Аймақ | РегионЕлең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Шымкентте жиырмадан астам ана баспана мәселесін айтып әкімдікке барды

Әкімдік алдына жиналғандар арасында аяғы ауыры немесе қолына емізулі баласын ұстаған аналар да болды.

13 қыркүйек күні түстен кейін жиырмадан астам ана Шымкент қаласы әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Наразы топ қала әкімінен баспана мен жәрдемақы мәселесін шешіп беруді талап етті, деп жазады Азаттық.

Әкімдік алдына жиналғандар арасында аяғы ауыры немесе қолына емізулі баласын ұстаған аналар да болды. Солардың бірі төрт баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұратын Гүлнар Бернақова есімді әйел үш айдан бері құжат өткізгенімен 21 мың теңге жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Есіктен есікке кіріп жүріп, шаршағанын айтқан әйел төрт баласын үйінде қараусыз тастап кеткенін айтып, қала әкімі Ерлан Айтахановтан аналардың мәселесін шешуді сұрады.

– Аяғым ауыр, жүрісім мынау. Көшеде босанатын түріміз бар. Осыншама әйел зар илеп отыр. Баламен келдік. Әкім шығып бір шешімін айтсын, – деді ол ашуланып.

Наразы топтың ішінде баспана мәселесін шешіп беруді сұрағандар да болды. Үш мүгедек баласы бар, жалғызбасты көпбалалы ана Гүлназ Маханова 2014 жылы үй кезегіне тұрған. “Кезегім қашан келетіні белгісіз” деп шағымданған әйел әкімдіктен баспана беруді сұрады.

Бір сағаттан астам уақыт әкімдік алдында тұрып, қала әкімінің шығуын талап еткен наразылар әкімдік ішіне кіріп “әкім шықсын” деп айқайлады. Ғимарат ішіндегі күзетшілер оларды сабырға шақырды.

“Бала-шағам үйде аш отыр. Аналардың жан айқайын тыңдау үшін бір адамның өртенуі міндетті ме?” деді наразылардың бірі.

Аналар айқайын тоқтатпаған соң қала әкімінің орынбасары Бұқарбай Парманов шықты. Ол әкімнің жиналыста екенін айтты.

“21 мың теңге жәрдемақы мәселесімен мен айналыспаймын” деген ол тек наразылардың шағымын тыңдауға келгенін жеткізді. Аналардың бір бөлігі Пармановқа арыз-тілектерін айтты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сәлден соң әкімдік өкілдері жәрдемақы мәселесімен келген аналарды “жұмыспен қамту орталығына” әкеткен. Ал ғимарат ішінде қалған аналарға Парманов дүйсенбі, 16 қыркүйекте “тұрғын үй коммуналды шаруашылығына” барып, мәселелерін айтуға кеңес берген.

Комментарий