Қоғам | Общество

Ұрып-соғып, тамақсыз қалдырған: Ресейлік ер адамды 30 жыл бойы Қазақстанда құлдықта ұстаған

Алматы облысында 60 жастағы ер адам құлдықтан құтқарылды. Тамақ үшін жұмыс істеп, «үйіңе қайтарамыз» деген уәдеге сенген ол жарты өмірін құлдықта өткізіпті. Ол Қазақстанға Ресейден келген екен.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Дмитрий КСРО құлағанға дейін Ресейден Қазақстанға келген. Ол Көкшетау облысында жүргенде құлдыққа тап болып, артынша оны Алматы облысына сатып жіберген.

Ер адамның айутынша, ол соңғы 11 жылын Алматыда шешендердің босағасында өткізіпті. Ол үйдегі және ауладағы шаруаның бәрімен айналысқанын айтады. Алайда еңбегі үшін нәпақа табудың орнына, таяқ жеп келіпті. Тіпті, кейде оны тамақсыз  қалдырған екен. Дмитрийді құлдықта ұстаған адамдар оны үйіне жіберетінін айтыпты. Алайда ол тек сөз күйінде қалған.

Дмитрий не танысы, не құжаттары болмағандықтан, ешқайда кете алмағанын жеткізді. Тіпті, оның қызыл түсті төлқұжаты кеңестік заманға тиесілі.

Ер адам Руслан есімді ресейлік қазақпен кездейсоқ танысып, дәл осы азамат оның құлдықтан құтылуына көмектесіпті. Руслан Алматы облысына табыс табу үшін келген екен. Ол Дмитрийдің басынан өткен жайттарды естіп, бей-жай қарай алмапты. Достарын жинап алып келіп, Дмитрийді босатып алыпты.

«Олардың арасындағы жағдай төбелеске дейін жетті. Бірақ олар мені алып шығып, Қостанайға алып кетті. Себебі бұл жерде Ресеймен шекара бар. Сол жақтан үйіме жетуім жеңіл болады», – дейді Дмитрий.

Дмитрий өзін көптеген жыл бойы еркінен тыс ұстағандардың үстінен шағымданғысы келмейді. Себебі соңымнан түсе ме деп қорқады.

Қазіргі уақытта Дмитрийдің денсаулығына қатысты қиындықтары бар. Оның аяғы жансызданып қалып, асқазаны ауырады екен. Сонымен қатар Ресейге оралу үшін, құжаттарын жасатуы керек. Дмитрийдің сөзінше, Ресейде оның әйелі мен балалары қалыпты.

Комментарий