Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Қытайға барған Тоқаев қамаудағы Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында сол жақта есірткімен ұсталып, тұтқындалған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді. Бұл туралы президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов мемлекет басшысының Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетсек, таяуда Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы мемлекет басшысына хат жолдап, көмек сұраған еді.

Президенттің көмекшісінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжарқынның анасының өтінішіне байланысты, Бейжіңде өткен кездесулер барысында Қытай тарапына жеке өтінішін жеткізіп, аталған мәселе жан-жақты талқыланған.

Өз сөзінде Мұрат Нұртілеуов Қазақстан президентінің Ақжарқынның мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Соның нәтижесінде СІМ арқылы аталған жұмысты жалғастыру жөнінде келісілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бәселеге үлкен көңіл бөлуде. Осы себепті Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесі Қытайға сапар нәтижесіне қатысты тапсырмалар тізіміне арнай пункт ретінде енеді», – дейді президенттің көмекшісі.

Естеріңізге сала кетсек, Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған еді. 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.

2016 жылы қарашада апелляциялық сот тыңдауы өтіп, коллегия шешім қабылдау үшін жиналыс бөлмесіне шығып кеткен еді.

Биылғы жылдың 3 қыркүйегінде Гуанчжоуда Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты сот отырысы өтті.

Комментарий