Судья мінбері | Судебная система

Көп болып күрескен іс нәтижелі

Сыбайлас жемқорлық – қатерлі кесел. Тамырын тереңге жайған бұл індетпен күрес кез келген мемлекеттің күн тәртібінен түскен емес. Себебі, жемқорлық жүрген жерде, сыбайластық жайлаған ортада даму болмайды, азаматтардың болашаққа деген сенімі әлсірейді, алаңы көбейеді. Сыбайлас жемқорлық әділдік, тазалық деген ұғымды өлтіреді. Біздің елімізде де бұл кеселмен күреске ерекше маңыз берілген. 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылдаған Қазақстанда қатерлі дерттің тамырына балта шабатын тетіктер барынша қарастырылған.

Жемқорлықты жою бір күнде, бір мекеменің күшімен шешілетін мәселе емес. Сондықтан, еліміздің ертеңіне алаңдаған әр азамат бұл күресте белсенділік танытып, парақорлықты ауыздықтауға өз үлесін қосуы керек. 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бұл сөзімізді қуаттай түседі. Өйткені, бұл заңда жемқорлықпен күреске емес, кеселдің алдын алуға, заңбұзушылыққа жол бермеу мәселесіне басымдық берілген.

Мемлекеттік қызметтегі ірілі-ұсақты шенділердің істі болып, жемқорлығы үшін сотталғанын көргенде «Жемқорлықты жеңу мүмкін емес» деген күмәннің сетіней түсетіні күмәнсіз. Шындап келгенде, кеселді жеңуге болады. Оған мысал да жеткілікті. Мәселен, Сингапур, Нидерланды, Швеция сияқты елдерде жемқорлық деректері жоқ. Мұның себебі неде? Сыбайлас жемқорлықпен қолға түскен шенеуніктерді Қытай елі өлім жазасына кесіп жатады. Бірақ, осындай қатал жазаның өзі жемқорларға сабақ болмай отырғаны белгілі. Өлім жазасының белгіленгенін біліп тұрса да қытайлық шенеуніктердің аяғын тартпай отырғанына қарап жазаны қатайтумен мәселенің шешілмейтінін аңғару қиын емес. Ал, Сингапур мен Нидерланды жемқорлыққа қарсы қадамдарын мемлекеттік қызметтің мәртебесін, беделін көтеруден бастаған. Мұндай мәнсапқа жетіп, жоғары айлық алған, әлеуметтік жағдайы толық қамтамасыз етілген азаматтар жеңіл ақшаға абыройын айырбастамайды. Көпшіліктің құқықтық сауатын көтеру бойынша жүргізілген жұмыстардың да сыбайластықтың жолын кесуге әсерін тигізгені шүбәсіз.

Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және ол тиісті шекке жетпейінше, әрекет жасай береді», – деген екен. Осы тағылымды сөздің өзі жемқорлыққа жол бермеудің шегі болуы керектігін алға тартады. Оның өлшемі – ар, болашақ ұрпақ алдындағы жауаптылықпен өлшенсе керек. Адам ақшаға сатылмайтын құндылықтар барын түсінгенде ғана дүниеге қызықпайды. Ал, мұны ұғындыру үшін насихат жұмыстары үнемі жүргізілгені дұрыс.

Бұл күрестегі негізгі салмақ – қарапайым халыққа түседі. «Халық қаласа, хан түйесін сойыпты» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, сыбайлас жемқорлыққа саналы түрде қарсы тұрған халық қана ашық, жариялы, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады.

Индира Әбекова,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий