Қоғам | Общество

Бибігүл Төлегенованың 10-шы Халықаралық вокалистер байқауы басталды

Алматыда КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик Бибігүл Төлегенованың 10-шы Халықаралық вокалистер байқауы басталды. Қазақ бұлбұлының 90 жылдық мерейлі тойына тұспа-тұс келген дәстүрлі байқау, таланттарды танытумен қоса жас ұрпақты адамгершілік-эстетикалық тәрбиелеуге бағыттайды. 14-15 қыркүйекте байқау қатысушыларын тіркеуді бастаса, 23 қыркүйек жеңімпаздарды марапаттап, салтанатты түрде жабылуы болатынын хабарлаймыз. Аталмыш байқау жастардың назарын классикалық және халықтық музыканың шынайы көзіне аударуға ықпал етпек.

Вокалистер байқауына Ресейден келген Юлия Герасимоваға қазақ халқының әндері ерекше ұнаған көрінеді. «Мен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жоғарғы сыныптардан бастап, ән айттым десем болады. Ал, бұл мен қатысып жатқан бірінші байқау емес. Дей тұрғанмен бұл сайыстың өз артықшылықтары бар десем болады. Мұнда жобаға қатысушы өзге де дүлдүл өнерпаздармен танысып жатырмын. Әрқайсысының өзіне тән дауыс бояуы бар. Қазақ тілінде «Сүйген сәулем» атты әнді орындаймын. Ғажайып туынды. Маған қатты ұнады. Сайысқа қатысу бәсекеге түсу емес, өзіңді кәсіби шыңдау деп ойлаймын»,-дейді байқау қатысушысы.

Байқаудың салтанатты ашылуында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мерекеге айналған шараның ерекшелігіне тоқтала келе, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың ыстық ықыласын жеткізді. «Классикалық әлеуетті дамытып, оны насихаттау жас әншілердің шығармашылығын шыңдау мақсатында өткізіліп жатқан бұл конкурс Талғат Мұсабаев, Наталья Music, Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин сияқты Қазақстанның дарынды жастарын өнерін ашты. Бұл күнде олар бүкіл әлемнің сахналарында Қазақстанның вокалдық өнерін халықаралық деңгейде көрсетіп жүр. Бүгінгі күнде конкурс әлемде танымал болғандықтан облыс, жақын және алыс шетелдерден келген жас қатысушылар өз өнерлерін көрсететін болады. Қадірлі Бибігүл Ахметқызы сізді өзіңіздің тума талантыңыздың арқасында қазақ халқын әлемге танытып қана қоймай, ұлтымыздың ән өнерін кемел насихаттауға аянбай еңбек еттіңіз. Сіздің орындауыңыздағы әндер Отандық музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Сізге мерейлі күні зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт, ал Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер конкурсына ары қарай дамуын тілейміз».

Аталмыш халықаралық байқаудың қазақ классикалық өнерінің беделін көтерумен қоса, жастардың рухани дамуына да өз үлесі бар. Бұл туралы бұлбұл әншінің байқауына қолдаушы ретінде келген әнші Роза Рымбаеваның айтқан лебізі ойымызды қуаттай түспек.

-Қазақ халқының алдындағы еңбегі классикалық мәнерді бүкіл дүние жүзіне жеткізген үлкен жоғары деңгейлі өнер иесінің биылғы 10-шы рет өткізіліп отырған байқауында аман-есен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Әлемнің әр қиырынан келген таланттар Бибігүл апамның байқауына келіп бағын сынап, сәйкесінше тәжірибие алып жатыр. Алып өнер иесі жасай берсін. Байқау дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын таба берсін. Басқа мемлекеттерде де тап осындай өзінің ұлы әншілері мен композиторларына арналған конкурстар бар. Ал, менің жастарға айтатыным көбірек осындай үлкен байқауларға қатысыңыздар дегім келеді. Естеріңізде болса, Осы Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсынан жұлдызы жанған Сүндет Байғожин бұл күнде дүние жүзінің сахналарында өнер көрсетіп жүр. Бұл көпке үлгі. Сондықтан, байқау иесінің ғұмыры ұзақ болып, ал қонақтарымыз келе берсін, келе берсін демекпін. Таланттарды жарыққа шығара берейік! Конкурс ұйымдастырушысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» Қоғамдық Ұлттық қоры. Конкурстың бас серіктесі “Самұрық-Қазына Траст” АҚ. Х Халықаралық вокалистер конкурсына қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне де алғыс зор!

Қазақ музыкасының ең жақсы үлгілерін орындау мәдениеттерді бір-бірімен байланыстыруға, қазақ халқының жан сұлулығын ашуға, Қазақстан композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттауға қызмет етеді. Лайым солай бола берсін!

Мөлдір Бегімбет

Комментарий