Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік қызметтегі заңсыздыққа көз жұмып қарауға болмайды

Мемлекеттік орган қызметкерлерінің жұмысынан заңсыздық байқаса да, істі жылы жауып қоятын азаматтар аз емес. Өйткені, олар мемлекеттік қызмет секілді алып құрылымның әрекетіне шағым түсіргенмен, өзінің дұрыстығын дәлелдей алатынына, істі жеңіп шығатынына сенбейді. Сондықтан, шағымдану босқа уақыт өткізу деп түсінеді.

Азаматтардың құқықтық сауатының төмендігінен, өз мүдделерін қорғауға табандылық танытпауынан мемлекеттік қызметтегі кемшіліктер жабулы қазан жабулы күйінде қалуда. Осылайша өз әрекетіне ешкімнің шағым келтірмейтінін білген біліксіз мемлекеттік қызметкерлердің талай азаматқа залал келтіріп, бүкіл құрылымның атына кір келтіріп жүруі әбден мүмкін. Мұндай жағдай қалыптаспас үшін азаматтар мемлекеттік қызметкердің әрекетіне, немесе әрекетсіздігіне байланысты арыз жазып, өз құқығын қорғаудан қашпауы керек. Азаматтық процестік кодексте оның тәртібі жан-жақты көрсетілген.

Кодекстің 29-тарауында «Мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу» тәртібі қарастырылған. Заңмен жіті танысқан азамат сотқа арыз берудің соншалықты қиын еместігін түсінеді. Кодекстің 294-бабына сәйкес, азаматтар құқығы мен заңды мүддесiнiң бұзылғаннан кейін үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiне алады. Ал үш айдан өтіп кеткеннің өзінде, уақытты өткізіп алдым деп қол қусырып отырмау керек. Әрине, іс мерзімінің өтуіне байланысты соттың арызды қараудан бас тартуы мүмкін. Алайда, көрсетілген мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат алдын ала сот отырысында қаралып, мерзім қалпына келтірілмесе, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады. Арыз қабылданғаннан кейін істі дайындауға 10 күн беріледі. Бұл шекті мерзімді ұзартуға жол жоқ. Дайындау аяқталған күннен бастап бiр ай мерзiм ішінде сот арызды азаматтың, әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарайды. Шақырылған адамдар сотқа келмей қалған жағдайда да арыз сот отырысында қарала береді. Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік қызметкердің әрекетіне шағымданған адамға тек заңсыздықты дәлелдейтін дәйектер ұсыну жеткілікті. Сот құжаттарды зерделей отырып, тура төрелік жасайды.

Ал енді соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не бағыныстылығы тәртібімен жоғары тұрған органға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жіберіледі. Сот шешімін орындау – міндет. Соған орай шешімнің орындалғанын айтып бір ай ішінде хабарлама жіберу керек. Егер мемлекеттік қызмет тарапынан келтірілген кемшілік жойылмаса, сот шешімі орындалмай орта жолда қалса, кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауаптылыққа тартылады.

Азаматтық процестік кодекстің 29 тарауы бойынша берілген шағымдар сырттай қарауға жатпайды. Және мұндай арыздарды өзара келісіммен аяқтауға жол берілмейді. Өйткені, мемлекеттік қызметтің жауаптылығы ауыр. Халыққа сапалы қызмет көрсетудің орнына әрекетсіздік танытқан, немесе заңды белден басып тұтынушының құқығын таптаған мемлекеттік қызметкерлерге кешірім болмауы тиіс.

Төленді Боранов,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий