Судья мінбері | Судебная система

Заманауи технология сот саласының сапасын көтеруде

Қазіргі таңда еліміздегі сот жүйесі үздіксіз даму үстінде. Әсіресе уақыт талабына сай саланың заманауи ақпараттық технологиялармен жарақтануы саланың айтарлықтай алға жылжуына әсер етті. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажманұлы Асановтың 2019 жылды – сот төрелігінің сапасы жылы ретінде жариялағаны баршамызға белгілі. Осы орайда сот жүйесі қызметіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу халықтың сотқа деген сенімінің артуына, сот төрелігінің сапасын жақсартуға, соттарды заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудің пәрменді институтына айналдыру мен одан әрі дамытуға және әлемдегі отыз озық елдің қатарына кіруіне бағытталған стратегиялық жоспарды орындауға өз үлесін тигізіп жатқанын, бастысы саладағы сапаның артуына ықпал етіп жатқанын айта кету керек.

Дәл қазіргі таңда саладағы айыптаушылық көзқарасты төмендету, кассацияға қолжетімділікті ұлғайту, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын жетілдіру, әкімшілік соттарда құқықтарды қорғауды күшейту, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу басым бағыттар болып отыр. Аталған бағыттар бойынша соттың жеті түйіні жобасы аясында және оған дейін де жүйелі жұмыстар атқарылды, дегенмен осы бағытта жұмыс жасау әлі де болса басты мақсаттардың бірі болып отыр. Алдағы уақытта, «Е-СОТ» түйіні электрондық сот төрелігін одан әрі дамытуды көздейді. Қазіргі цифрландыру заманында, азаматтардың арасындағы қарым-қатынас гаджеттерді қолданумен тығыз байланысты болып отырғаны жалпыға мәлім. Осы әлемдік тенденцияны ескере отырып, цифрлық сот төрелігі – адамдар үшін ыңғайлы жағдай жасап, соттар айқын әрі қолжетімді бола түсті. Электрондық сот төрелігінің тиімділігі уақыт пен қаражатты үнемдеуге және қағазбастылықты азайтуға ықпал етуде.

Елімізде осы цифрлы технологияға ең алғаш қадам басқан да Жоғарғы Сот болатын. Осыған орай, жедел ақпарат алмасудың технологиясы дамыған шақта сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылып, ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың толықтай игілігін көріп отыр. Атап айтсақ, ұтқыр бейнеконференц байланыс арқылы азаматтар қай қалада болсын уақытын үнемдеп, тікелей байланысқа шығу мүмкіндігіне ие. Осыған орай істер жедел қаралып, қауіпсіздік тетіктері қамтамасыз етіліп, бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу жеңілдеді. Сот жүйесінің бейнеконференц байланыс арқылы жұмыс істеуге көшуі ең алдымен уақытты, одан соң қаржыны үнемдеуге септігін тигізуде. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында Жоғарғы Сот тарапынан бүгіндері жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар, соттардың халықпен өзара іс-қимылындағы барлық мәселені кеңінен қамти отырып, республикамызда «электронды сот төрелігін» мейлінше дамытуға, төрешілдік кедергілерді болдырмауға, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, ел тұрғындары игілі үшін сот жүйесінің қолжетімді әрі барынша ашық болуына жағдай туғызуда.

Әйгерім Тұрсынбекова, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының бас маманы, Сот Мәжілісінің хатшысы

 

Комментарий