Қоғам | Общество

“Олар махаббаттың не екенін де білмейді”: Белгілі заңгер 15 жасында үйленген ақтаулықтарға қатысты пікір білдірді

Жуырда Ақтауда шаңырақ көтерген 15 жастағы жасөспірімдер әлеуметтік желілерді шулатып, халық арасында да үлкен таңданыс тудырған еді. Бесіктен белі шықпаған жеткіншектердің тұрмыс құруын көпшілік ерсі көрді. Ал кәмелет жасына толмаған азаматтардың некеге тұруына қатысты Заң не дейді? Stan.kz тілшісі Нұржан Мереевпен хабарласып, осы мәселе жөнінде пікірін білген еді.

“Заң тұрғысынан да, қарапайым азамат ретінде де мен өзім қарсымын. Неге? Өйткені Заңда көрсетілген, неке дегеніміз екі адамның, ер мен әйел адамның бір-бірімен саналы түрде жұп құруы. Саналы дегеніміз не? Яғни олардың сана-сезімі жетілген, өз-өздеріне жауап бере алатын, өмірлеріне жауапкершілік ала алатын тұлғалар. Неке – мемлекеттің қорғауында, Ата Заңымыз Конституцияда көрсетілген және “Неке және отбасы” құқығымен реттеледі. Оның 10-ншы бабында көрсетілген, неке жасы 18-ден басталады. Кейбір жағдайларда кәмелетке толмаған жастарға үйленуге рұқсат етілген. Бұл – қыз баланың аяғы ауыр болған жағдайда және дүниеге бала келген кезде. Онда арыз бойынша АХАЖ 16 жастан некеңізді тіркей алады”, – дейді заңгер.

Нұржан Мереевтің айтуынша, бұдан басқа жағдайларда кәмелет жасына дейін некеге тұру рұқсат етілмеген. Некенің үлкен жауапкершілігі бар деген заңгер мектеп жасынан бастап жасөспірімдерге отбасы құндылықтарын насихаттауды жүргізу керек дейді.

“Жәй ғана неке екен, ерлі-зайыптылар ЗАГС-қа барып, үйлену тойын жасайды екен, ажыраса салуға болады екен деген нәрсе емес. Балаларға соны түсіндіріп тәрбиелеу керек. Мысалы, ертең жігіт ажырасып жатқанда, баласын кәмелет жасқа жеткенше асырап-бағу – соның мойнында. Қыз бала ажырасып жатса да, қоғамда үлкен кедергілерге тап болады. Сондықтан мектептегі толған қажетсіз сабақтың орнына осы мәселені қолға алса деп олаймын, өз басым”, – деген пікірде Нұржан Мереев.

Күллі Қазақстанды шулатқан жасөспірімдерге қатысты: “Ол жас балалар, махаббаттың не екенін дей білмейді. Қызығушылық былайша айтқанда. Әке-шешесі, ойбай, үлкен махаббатпен үйленді деп жатады ғой. 15 жастағы бала студент те емес, олар әлі мектепке барады, балалықтың аты – балалық. Мен оларға жаманшылық тілемеймін, бірақ түбі отбасы болып кете алмайды-ау. Жалпы кішкентайынан бір-бірімен сыйлас азаматтар баласын атастырып қойса, ол – бөлек әңгіме. Мұнда да асығатын дүние жоқ, кәмелетке толғанда орнымен болады. Үйленуге ең қолайлы шақ 25 жас деп ойлаймын”, – деп жауап берді.

Отандық сот саласында қызмет ететін заңгердің айтуынша, қазір 18-25 жас аралығында ажырасып жатқандардың үлесі өте көп.

“Бұл жаста отау құратындар – әлі бала, сабаққа барады, қыдырғысы келеді, сөз асырмайды, дүрсе қоя береді. Ересек қарым-қатынас құруға әлі дайын емес. Тіпті менің тәжірибемде, телевизор көре алмадым, жағдай жасамадың, телевизор алып бермедің деп ажырасқандар да болды. Бұл – біздің қоғамдағы үлкен дерт. Мұндай жағдайларда ата-анасы нақты айту керек қой – болмайды, рұқсат жоқ деп. 14-15-те үйленген жастар бір жылда балалы болады, олардан қандай әке, ұандай ана шығады?”, – деп заңгер жасөспірімдердің үйленуіне тұбегейлі қарсы екенін айтты.

Комментарий