Детектив

«ИНТИМ» ЖАРНАМАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ

Түс ауа үйде тыныштық орнаған керемет бір сәт еді. Қайын атам түске дейін профессорлық лекциясын өткізіп келіп, бөлмесінде демалып жатқан. Түскі астан кейінгі дастарқанды жинап, төсегіме жеткенім сол еді, үй телефоны шарылдап кетті. Төргі бөлмеден шыққанша, тұтқаны жақын жүрген енем көтерді. Тыныштықты бұзған кім екен, атамды оятып жіберді-ау деп анамыздың жанына жетіп бардым. Сөйлесіп тұрғанын көріп, жанынан өте берген маған: «Сені сұрап тұр ғой деймін, атыңды дұрыс айта алмайды екен», – деп қолыма тұтқаны ұстата салды. Кім екен деп ойлап үлгерместен, телефонды құлағыма апарсам, таза орысша сайрап тұр:
– Алло, это Укили?
– Да, а вы кто?
– Я по объявлению…
– А что за объявление?
– Ммм, то что вы ищете жеребца
– Не поняла, какого жеребца?
– В разделе «интим» нашел ваше объявления…
Түс көргендей, түк түсіне алмай кібіртіктеп;
– Қателескен боларсыз, – деп телефон тұтқасын тез қоя салғаным сол еді, қайтадан шыр ете қалды. Көтердім. Енді басқа дауыс. Орта жастағы еркектің «Добрый вечер!» деген дауысын естігеннен-ақ шоши бастадым. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Ол да Үкіліні сұрайды. Ол жоқ! – дедім нық дауыспен. Енді телефон соқпастай бетін қайтардым деп ойладым. Жоқ. Ол бірден қайта қоңырау шалып, ақысы кеткендей, Үкіліні шақыруымды талап етті. Мен оған сыпайы түрде қателескенін түсіндіруге тырыстым. Ол да қолындағы хабарландыруда дәл осы телефон нөмірі көрсетілгенін, «Укили» деп есімін қалдырғанын айтады. Ақыры енді телефон соқса, полицияға тапсыратынымды айтып құтылған сияқты болдым. Бірақ, одан жарнама берген газеттің шыққан күні мен атын біліп алдым. Тұтқаны қойсам, құрғыр телефон тағы безілдеп қоя берді. Көтерсем, Үкіліні іздеген тағы біреу. Қоңыраудан қоңырау. Телефонға дамыл жоқ. Құдай-ау, қатты таңқалдым. Бәрімізден береке кетті.
ЖАС КЕЛІНГЕ ЖАБЫСҚАН ЖАЛА
Келін болып түскеніме 3 ай ғана толған болатын. Жүктілігіме де 8 апта ғана. Жүргіш қыздардың жарнамасын менің атымнан кім, не үшін берді деген сауалға жауап таба алмай, ата-енемнің алдында ақталумен болдым. Кешкісін күйеуім жұмыстан келді. Бәріміз үнсіз отырмыз. Состиып отырған біздің түрімізден шошып кеткен ол, бір жағдайдың болғанын іші сезді. Ата-анам оқыған адамдар ғой, мені бірден кінәлап кетпеді. Жан-жақты ақылға салып, «жарнама жырын» сараптауға кірістік. Сөйтсем, осыған дейін бір қыз үйге телефон соғып, атамның дауысын естісімен: «Келініңіз Айдар деген жігітті жылатып кеткен. Ол жігіт қазір мүгедек болып қалды» деп, телефон арқылы ұстамасымен қиналып жатқан жігіттің дауысын естіртіп, тұтқаны қоя салған екен. Ішкі түйсігіне сенген атам, ол қыздың әңгімесі туралы маған айтпапты. Аяғы ауыр деп аяған болуы керек. Алдында үйге біреу хабарласып, 10 жастағы қайынсіңілімнен менің есімімді сұрап алған екен. Осыған дейін де күйеуімнің телефонына бейтаныс қыз үздіксіз қоңырау шалып, мандытып ештеңе айтпастан, тұтқаны тастап жүрген. Қайта соғайын десе, жасырын нөмірмен хабарласады. Сонымен не керек, телефон террорисінің бір мезгілде соққан қоңырауын санасақ 60-тан асып кетіпті. Кім екенін өзім де білмеймін, екі жарым ай бойы осылай жалғасып келеді, – деді мезі болған ол. Қорыта келе, бұл жезөкшелерге арналған жарнаманы берген де сол қыз деп шештік. Оны қалай табуға болады?! «Телефон терроршының» нөмірін анықтау жолдарын қарастыра бастадық. Ертең таң атысымен «Көк базар» жақтағы газет шығатын жерге барамыз деп жоспарлап қойдық. Бірақ, ұйқы қашты. Түн ортасына дейін телефонға тыныштық болмады. Жезөкше іздеген ауру еркектер соншалықты көп екенін сол кезде білдім. Қазақ-орысы, басқа ұлты бар, «Үкіліні» көргісі келген адамда есеп болмады. Бұл не «экзотика» деп ойлаған болулары керек. Кіші қайным да телефонға жауап беріп шаршады ма, әлде жаңа түскен жеңгесінің сырын білмегендіктен бе, маған қарап «мұндай танымал екеніңді білмеппін» дегенде, намыстан өле жаздадым. Ақыры телефонды желіден өшіріп, таң ата ұйықтап кетіппін.
ОПЕРАЦИЯ ИКС
Шар ете қалған дабыл сағатының үні бүкіл санамды бір сілкіп алғандай, тез есімді жидым. Асығыс киіне бастап едім, ұйқылы ояу күйеуім әлі ерте ғой, жарнама қабылдайтын жер сағат 10-да ашылады екен деді. Не істеймін енді? Не ас батпайды, не уақыт өтпейді. Кешеден бері телефонға тыныштық болмаған соң, маған ол жерде де ұзын-сонар кезек сияқты елестеді.
– Жоқ, ертерек бара берейік. Кептеліс болуы мүмкін. Кезек алу керек шығар, қайдан білесің, – деп қоям ренішті үнмен. Оған ішкі күйзелісімді көрсетпейін десем де, осы сөзден-ақ ол менің ашулы екенімді байқады. Сосын ақтала бастады.
– Ешқандай қызбен байланысым жоқ. Оның қайдан шыққанын, тіпті кім екенін білмеймін. Дауысын да танымаймын. Өзің де көрдің ғой, сұрақ қойсам болды, телефонды тастай салатынын. Бұл екеуміздің бірінші рет күңкілдесіп, арамызға күдік түскен оқиға болды. Өзіме сабыр, сабыр деп қоямын. Аяғы не болады екен деп тағы ұшқыр ойға беріліп кетем. Қипақтап тұрған күйеуім жоқ. Өз-өзіне сенімді әрі менің көңілімді аулағысы келіп, күлдіртуге тырысады. Ал менің бір жаман әдетім – үндемей қоям. Түуһ, әйтеуір жеттік-ау! Газетке жарнама беретін жер кішкентай ғана орын екен. Кезекте тұрған ешкім жоқ. Қуанып кеттім. Тезірек ұятсыз жарнама берген қыздың аты-жөнін білгім келіп барады. Терезеге жақындап, өтініш қабылдаушы орыс әйелге кешегі газетті беруін сұрадық. Сосын жағдайды түсіндіріп едік, ол нөмірмен белгіленген бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды. Асығыс әрі айдақ-сайдақ жазыла салған қағазда; «Очень симпатичная девушка ищет жеребца. Укили.» – делінген екен. Атыжөнін білмейміз. Тек қол жазуымен ғана іздеп, бүкіл Алматыны шарлап жүру керек болды ма деймін күйініп. Жеке куәлігінің көшірмесі неге жоқ, жарнамаға жауапкершілікті кім алады, елге белгілі бір отбасының телефон нөмірін жезөкшелер жарнамасына кім берді деп біраз шу шығардым. Жасырып тұрған шығар деген оймен, егер тауып бермесеңіз бұл газетті (Из рук в руки) сотқа береміз деп едім, әйел жыларман болып қағаздарын ақтара бастады. Түк таппады. Бізге де жаны ашып тұрғаны байқалады, бірақ қолынан келер дәрмен жоқ. Басын ұстап алып, біраз отырды да, ол қыздың қолында ұлттық аспап болды. Қобыз. Мен тағы қазақ қызының осындай жарнама бергеніне таң қалдым. Содан болар, сол қобызы есімде қалды деді. Жас шамасын, түрін сипаттап берді. Аз да болса, қолымызға айғақ түскеніне қуанғанымызбен, қаладағы ұлттық аспапта ойнайтын қыздың бәрін қалай тексеріп шығамыз деген уайым басып кетті.
ҚОБЫЗДЫ ҚЫЗ
Қобыз. Қасиетті қобызда ойнайтын қызда қасиет болмағаны ғой сонда дедім күбірлеп. «Не болды, саған?» – дей бастаған күйеуіме, ал енді есіңе түсірші, қобызда ойнайтын қандай қызбен таныс едің, неге ол маған сонша өшігіп алған деймін. Ол өзінің жұмыс бабымен талай адамдармен кездесетінін, ондай ешкім есінде қалмағанын айтумен болды. Оған ренжиін десем, күйеуімнің де терроршы қыздың құрбаны болып жүргеніне бірнеше айдың жүзі болды. Әкемнің қайтыс болғанына үш ай болып, қазадан ес жия алмай жүргенде, мынау жарнама жығылғанға жұдырық болды. Кім? Не үшін деген сауалдарға жауап табу үшін екеуміз отырып алып, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіре бастадық. Күйеуім бір кезде; – Жарнама берген қыз менің танысым емес, тұрмысқа шыққаныңды қызғанған сенің танысың болуы да мүмкін ғой, – деді.
Ой жүйрік. Бір сәтте-ақ бүкіл студенттік кезім мен жұмыстағы таныстарымды ой елегінен өткізіп шықтым. Менің жанымда үнемі жақсы адамдар жүрді. Таныс қыздардан қобызда ойнайтын ешкімім жоқ дедім сенімді түрде. Күйеуімнің орыстілді ортада ғана жүргенін білгендіктен қос бұрымды қазақ қызы, қолында тағы қобызы болса, расында мені көре алмаған алыс таныстарымның бірі ме екен деген ой да қылаң ете қалды. Өнер институтын бітірген мен емес пе? Өнер саласы, оның ішінде консерватория қыздарымен жақын араласып едім ғой. Дегенмен одан бері неше жыл өтті? Менің журналистикада жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Көбісін танымай қалатындай уақыт өтті. Сонда бұл қыз менің барған үйімнің телефонын, қайын атамның кім екенін білген болса, онда шынымен өнер саласының адамы болды ғой… Егер күйеуімді қызғанса, неге ертерек әрекет етпеді екен деп қоям. Сонымен күйеуім де, бұл таза қазақи қыз болса, демек сенің танысың дей берді. Ал, осыған дейін саған бәленбай рет үздіксіз телефон соғатын қыз кім болды деймін оған. Атама жаңа түскен келінін жамандаған қыз бен телефонда ыңырсыған дауыс шығарған жігіт ше?
– Маған телефон соғып, тастай салатын қыз орыстілді, ал мынау таза қазақи қыз деді ғой, – деген күйеуіме шарт кеттім.
– Мен де қазақи қызбын, қазақ қызының ғана қолында ұлттық аспап болады деп кім айтты? Сосын орысшалыс болмаса, қазақ қызы ешқашан ондай әрекетке бармайды дедім қатқылданып.
АЙҒАҚ
Екеуміз үнсіз отырмыз. Мен ар-ожданыма күйе жаққан, күйеуімнен ажыратуға тырысып жүрген кім болуы мүмкін деп бас қатырып отырсам;
– Кеттік! – деді күйеуім.
– Үйге барғым келмейді. Тағы да сол телефон. Қоңырау шалған еркектерден жиіркенетін болдым, – дедім.
– Жоқ, менің есіме түсті. Осыдан 1,5 жыл бұрын ұлттық оркестрлердің аймаққа сапарын ұйымдастырғанмын. Сол жерде қобызшылар да бар.
– Нақты кім екенін білесің бе, сонда?
– «Құрманғазы» мен «Отырар сазы» оркестрлерінің басшыларын танимын. Жаңағы қағаздағы жазумен жұмыс істейтін қобызшылардың жазуын салыстырып көреміз.
– Иә, әрекетке көшейік, босқа уақыт кетірмей, – деп екеуміз кафеден асығыс шығып кеттік. Менің жүктілікке байланысты жүрегім көтеріліп жүрген кезім. Көлікте айналадағы иістен жүрегім кілкілдеп әрең келем. Түнімен дұрыс ұйықтамағам. Әлсіздік те бар. Бозарып кеткен болуым керек. Түрімді көріп, шошып кеткен күйеуім бірден үйге тартты. Маған сенсең, ол адамды табам деді, сөз беріп.Шарасыз күйге түскен менің көнбеске амалым болмай, үйде қалдым.
ҚОЛТАҢБА
Тағатсыздана телефон қоңырауын күтіп отырмын. Үй телефонын өшіріп, бәріміз ұялы телефон арқылы байланысқа шығатын болдық. Бір уақытта күйеуім хабарласып, Құрманғазы оркестріндегі танысым арқылы қызметкерлердің іс-қағаздарын ақтарып шықтым. Ешкімнің жазуы ұқсамайды деді. Бірден екінші оркестр ше деп едім, ол жердегі танысының жұмыста жоқ екенін айтты. Түстен кейін барып, тағы сұрастырып көрмекші. Салым суға кетіп мен отырмын. Кеш болды. Бәрімізде маза жоқ. Кейде атамыз кешкі жаңалықтардан кейін, құрдастарына телефон соғып, қоғамдық мәселелерді ұзақ талқылайтын. Үй телефонды желіден ажыратып, үйдегілерді барлық мүмкіндіктерден айырып тастағандай күйде болдым.
Қызық, мына оқиғалар шынымен маған қатысты ма деп қоям. Үш ұйықтасам, түсіме кірмеген жағдайға қалай тап болдым. Елге белгілі отбасының жаңа түскен келінін жезөкше қылып көрсету, қарапайым қазақ қызының миына қалай келді екен десеңізші?! Сериалдарды көп көретін біреу шығар. Әлде, шынымен менің күйеуіме ғашық па екен, онда неге сөйлеспейді, не үшін кездесуден қашады? Сансыз сұрақ санамда самсап жатты. Көргім келді. Көрсем, не істер екенмін. Әбден эмоцияға беріліп кетем бе деп қорықтым. Жүктілік кезінде гормондар басқа шауып, бәрі жүйкеге әсер етеді деуші еді, бұл өзі маған берілген ауыр сынақ болды-ау деп өзімді басуға тырыстым. Ас үйге барып, ыстық шәй ішкім келді. Шәй дайын болғанда, жүрегім айнып оны іше алмадым. Жылағым келді. Үйдегілерден ұялдым. Мен мықтымын, мықтымын деп өзімді қажай бердім. Егер аяғым ауыр болмағанда, бүкіл шаруаны түске дейін-ақ шешер едім деп, созылып кеткен зерттеуге зығырданым қайнап отыр. Сол сәтте күйеуім телефон соқты. Таптым, бірақ, нақты сол адам ба, білмей тұрмын деп екіұшты жаңалық айтты. Қуанарымды да, егіліп жыларымды да білмеймін. Бірақ не үшін қуанам, бүлдіретінін бүлдірді ғой ол қыз. Енді ол жарнама қанша уақыт жараның бетін тырнай беретінін бір құдайым біледі.
АЛМАГҮЛДЕН ТАБЫЛҒАН АЛМАГҮЛ
Қыздың аты-жөні мен мекенжайын жазып алыпты. Алмагүл деген қыз Алмагүл шағын ауданында тұрады екен. Бірақ, нақты сол ма, жоқ па, белгісіз. Мен өзім өмірде белгісіздікті жек көретін адам едім. Бүгін тағы ұйқы болмайды деп уайымдап отырғанда, күйеуім қайта хабарласты. Телефонына әлгі қыз қоңырау шалғанда, нөмірі көрініпті. Операторға ертерек шағым түсіріп, келетін қоңыраулар тізімін сұратқан соң, жасырын қоңыраудың өзі көрінетін болыпты. Қыздың аты-жөні мен тұратын жері нақтыланды. Уһ дедік те, түн ұйқысын тыныш өткіздік. Таңғы 7-де күйеуім екеуміз Алмагүлдің үйінің алдында тұрдық. Подъездің есігі ашылғанда, 5 қабатқа көтеріліп пәтеріне қоңырау соқтық. Есікті әкесі ашты. Орта жастағы ер адам милицияда қызмет етіп, енді зейнеткерлік демалысқа шыққан
екен. Қарапайым отбасының үйіне төпелеп кіріп барып, қызын сұрадық. Артқы жақтан ұйқылы ояу ол шықты. Шынымен шашы ұзын, әдеміше келген жас қыз екен. Жүрегі сезген болуы керек, тез бөлмесіне кіріп, есікті жауып алмақшы болып еді, оған күйеуім жол бермеді. Желкелеп әкеліп әкесінің алдына отырғызды да, барлық жасаған істерін тізіп шыққанда, ызадан булыққан әкесі қызын шапалақпен тартып-тартып жіберді.
– Мен сендерді асыраймын деп тиынтебен үшін басқаларға жексұрын болып жүрсем, сен менің тапқанымды соншама шашып жүр екенсің ғой, – деп күйінген әкесі қызын төмпештей жөнелді. Біз ажыратып алдық. Залға қарама-қарсы кішкентай бөлмеде арбаға жіппен байланған інісі отыр. Үйдегі у-шу әсер етті ме екен, ол да біртүрлі дыбыстар шығарып, қиналып жатты. Қайын атама телефон соғып, «келініңіз мүгедек қылды» деген осы інісі болды-ау деп түсіндім. Сосын өзіме сонша қиянат жасаған опасыз қыздың шүйкесінен бір түйіп жібердім де, сүйкімсіз дедім тістеніп. Басқа сөзімді шығын қылғым келмеді. Сонымен не істейміз? Көлікке отырып алып, Медеу аудандық ішкі істер басқармасына кеттік. Көліктің артында әкесі мен қызы ұрысып келеді. Не деген парықсыз қыз едің деп мен де іштей ұрысып келем. Бағдаршамға тоқтағанда, есік ашылды да, қыз қашты. Артынан күйеуім қуа жөнелді. Біраз жерге жеткен қызды желкелеп әкеліп, көлікке мәжбүрлеп отырғызып жатқанда, араша түспекші болған адамдар да болды. Кейін әкесі мен көлік алдында отырған мені көрген жұрт тынышталып, әркім өз жөнімен кетті.
ПОЛИЦИЯ
Ырду-дырдумен ішкі істер басқармасына да жеттік. Арыз жазып, бұл ендігі күдікті емес, барлық істері әшкере болған «террористі» әкелдік дедік. Тергеушілер таң қалысты. Мұндай оқиғаны осыған дейін кездестірмеген екен. Біздің із кесуші сияқты жоспарлы шараларымыздың бәрін тізіп, жазып алды. Қызды тергеуге алды. Не үшін осындай іс-әрекетке бардың деген сұраққа;
– Осыдан 2 жылдай бұрын оркестрмен гастрольде жүргенде, мені бір шараға қатыстырмай қойған, соған ыза болып, өш қайтарғым келді, – деді. Сенейін бе, сөгейін бе, білмедім. Шындығы сол ма, жоқ па, оның маған керегі шамалы. Ештеңе айта алмадым. Қызды қамауға алды. Біз үйге қайттық. Үйге келсек, телефонға бұрынғыдан да тыным жоқ. Бірақ бәрін басқаша қабылдайтын болдық. Мен «жезөкше» деген атақтан ақталып шыққандай, күйеуім бопсалаудың құрбаны болғандай жеңілдеп қалдық. Екі күннен кейін күйеуімнің адвокат болып істейтін жездесі телефон шалып, кімнің шантажына іліккенсің, інім-ау, мынау бір ауру екен ғой деп жатты. Сотта қорғаушысы болып бекітілген Ерлан жездемізге «терроршы қыз» түнгі 2-лерде телефон соғып, оған аяғы ауыр әпкеміз ренжіп, мазаларын ала бастапты. Ақыры бұл адвокат мазасыз клиенттен бас тартуға мәжбүр болды. Тергеушілер де «мына қыз қуып кетті» деп бізге шағымдана бастады. Сөйтіп, өш алғыш қыз ақыл-есі дұрыс емес деген
анықтама алып, қамаудан шықты. Мен де кешірдім оны. Ал Үкіліні іздегендерге, үйдегілер ол шетелге көшіп кетті деумен болды. Бірақ сол жарнаманың күші 3 жылға жетті, арасында ескі газетті алып, экзотиканы іздейтіндер толастамады.
Үкілай БЕСТАЙ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий