Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

Елордада митинг кезінде жасөспірім қыздың ұсталған видеосы тарады. Полиция мән-жайды түсіндірді (видео)

21 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен заңсыз митинг кезінде кәмелет жасқа толмаған қыздың ұсталғаны туралы видео тараған еді. Полиция аталған видеоға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, Республика даңғылында өткен заңсыз митинг кезінде кәмелетке толмағандар ұсталмаған. Сонымен қатар ведомстводағылар 2000 жылы туған қыздың тәртіп сақшыларының ескертуін елемей, оларды итергенін айтты.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қыздың ұсталғаны туралы тараған видеоға қатысты түсіндірсек, 2000 жылы туған азаматша полиция қызметкерлерінің заңсыз митингіге қатысуды тоқтату туралы бірнеше рет ескерткеніне қарамастан, қатысуын жалғастырды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін озбырлық танытуға итермелеп, оларды итерді», – дейді полициядағылар.

Сондай-ақ, ведомстводағылар осыған байланысты азаматшаның өзге де құқық бұзушылармен бірге ұсталғанын айтты. Оның өзінде тұлғасын куәландыратын құжаттары болған жоқ, деп атап өтті полициядағылар.

Полиция қыздың анасы жүгінгеннен кейін оның босатылғанын мәлімдеді.

 

Комментарий