Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Қазақстанда бензин бағасы қымбаттай ма?

Бензин қымбаттауы мүмкін. Ішкі нарыққа жетпегеннен емес. Алып-сатарлардың кесірінен деп айту керек шығар. Өйткені елімізден жанармай вагон-вагонымен шетке кетіп  жатыр. Соның әсерінен жақын арада жанар-жағармай тапшылығы туындап, баға өсуі әбден мүмкін.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен көрші Ресейде ең өтімді АИ-92 маркалы бензин бізден 70-80 теңгеге қымбат сатылады. Осыны ұтымды пайдаланған пысықайлар, вагонды қойып, канистрмен, түрлі көліктермен айына 50 тоннаға дейін сұйық отынды әкетіп жатыр. Темір жолмен тасымалдауға тыйым салынса да, ол заңды әзірге елеп жатқан ешкім жоқ Ал, бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайтыны айтпаса да түсінікті.

«Қазір жанар-жағармай тонналап шекара асып жатыр. Осыған бір заң бойынша тосқауыл керек. Әйтпесе, ертең елде бензин тапшылығы орын алып, баға өсіп кетуі мүмкін».

Бұл ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дархан Ділмановтың сөзі. Генералдың мәліметінше, қазір цистерна толған мұнай өнімдері шекара асып жатыр. Осыған бір бөгет болуды сұрап отыр. Бізде бірнеше жылдан бері ең өтімді 92 маркалы бензин 145-150 теңгеден саудаланып келеді. Ал көрші Ресейде баға анағұрлым жоғары екен. Осыдан пайда көруді көздеген пысықайлар күні-түні контрабандалық жолмен отынды тасып жатқан көрінеді.

«Біз статистика жасай алмаймыз. Оны жасау үшін барлығын санау керек. Бірақ жанар-жағармайдың шетке көптеп тасылуы елімізге де әсерін тигізбей қоймайды. Шетелге экспортталғанына қарсы емеспіз, бірақ белгілі бір шектеу болу керек. Жуырда жиын-терім уақыты келе жатыр. Сондықтан бензиннің бағасы өспеуі тиіс», – дейді ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дархан Ділманов.

Өзге елдерге қарағанда бізде бензин су тегін деген секілді сөздер бұған дейін де айтылған. Алысқа бармай ақ, жуырда мемлекет басшысының Атырау өңіріне барған сапарында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов те дәл осы мысалды келтіріп, экспортты бақылауда ұстай алмай отырмыз деген болатын.

«Бізде мұнай өнімдерінің құны көрші елдермен салыстырғанда шамамен екі есе төмен. Оны пайдаланатындар көп. Экспорт жағын бақылауда ұтылып отырмыз. Заңмен реттемесек ішкі нарықта тапшылық болады. Қарапайым тұрғындар жапа шегеді», – дейді Ахметжан Есімов.

Салыстырмалы түрде алсақ, бізде саудаланатын бензин көрші Ресейге қарағанда әлдеқайда арзан. Мәселен, ол жақта ең өтімді тауар АИ 92 еліміздегі бағадан 40 %-ға қымбат, 42 рубльден сатылады. Ол біздің валютаға шаққанда 246 теңге. АИ 95 – 270 теңге, АИ 98 – 295 теңге, дизель 266 теңгеден саудаланады екен.

Өткен айда үкімет қабырғасында биылғы жылғы мұнай экспорты жөнінде мәлімет берген энергетика министрі Қанат Бозымбаев экспорт кезінде көптеген қиындықтарға тап болғандарын айтып еді. Оның бірі еліміздегі қолданыстағы бірқатар мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жұмыстарына жабылып, шикізат жылдағыдан аз алынған екен.

«Биыл маусым айынан осы бензиннің экспорты басталды. Қазіргі уақытта мұнай зауыттары толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Белгіленген жоспарды биыл жыл соңына дейін орындаймыз деп күтілуде. Ал мұнай өндіру көлемі ешқандай қиыншылық жоқ. Жоспарлы түрде жүріп жатырмыз», – деген еді энергетика министрі.

Ауа-райы секілді мың құбылған бензин бағасының өсетінін естіген жүргізушілер де бұл өзгеріске қарсылық білдіруде. Бағаның шарықтауы, әсіресе, көлігі дизельді отынмен жүретін жүргізушілердің қалтасына ауыр тиіп жатыр екен.

Экономист Сапарбай Жобаев болса, мұнай өнімдерін экспорттаушы ел ретінде бізге жанар-жағармайдың бағасын 165-170 теңгеге көтеру тиімді деген пікірде. Себебі баға жоғары болса, елімізге тағы бір мұнай өңдейтін зауыт салуға, инвесторларды көптеп тартуға өз септігін тигізеді екен.

«Жалпы, аса қатты қымбаттауға жол бермеу керек. Себебі біз мұнай өндіруші мемлекет болғаннан кейін, 80-90 млн тонна мұнай өндіреміз де, соның бар болғаны 14-16 млн тоннасын ғана өңдейміз. Ал қосымша құн көбеюі үшін, сол 15-17 млн тоннаны 20-25-ке жеткізу үшін, оның бағасы жоғары болуы керек. Өндірген өніміміздің бағасы жоғары болу керек», – дейді экономист.

Мамандардың сөзінше, бензиннің қымбаттауы ішкі нарыққа әсер ете қоймайды. Ал дизельді отынның шарықтауы бірқатар қиындыққа алып келеді екен. Өйткені жиын-терім науқаны жақындап келеді. Ал дизельді өндіруге отандық мұнай өңдеу зауыттары қауқарсыз. Барлығы шеттен тасымалданады. Сондықтан көлік иелеріне әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ секілді.

Комментарий