Судья мінбері | Судебная система

Жолдау жүктеген міндеттерден күтер үміт көп!

Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын халыққа ұсынды. Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қоғамдық келісімді сақтау мен халықпен тиімді байланыс орнатуға, митингілер туралы заңнаманы жетілдіруге, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөлгенін байқадық.

Судья ретінде  Жолдауда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілгені, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің шешуші факторы сот және құқық қорғау жүйесін терең реформалау қажеттігіне баса көңіл бөлгені ұнады. Сот саласын дамыту жолында түрлі реформалар жасалуда. Азаматтарымыздың құқығын барынша қамтамасыз ету жолында мұндай бастаманың маңызы зор екені анық.

Айта кетер жайт, тамыз айының басында ел басшысы  twitter әлеуметтік желісінде есірткі бизнесі, педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктелетінін алдын-ала хабарлаған еді. Сол тапсырмасын ұмытпай Жолдауда да  қайталап айтып, әсіресе балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны қатаңдатуды баса айтқаны аталмыш мәселелердің дұрыс шешілуі үшін көптің көңілінен шықты. Өйткені жоғарыдағы мәселелердің қай қайсысы болмасын қоғамды артқа тартып тұрған мәселелер болатын. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел ішіндегі маңызды мәселелерді әрқашан назарда ұстап, мәселені шешу жолдарын үнемі қадағалап отыратынын білдіреді.

Сондай-ақ Жолдауда «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет. Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет» екендігі де атап өтілген. Осыған дейін де сот шешімдерінің сапасын арттыру күн тәртібіндегі мәселе болатын. Басталған істің жүйелі түрде әрі қарай жалғасын табуы үшін Жолдауда атап өтілуі сала мамандарын қуантып отыр.

Бүгінгі күні жемқорлықпен күрес еліміздің дамуы жолында басты  мемлекеттің ұстанымдардың бірі екені жасырын емес. Осы орайда Жолдауда жемқорлық мәселесінің де ұмыт қалмай атап өтілген. «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ» деп Жолдауда нақты атап өтілген ұстаным алдағы уақытта жемқорлықпен күрес кезінде өзінің оң нәтижесін береріне үміт зор!

Сонымен қатар, өз жолдауында Президент «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын.» деп тиісті билік тармақтарына тапсырама берді. Бұл көпшілік халықты толғандырып, қоғамда әр түрлі пікірлер туғызып жүрген мәселе.

Сот билігі де- заңды қолданушы. Қолданыста қандай қылмыстық заң болса соны жаза белгілігенде қолданамыз. Егер заң бұл бағытта қатайтылса, сот билігі де жазаны қатаңырақ беріп, қоғамда осы мәселе бойынша сотқа қатысты негізсіз айтылатын сынның бір бөлігі азаяр еді.

Жалпы жолауда халықта қоғамды толғандырып жүрген барлық мәселелер жан-жақты мәселе толық қамтылған.

Сол себепті, жолдаудан туындайтын ұстанымның Еліміздің одан әрі өркендеуіне жаңа серпін беруіне сенім мол!

 

Жанат Бекжанов, Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы

 

Комментарий