МАМИН БАСҚАРАТЫН ҮКІМЕТКЕ БАТЫЛДЫҚ КЕРЕК | |
Саясат | Политика

МАМИН БАСҚАРАТЫН ҮКІМЕТКЕ БАТЫЛДЫҚ КЕРЕК

Елбасының Үкіметті отставкаға жіберуге «үкім» етуі өткен аптаның басты жаңалығы болды десек қателеспейміз. Мұндай шешім бір күнде қабылданғандай көрінгенімен, оған бірден келе салмайтыны белгілі. Үкіметтің таратылуы бір күндік көрініс, иә. Бірақ, бұл атқарушы биліктің соған дейінгі атқарған шаруаларының нәтижесінен туындайтын қадам. Сондай-ақ, елдің бұдан кейінгі тағдыры, тұрмыс-тіршілігі қалай болатындығы да осы тұстағы жаңа Үкіметтің жасақталуына қатысты шешімге тікелей байланысты. Демек, отставка ойыншық емес.

Енді алдымен Сағынтаев бастаған министрлер кабинетінің креслоларымен қош айтысуына не себеп болды дегенге келсек. Оған алыстан жауап іздеп, жұмбақ шешудің қажеті жоқ. Елбасының мәлімдемесі-ақ жеткілікті. Сол нанымдырақ, салмақтырақ болар. Бірден айтайық, Елбасы Үкіметтің отставкасына қатысты мәлімдемесін салған жерден сынап-мінеуден бастаған жоқ. Кіріспесінде «өткен жылдардағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты» болғанын, бұл жақсы кезең екенін еске салды. Әрине, экономикалық тұрақтылық бұған дейін де биліктің жағы талмай айтып, елдің де әбден «құлақ құрышы қанған» сөз. Алайда, Елбасының сөзінше мұның өзі жеткіліксіз. Мемлекет басшысы місе тұтпаған дүниеге
халық қайдан қанағаттансын. Оған соңғы әлеуметтік ахуалдың өзі дәлел. Сонымен не жеткіліксіз, не дұрыс істелінбеді (жалпы, бізде өзі бірнәрсе дұрыс істеліне ме деген де сұрақ туады осындайда) дегенге тоқталсақ. «Қабылданған заңдарға, Үкімет шешімдеріне қарамастан, экономиканың көптеген бағыттары бойынша оң өзгерістерге қол жеткізілмеді. Ішкі жалпы өнім негізінен шикізат ресурстары есебінен қамтамасыз етілді», – деді Президент. Яғни, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары шикізатты қалай кемірсе, әлі күнге солай кеміріп келе жатыр деген сөз. Ол кезде, қош, тоқырау болды. Қазір ше, дамыған 30 елдің қатарына талпынып жатсақ та, экономиканы шикізатқа тәуелді етпеудің тетіктері әлі жасалмаған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша нақты нәтижелер жоқтығы, өнімді жұмыс орындарының ашылмауы, кәсіпкерлікті атқарушы биліктің дамыта алмағаны, конституциялық реформа бойынша Үкімет пен әкімдерге тиісті дербес өкілеттіктер беріліп, индустриалды және әлеуметтік салаларға қажетті бағдарламалар қабылданып, қаржы бөлінгенімен, нәтижесіз екені – мәлімдеме мәтініндегі Үкіметке тағылған мін. «Дегенмен, жүйелі жұмыстар жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді», – дей келе, осы себепті Елбасы Үкіметті отставкаға жіберуге шешім қабылдағанын қадап айтты. Экс-премьер Бақытжан Сағынтаев та қарап қалмады. «…қарап қалмады» дегеніме қарап, Елбасының сөздерін жоққа шығарып, қарсы бірдеңе айтты екен деп ойламаңыз. Ондай құдірет қайда. Керісінше, Президент егемен елдің аз уақытта еңсесін көтерген жасампаз тұлға екенін еске сала келе, Үкімет тізгінін сеніп тапсырғаны үшін алғысын білдірді. Мынандай мәлімдемеден кейін халықтан жағдайын жасай алмағаны үшін есті адам құсап кешірім сұрап, «еркеліктерін» көтергені үшін елге алғыс айтатын шығар деп дәметкенбіз ғой, баяғы. Бірақ, біздің шенеуніктерге Елбасының разылығын алса болғаны да… Әлбетте, Б.Сағынтаевтың Үкімет орынтағымен қоштасуы соншалықты тың жаңалық та емес, бір жағы. Себебі, Үкіметті кім мәңгі басқарады дейсіз?! Алайда, бұл отставкаға 4 ақпандағы Астана іргесінде болған бес бүлдіршін қыздың трагедиясы түрткі болғаны даусыз секілді. Қайғылы жағдайдан кейін өздерінің тұралаған тұрмысын айтып, билікке тікелей талап қойып, ашынған көпбалалы аналардың айқайы «құланның қасынуына мылтықтың басылуындай» дөп келе қалғандай (әрине, бұлар сыртқа нанымды көрінетін себептер, шын себебі биліктің «ішкі кухнясында» жатқан шығар, ал ол біз үшін беймәлім). Оның үстіне, соның алдында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Елбасы оларды «қорқақсыңдар» деп сөккен еді. Сол кезде-ақ
Сағынтаевтың Үкіметі ұзаққа бармайтыны туралы саясаттанушылар «жауырын» аша бастаған-ды.
Қала берді, Үкімет отставкасына байланысты мәлімдеме соңын да Елбасы осы әлеуметтік мәселелермен түйіндеді. Сондай-ақ, жаңа Үкіметке осы түйткілдерді тарқату тапсырылатынын шегеледі. Президент «Нұр Отан» партиясының жақында өтетін съезінде осыған байланысты бірқатар шаралар ұсынып, ол мақсатқа бюджет пен Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлінбек. «Бұл қаражат аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру, өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту міндеттерін шешуге бағытталады», – деді Елбасы. Мұның бәрі кеше жасақталған жаңа Үкімет пен әкімдердің негізгі жұмыстары болмақ. Ал, осыларды жүзеге асыруы тиіс жаңа Үкімет, расында жаңа Үкімет бола ала ма?! Қоғамды күпті ойға қалдыратын сауал бұл. Өйткені, біздегінің бәрі әбден көз үйренген кадрлар. Атқарушы биліктегілерге «буын алмасудың» қатысы жоқ па дерсіз. Биліктің жоғары сатыларында жаңа толқынның үлес салмағы аз. Бәрі дерлік ескі кадрлар. Олардың бірін екіншісімен ауыстырып қойғаннан Үкіметтің құрамы жаңара ма?! Тіпті, мәселен белгілі бір министрлер саланы ақсатып, сыннан көз ашпайды. Соған қарамастан, оны ертесіне басқа бір министрліктің басынан көресің. Алдыңғысының арбасын алға сүйремеген министр одан кейінгісінің көшін қалай түзейтінін қайдам?! Бір ғана индустриалдық-инновациялық бағдарламаны алайық, айқайлатып ашқан кәсіпорындардың жұмысын жемісті жалғастырып кеткендері некен-саяқ. Атын атап, түсін түстемесек
те, сол бағдарламаға жауапты болғандар әлі күнге ат үстінде жүр. Бағдарламаның бағын ашпадың деп «тағынан» тайдырған ешкім жоқ. Тағы бір әттеген-айы, министрліктің басына сол саланың жілігін шағып, майын ішкен маманын қою үрдісі кемшін. Оның бір дәлелі – Сағадиев. Бір кездері, энергетик Ерболат Досаев Денсаулық сақтау министрлігін басқарды (жаңа құрамда Ұлттық банк басшылығына тағайындалды). Не болмаса, Даниал Ахметов, Нұрлан Ермекбаев секілді азаматтық тұлғаларды Қорғаныс министрлігіне құп көреді. Бәлкім, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегенді жоғарыдағылар мойындамайтын шығар. Сонда да, әр саланы маманы басқармаса, шахмат фигуралары секілді сол баяғы бейнелердің орны ғана ауысса, онда Үкімет жаңарды, Елбасының тапсырмасы енді орындалады деу қиын-ақ. Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам сайттардың біріне «Баяғыдай әншейін орын ауыстыру саяси ойыны енді жүрмейді. Билік осыны түсінуі керек. Бұрынғы Үкіметтің ары кетсе 30 пайыздай «жарамдысын» алып қалсын, 70 пайызы кетіп, орнына елді ойлайтын, беделді, сөзі өтімді жаңа адамдар келуі қажет» деп пікір білдіріпті. «Үкіметтің отставкаға кетуі туралы Президенттің мәлімдемесі классикалық схемаға сәйкес келеді: «Патша жақсы, уәзірлер жаман». Наразылық көңіл-күйді ұқыпсыз шенеуніктерге бұру бұрыннан жасалып келе жатқан политтехнология. Жарылайын деп тұрған «бу пешін» Ақордада расымен де көрді ме? Шенеуніктерді ауыстырады, ал «бу пеші» қаз-қалпында қалады. Ал мәлімдеменің соңы тура сайлауалды платформасы сияқты», бұл Досым Сәтпаевтың Фейсбук парақшасындағы жазбасы. Ауыс-түйіс ауыздан түспей, премьер-министрлікке әркім өз нұсқасын келтіргенімен, көпшілігі уақытша тізгін ұстаған Асқар Мамин тағайындалуы мүмкін дескен. Мүмкін емес нәрсе бар ма?! Ақпанның соңғы дүйсенбісінде Президент Жарлығымен Асқар Мамин премьер-министр болып тағайындалды. Үкімет құрамы емес, құрылымы да өзгерді. Мәселен, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қысқартылып, оның функциялары екіге бөлініп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері құрылды.Қоғамға Үкіметтің құрамы да, құрылымы да емес, халыққа шынайы қызметі қажет. Себебі, қазір елдің халі «күйген ауыз үрлеп ішедінің» кері. Көктемде мезгіл жаңарып, табиғат түлейтіні секілді Үкімет те жаңарып, тұрмысымыз түрленсе деп тілейді-ақ. Аталмыш мәлімдемеде тұрғындардың табысы өспегенін тілге тиек еткен Елбасы бір-ер ай бұрын ғана журналистермен кездесуінде әр қазақстандық отбасы орташа 500 мың теңге табатынын айтқаны есте. Ендігі А.Мамин басқаратын Үкімет алдыңғысындай қорқақтық танытпай, батыл болып, елдің табысын өсіріп, әрбір қазақстандықты миллионер етіп жібермесе болғаны дейді, қиял жүйрік.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»

ЕСКІ ДЕ ЖАҢА МИНИСТРЛЕР КАБИНЕТІ:
Асқар Мамин – ҚР Премьер-министрі.
Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі.
Жеңіс Қасымбек – ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Дәурен Абаев – Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Бердібек Сапарбаев – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Күләш Шәмшидинова– Білім және ғылым министрі.

Елжан Біртанов – Денсаулық сақтау министрі.

Арыстанбек Мұхамедиұлы – Мәдениет және спорт министрі.
Бейбіт Атамқұлов – ҚР Сыртқы істер министрі.
Нұрлан Ермекбаев – ҚР Қорғаныс министрі.
Ерлан Тұрғымбаев – ҚР Ішкі істер министрі.
Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі.
Асқар Жұмағалиев – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Қанат Бозымбаев – ҚР Энергетика министрі.
Сапархан Омаров – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.
Роман Скляр – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Руслан Дәленов – Ұлттық экономика министрі.
Ерболат Досаев – ҚР Ұлттық банк төрағасы.

Комментарий