Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Өте қорқынышты болды»: FlyArystan ұшағынан ақау табылды

Өз кезегінде, FlyArystan компаниясындағылар мәжбүрлі қону себебін баяндап, түсініктеме таратты.

Шымкентке бет алған FlyArystan ұшағы Алматы әуежайына қайтып қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы Ғалия Жақыпова есімді жолаушы Facebook-те жазды.

«Аман-есенбіз. FlyArystan әуе компаниясының Алматы-Шымкент рейсі кесте бойынша ұшып шыққан. Қажетті биіктікке көтеріліп қалғанбыз. Отызыншы минутта жолаушыларға (толық рейстің бортында 150-ден астам адам болды) техникалық себептерге байланысты ұшақ Алматы әуежайына оралуға мәжбүр екені хабарланды. Шынымды айтсам, өте қорқынышты болды. Бортта отырып әлі көп шаруа тындырып үлгермегенімді ұқтым», – деп жазды ол.

Өз кезегінде, FlyArystan компаниясындағылар мәжбүрлі қону себебін баяндап, түсініктеме таратты.

«14 қыркүйекте Алматы-Шымкент бағыты бойынша ұшқан FlyArystan әуе компаниясының КС-7105 рейсі кезінде компьютерлік жүйе жанармай жүйесінде қателік анықтап, экипаж ақауды жою үшін Алматы әуежайына қайта оралу туралы шешім қабылдады», – делінген ақпаратта.

Компанияның ақпаратына сенсек, рейстің кешігетіні туралы ақпарат берілгеннен кейін, тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушыларға су мен тамақ берілген.

«Қауіпсіздік – біз үшін негізгі басымдық. Сондықтан, инженерлер ұшақтағы жүйелердің жарамдылығына көз жеткізу үшін тексеру жүргізеді. Оған біраз уақыт қажет», – делінген компаияның мәліметінде.

Комментарий