Судья мінбері | Судебная система

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ міндет

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” ҚР Заңы бұл дерттің дамуға ұмтылған қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін, кез келген саланы тұралатып, қарапайым халықтың теңқұқылы, дербес өркендеуін тежейтін қатер екенін баса көрсетеді.

Талай тарих қордаланған сыбайлас жемқорлықтың кесірінен біраз елдердің, кейбір мемлекеттің іріп-шіріп кеткенін түрлі мысалдармен біздің алдымызға тартуда. Қарапайым халықтың есебінен, өздерінің жекебас мүдделерін көздеу, қызмет бабын пайдаланып жемқорлыққа бару дамыған немесе дамушы елдердің ұстанымына сәйкеспейді. Өкінішке қарай, біздің елде бұл індетті айналып өте алған жоқ. Еліміздің кез келген өңірінен сыбайлас жемқорлықпен қылмыс жасап, мемлекет мүлкін талан-таражға салып немесе мемлекеттік қызметті асыра пайдаланғандардың қылмысы аракідік болса да әшкере болып жатыр. “Кісі ақысын жеу–күнә” «Жемқорлық –жегі құрт» деген қағидалар қалтарыста қалып, заңсыздыққа жол берілуде. «Қоғам сауаттанды, заң кез келген азаматтың мүддесін қорғайды, қарапайым азаматтардың құқықтық сауаттылығы артты, өзін өзі қорғай алады» дегенмен, жемқорлардың арбауына түсіп, адал асын алдына тосатын, заңнан гөрі шаруасын парамен шешкісі келіп тұратын азаматтар көп. Осындай жолдармен жемқорлыққа жол ашу қарапайым азаматтардың қоғамды кері тартып отырғанын көрсетеді. Бір қуанарлығы, бүгінгі таңдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы тың серпілістер мен жаңаша ізденістердің артуы. Мемлекет тарапынан күшейген күрес қоғамдық қолдау тауып, қарапайым халықта жемқорлыққа тыйым салу үшін ерікті түрде құзырлы органдарға жәрдемдесіп жүр, ортақ күрес өз нәтижесін бере бастады. Жемқорлық қылмыстарға қатысты қатаң жаза мен жан-жақты бақылау қылмысты әшкерелеу тетіктерін дамытты. Ортақ ұжымдық күрес нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген ірі оқиғалар анықталып, біраз шенді, лауазымды азаматтар істі болды. Мемлекет қаржысын талан-таражға салу фактілері бойынша қозғалған шулы сот процесстері қазынаға мемлекеттің ірі көлемдегі көптеген қаражатын кері қайтарды.

Бүгінгі таңда жемқорлық заң бұзушылық дерек-фактілері болған жағдайда азаматтар құқық қорғау орындарына, сыбайлас жемқорлықпен күрес орталықтарына тегін call-центрлар арқылы хабарлай алатын мүмкіндіктер жасалды. Жемқорлық заң бұзу фактілерін хабарлаған, немесе қандайда болмасын басқа әдіспен жемқорлықпен күресуге үлесін қосқан тұлғалар 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін мөлшерде материалды ынталандырылатын болды. Заң бойынша, жемқорлық құқық бұзушылықты хабарлаған және басқа да жолмен жемқорлықпен күреске ат салысқан тұлға мемлекет қорғауында болады. Жемқорлықпен күреске көмек берген тұлға туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады. Егерде қажеттіліктер туындаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар жемқорлыққа қарсы күреске ат салысқан тұлғаның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдіктер береді немесе оның қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, кез келген тұлға жемқорлықпен күрес жүргізуші органға басқа құқық қорғау органына қатысты жемқорлық қылмыс туралы жалған ақпарат беретін болса оған да әртүрлі заңдық жауапкершіліктер қарастырылған. Дамыған, гүлденген барлық азаматтық қоғам өзінің өмір сүріп отырған ортасын түрлі заңсыздықтар мен сыбайлас жемқорлықтан сақтауға тиіс. Сонда ғана ол өзі өмір сүріп отырған ортаға, мемлекетіне өз үлесін қосады.

Асубаева Эльмира,

Панфилов аудандық сотының судьясы,

Алматы облысы

Комментарий