Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

ІІМ заңсыз митингке шыққан 100-ге жуық адамның ұсталғанын хабарлады

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз митингілер еліміздің 7 қаласында өткен.

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елімізде болған заңсыз митингілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«21 қыркүйекке дейін ҚР Бас прокуратурасы барлық қалаларда заңсыз митингілерге жол берілмейтіндігі туралы алдын ала ескерту жасаған еді. Сонымен қатар, біздің ведомство да бұл іс-қимылдар заңсыз екенін хабардар етті», – деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Оның атап өтуінше, 21 қыркүйек күні митингілер өтетін орындарға полиция тартылды, сондай-ақ тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілген.

«Осы күні ішкі істер органдарына 100-ге жуық адам жеткізіліп, оның 15-і әкімшілік қамауға алынды және 6 әкімшілік айыппұл салынды. Қалған азаматтарға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді», – деді Е. Тұрғымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз митингілер еліміздің 7 қаласында өткен.

Бұған дейін, Бас прокуратура 21 қыркүйекте болатын шеруге қатысты халыққа үндеу тастаған еді. Осы орайда заңсыз наразылық акцияларын өткізетіндер қандай жауапкершілікке тартылатыны түсіндірілді.

Комментарий