АУЫС-ТҮЙІСТЕН НЕ КҮТЕСІЗ? |
Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

АУЫС-ТҮЙІСТЕН НЕ КҮТЕСІЗ?

Президент Н.Назарбаев Асқар Маминді Қазақстан Республикасының премьер-­министрі етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Артынша Үкіметтің жаңа құрамы да жасақталып үлгерді. Бұл ауыс-түйістен не күтеміз?

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Әуелгісі, ешқандай жаңа үкімет деген ұғым болмауы керек. Өйткені, Үкімет, биліктің негізгі жүйесі ауысқан жоқ. Яғни, басты жүйе орнында. Тек кадрлар ауысады. Жаңадан келген кадрлар бұрынғы қалыптасқан жағдайды әрі қарай жалғастырады, қолынан келгенше жұмыс істейді. Сондықтан, кадр ауысуынан аса өзгеріс күтіп отырғаным жоқ. Мәселен, Италияда Үкімет жыл сайын ауысады. Үкімет басшысы орнынан бүкіл құраммен кетеді. Ал, орнына келетін Үкімет өзінің жаңа бағдарламасымен, жаңа құраммен келеді. Алып келген бағдарламасын жүзеге асырып, халық көңілінен шығу үшін жұмыс істейді.
Ал, бізде тек кадрлар ауысады, мемлекеттік қалыптасқан жүйе өзінің ырғағымен әрі қарай жалғаса береді. Сондықтан, жаңа Үкімет айрықша қадамдарға барады деп ойламаймын. Күтсем де, ең алдымен тіл мәселесінде күтер едім. Мәселен, дәл қазір тіл мәселесі кері кетіп барады. «Болашақпен» оқып келген жастарға тәжірибесімен бөлісу үшін жауапты орындарды сеніп тапсырып жатырмыз. Ал олардың барлығы орыстілділер. Демек, олардың айналасы да орыстілділер болып қалыптасады. Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір орындарға қазақтілділер келіп, қазақ тіліне айтарлықтай бетбұрыс жасалған-ды. Қазір бұл мәселенің қайта күрделеніп бара жатқанын көз көріп отыр. Қазақ тілінің мәселесі шешілмей, қазақтың мәселесі шешілмейді. Қазақ тілі мәселесін, қай Үкімет келсе де, жылдарға созып шеше алмай отыруы үлкен сын. Тіл мәселесінің кесірінен бүгінде қазақ қоғамы орыстілділер мен қазақтілділер болып бөлінді. Екі қоғам бір бірімен түсініспейді, мәселелері де ортақ емес. Олардың оқитын ақпараттары да, таным түсініктері де, мәселелері де екі түрлі. Бір мемлекетте қоғам екіге бөлініп отырғанда мемлекетке ортақ мәселелердің шешілуі кейінге шегеріле береді. Осыны түсінуіміз керек. Сондықтан, келген Үкімет бір мәселені шешер болса, ең алдымен тіл мәселесін шешуді сұрар едім.

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаттанушы:
– Елбасы Үкіметті таратқанда соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды саралай келе, осындай шешім қабылдағанын жеткізді. Жаңа келген Үкімет сол қателіктерді жібермеуді ойлауы керек. Мемлекет басшысы осы қадамға неліктен барғанын түсіндіре келе, «Елді дамытуға бағытталған заңдарға қарамастан, тиісті міндеттер орындалмаған. Мәселен, ауылдық жерлерде өнімді жұмыс орындары жеткіліксіз, шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күшіне айналған жоқ әрі оның дамуы әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болмады», – деді. Сондай-ақ, халықтың таза табысы ұлғаймай, отбасы бюджетіндегі азық-түлік шығындары өсіп кеткенін алға тартты. Сондықтан, жаңа Үкімет ең алдымен халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлеуетін көтеруге, экономикалық тұрғыдан елдің дұрыс дамуына баса назар аударуы қажет. Бүгінгі күнгі елдің дамуына орай, қабылданып отырған мақсаттарға сәйкес жаңа Үкімет жаңаша қарқынмен жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты қадамдар жасалып, жергілікті жердегі атқарушы орындарға тапсырмалар берілуі тиіс.
Нақты әрекеттер арқылы баға беріліп, Үкімет сағатында талқыланып отыруы қажет. Қазір біздің кемемізді шайқағысы келетін сыртқы күштер жетерлік. Олар ең алдымен сырттан қаржы құю арқылы, ел ішіндегі әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды сатып алуды көздейді. Осындай сәтте ел ішінде шешілмеген әлеуметтік мәселелер болмауы керек. Жаңа келген Үкімет ең алдымен осыған мән беруі қажет. Ел ішінде тыныштық болса, қалғанының барлығы өз уақытымен болады, мемлекет дами береді. Бүкіл қоғам Елбасыға, Үкіметке сенуі, ал Үкімет халық көңілінен шығу үшін жұмыс істеуі керек. Бүгінде жан-жағымыздың барлығында түрлі толқулар, көтерілістер орын алып жатыр. Жаңа құрам соның алдын алуға жұмыс істесе екен деп тілеймін.

Сауалнаманы әзірлеген Қ.ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий

Pin It on Pinterest