша алмасаң, өз обалың өзіңе, –деді ішкі істер басқармасының бастығы «осымен әңгіме тәмам» дегендей үстелді сарт еткізіп. Оқиға орны мен куәлардан қайтара жауаптар алынды. Сарапшы Сапар қағаз қиындыларының аудандық газеттен алынғанын айтты. «Аудан еңбеккері» газетіне жұрттың бәрі жазылады. Байділда да, Бейсенбек те алып тұрады. Кімнің мұндай қағазды патронға салынған дәріні тығындауға пайдалануы мүмкін?
– Баяғы кеңес заманында дайын патрондар кез келген дүкенде сатыла беретін. Қазір ғой, жұрт патронға өздері тұтатқыш салып, дәрі тығындап, бытыра салады,– деді Байділда қарт. –Ондай әдісті Бақкелді де қолданады. Тергеуші Бақкелдінің мылтығына сараптама тағайындаттырып көріп еді, қарудан таяу маңда оқ атылмағаны анықталды. Оқшантайдағы бір-екі патронды тексеріп көрді, бәрі де қағазбен тығындалған. Сол баяғы аудандық газеттің қиындылары. «Өз бауырына қастандық жасап жүрген Бақкелді болмасын… Бірақ, оған қандай негіз бар? Мүмкін емес. Бір әке, бір шешенің перзенттері емес пе? Бір патронның тығынынан «малшы» деген жазуы бар газет қиындысы шықты. Сапар оқиға орнынан табылған қағаз бен патрондардағы қиындыларға сараптама жасаттырғанда аудандық газеттің №41 нөміріндегі «Малшы ауылдың көрінісі» атты мақаланың тақырыбы пайда болған. Күмән көбейген. Сонда өз бауырына оқ атып жүрген Бақкелді болғаны ма? Не үшін? Әлде өзге адаммен шатастырып алды ма екен? Тергеуші Күмісбекке мұндай күдік мүмкін еместей көрінген. Солай бола тұрса да Бақкелдіден жауап алынды.
– Қарағым-ау, бауыры өлімнің аузында жатқанда енді туған ағасынан күдіктенейін дедің бе? Мына өмірде әділдік деген атымен жоқ шығар сірә да! Айсұлу дауыс салып, жылап, үйді басына көтерді. Күмісбек:
– Апа, сабыр етіңіз, біз үшін бәрі де күдікті, –дегеннен кейін ғана сабасына түсті. Тергеуші Бақкелдіге қараған:
– Үш күн бойы қайда болдыңыз?
– Қайда болушы едім, жылқы іздедім?
– Тау-тасты кезіп, жылқы іздегеніңізді көрген адам бар ма,– деді тергеуші.
– Ау, жапан түзде кім көреді? Есіктің алдында байлаулы тұрған қарагер мен көрші ауылдың қойшысы Нұртазадан басқа. Ол насыбайын атып, мен шылымымды шегіп дегендей едәуір уақыт сөйлестік. Енді әңгімеге сарапшы Сапар араласқан. – Бейсенбектің торысының омырау тұсынан алынған тердің үлгісі сіздікіне сәйкес келіп тұр, – деді. Бақкелді кейде ат ауыстырып мініп жүретіндерін айтып, немқұрайды жауап бере салды. Бірақ сөзі сенімсіздеу шыққан. Күмісбек папкадағы қағаздарын аударыстырып, патрондағы дәрілерді тығындаған газет қиындыларына жасалынған сот сараптамасын Бақкелдінің алдына тастады.
– Көрдіңіз бе, оқиға орнынан табылған қағаз қиындылары да сізге күдік түсіріп отыр. Бақкелді жауап қатқан жоқ, бірақ Күмісбек оның маңдайынан тер шыққанын байқады. Тергеуші оның жүзіндегі өзгерісті көріп:
– Сіз кінәңізді мойындамағаныңызбен сот мына жинақталған дәлелдемелерді есепке ала отырып, бәрібір айыпты деп таниды. Қылмыстың қалай жасалғанын өз еркіңізбен айтып берсеңіз, жазаңыз жеңілдейді,– деп еді, Бақкелдінің көзіне дөңгеленіп жас келген.
– Мен бұл шаңырақта өскеніммен, түбі бөлек адаммын. Байқап отырған шығарсыз түрім де басқа, қаным да басқа.
– Әй, мына жетпегір не деп тантып отыр,– деді Айсұлу темір кереуетке бір қырындай жатып, өздеріне нұры тая бастаған жанарымен мөлиіп қарап отырған Байділдаға жүзін бұрып. Бақкелді темекісін бұрқылдатып отырып, белортасынан үзіліп қалған әңгімесін әрі қарай сабақтады.
– Осыдан екі жыл бұрын Азиз деген біреуден хат алдым. Ол Алматының төңірегінде тұрады екен, айтуына қарағанда менің әкем сол көрінеді. Айсұлу бетін басып жылап, сыртқа қарай жүгірді. – Осы ошақта өткізген отыз жылыма қарап отырсам, анығында да түбімнің бөлек екендігі ылғи да көрініп тұратын. Әкем де, анам да бетіме қарап, өбектеген болады, бірақ, олардың мұны амалсыздан көңіліме қарап жасайтынын сезетінмін. Маған қарағанда екеуінің де Есенгелдіге дегенде ықыласы бөлек. Көңіл деген шыны ғой, өтірік өбектегендері алақандағыдай көрініп тұрады.
Есенгелдінің астында көлік. Ал мен күні бойы малдың соңында салпақтап жүрмін. Тым құрыса, Есенгелді сияқты оқытпады да. «Айтатындары, шыдай тұр, інің ғой» деген сылтау. Өмірде де жолым болған емес, інімнің келіншегі Жанарға көзімді тігіп едім, тағдыр шіркін тағы да алдымды орағытып, оны да Есенгелдіге бұйыртты. Енді маған не қалды?
– Әй, иттің баласы, қасқырдың баласын қанша асырасаң да төбеге қарап ұлиды деген рас екен ғой. Түбіңнің бөлектігін сездірдің-ау. Жанарынан жас сырғыған Байділда әрі қарай аунап түсті. Табан астынан болған мына қасірет өз мұңы мен қуанышы өзіндегі қара шаңырақты күйретіп кетті. Төсек тартып жатқан отағасы тамақтан қалды. Денесін дендеген науқасы ғана емес, мына тосын жағдай да оны біржолата жаныштап, тұралатып кеткен сияқты.
Түн ортасынан ауа ыңырсыған Байділда әйелін ымдап, жанына шақырып алды. Сыбырлап айтқан әңгімесі шыңыраудың түбінен шыққандай талып естіледі. – Мен кетемін, –деді ол, – кететін уақытым болды. Айсұлу шалының көкірегіне басын қойып жылап жіберді. – Артық айтқан жерім болса мен бейбақты кешіре гөр. Кенет қора жақтан күлген сияқты дауыс естілген. Жын ба, пері ме?
– Мұратәлі ғой, – деді Байділда. Әлгіндегідей емес, бұл жолы даусы ап-анық естілді.
– Шешем марқұм тоғыз құрсақ көтерген екен, соның бәрін қара жер жалмапты. Мен дүниеге келер кезде әкем марқұм перзент сүюден әбден түңілсе керек, «Жаратқан ием бұл баланы да маған бұйыртпайды» деп тауға кетіп қалыпты. Шешем мені босанар кезде үйдің жанындағы терекке қонған байғыз түні бойы сықылықтап күліп шықты деп отыратын. Сол түні Шолпан жұлдызы туа дүниеге келіппін. Мен шырылдап жылап, дүниеге келген сәтте байғыз да күлгенін тоқтатқан көрінеді. Байғыз киелі құс, ол өте сирек күледі…. Мына әңгіме Айсұлуды кәдімгідей әлдендіріп тастады. «Иә, жасаған ием өзің жар бола гөр». Құданың құдіреті, Байділда қателеспепті, өткен жолғыдай қора жақтан байғыздың сықылықтап күлген үні
естіледі. «О, тоба, жасаған ием өзің жар бола гөр». Есі шығып кеткен Айсұлу етегіне сүрініп қабынып сыртқа қарай жүгірді. Алдамапты байғыз күліп тұр.
– Шал-ау, естідің бе, байғыз күліп тұр! Айсұлу мынаны жақсы ырымға жорып, күйеуінің бетіне үңіліп еді, жағы суалып, көзі шүңірейген қарт демін терең алып, жүріп кетті. Байділданың тамырлары адырайған саусақтарын аялап сипап, еңіреген Айсұлу жандалбасалап, далаға жүгірді.
Таң сібірлеп атып келеді екен. Дәл осыдан жетпіс бес жыл бұрынғыдай қарт Қаратаудың ұшар басынан айдай жарқырап Шолпан жұлдызы туып келеді…
Елеусіз МҰРАТ

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1 оценок, среднее: 1,00 из 5)

Загрузка...

Комментарий