Судья мінбері | Судебная система

БАҚ-пен байланыс нығаюда

Сот пен бұқаралық ақпарат құралдарының көздеген мақсаты бір, яғни, еліміздің өсіп-өркендеуіне, озық отыз мемлекеттің қатарынан көрінуге үлес қосу. Сондықтан, БАҚ пен  байланыс  қай уақытта  да маңызды. БАҚ қоғамның айнасы іспетті. Олай дейтініміз, кез келген  жетістікті паш етіп, олқылықты ашық көрсету барлық сала жұмысына әсерін тигізеді. Елбасы бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керектігін айтты. Осы себепті, біздің арамызда қызметтік әріптестік нық болуы керек.

Ол үшін төртінші билік өкілдері жыр алыбы Жамбыл бабамыздың “Мен нені көріп тұрмын, соны ғана жырға қосамын” деген сөзін ту етіп, нақты фактіге ғана сүйенсе нұр үстіне нұр. “Сын түзелмей, мін түзелмейді” десек, сын әруақытта шын болуы тиіс. Бұл қағидатқа сүйенсек, заң, құқық, сот тақырыптарына қалам тербейтіндер өз білім-біліктерін үнемі жетілдіріп отырулар шарт. Мысалы, елімізде журналистерді сот процесіне қатыстыру немесе қатыстырмау заңға сай жүзеге асады. Алайда, көп жағдайда бұл заңдылықты тілшілер ескере бермейді. Тағы бір мәселе, БАҚ-тарда рейтинг алдыңғы орынға шығып, дау-дамайдың туындау, оны заңдық тұрғыда талдау тұсына мән беріле бермейді. Ал, мұндай жайт өз кезегінде сот туралы жаңсақ пікірлерге жол ашады. Мұны айтып отырғанымыз, шешім не үкім заңды күшіне енбесе де, болжам жасап, елдің сол іске деген көзқарасын мүлде басқа жаққа бағыттап жіберетін жайттар аз емес. Сондықтан, бұл тұрғыда журналистер қауымынан үлкен сауаттылық талап етіледі.

Ақпараттық ашықтық әрқашан да сот жүйесі қызметінің басым бағыттарының бір болып қала бермек. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде баспасөз қызметі, БАҚ-пен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша үйлестіруші-судьялар белсенді жұмыс істеуде. Олардың қызметі – БАҚ-пен өзара байланысты қамтамасыз ету және соттар жұмысын жариялау бойынша кешенді ақпараттық саясатты жүргізу. Сот билігі мен БАҚ қарым-қатынасының үйлесімді болуы екі жаққа да бірдей байланысты.

Журналистерге жүктелер жүк қаншалықты ауыр болса, нақ осындай міндет сот жүйесіне де тән. Ең маңыздысы сотқа құжаттар келіп түскеннен бастап, шешім қабылданғанға дейінгі кезеңдегі сот жұмысын қоғамға  дұрыс түсіндіру. Соттар қоғамды заңсыздықтан қорғауға, заң әділдігін сақтауға жауапты. Осы себепті, үшінші және төртінші билік өкілдерінен әділеттілік пен шыншылдық теңдей талап етіледі. Сот туралы жарияланған әрбір материал қоғамдық ой-пікірге өзек болады. Шағын ақпараттан бастап, сараптама мақалалар мен сұхбаттардың мазмұны, сапасы жоғары және алынған дереккөздері шынайы болғаны абзал. Біздің БАҚ-тармен байланысымыз жоғары. Соттың сайты жұмыс істейді. Ол сот қызметінің жариялығын жоғарылатады. Сонымен қатар, сайттың БАҚ-пен байланысты орнатуға, соттың қызметi туралы нақты ақпараттардан азаматтарды хабардар етуде ролі зор. Сайттан қаралып жатқан iстер, өткiзiлген шаралар туралы және тағы басқа сот қызметіне қатысты қажетті ақпараттарды оңай табуға болады. Азаматтар құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға қатысты сұрақтар қоя алады. Баспасөзбен жұмысты үйлестірушілер арқылы байланысымыз нық орнауда.

Мемлекет басшысының судьялардың алтыншы съезінде берген тапсырмасы аясында “Соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы” қабылданды.  Бұл құжаттың мақсат-міндеті азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыру, сот жүйесінің қызметі туралы ақпараттық материалдарды әзірлеу сапасын жақсарту, БАҚ өкілдерін сот ақпаратымен жұмыс істеу ерекшеліктеріне оқыту. Соттар мен БАҚ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара жұмыс істеп, халықтың құқықтары мен бостандығының қорғалуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Сот әділ, ақпарат шыншыл болса, әрқашан да әділдік туы биіктей түспек.

 

Еркебұлан Келемсейтов,

Талғар аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий