Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен күрес – күн тәртібінде!

Бүгінгі күні жемқорлықты жеңу еліміз үшін нақты белгіленген мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Тіпті елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. көптеген жемқорлар жазасын алып жатса, темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандары да бар. Айыппұл төлеп жазасын, қаржылай өтегендері де жетерлік. Жемқорлықпен күрес кешенді түрде жүргізіліп жатқандықтан, алдын алу шаралары мен кесілген жазалар да уақыт өте түрленіп отыр. Әйтсе де сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда оны қоғамның көмегінсіз жеңу мүмкін емес екендігін де ұмытпауымыз керек. 

Өйткені жемқорлық жалпы қоғамның қарсылығымен ғана ауыздықталатын дерт. Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Осы орайда еліміздің жемқорлықпен күрес тәсілдерін ұдайы жетілдіріп, өзгертіп отыру себебін түсінуге болады.

Қылмыстың бұл түрінің қоғамымыздың барлық саласына тамыр жайып кеткені жасырын емес. Өкінішке қарай, ол білім беру, медицина сияқты ізгілікті діттеген салалардан бастап құқық қорғау органдарына дейін бой көрсетіп келеді. Сондықтан да қоғам бойындағы бұл дертпен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр.Сыбайлас жемқорлықпен күресте кешенді шаралар атқарылу керек, соның бірі-жариялылық. Халық қылмыс фактілерінен де, оны жасағандарды да дер кезінде молырақ біліп отырса, қоғамның істің нәтижесіне деген сенімі күшейеді. Сондықтан қазір барлық салада ашықтық, жариялылық қамтамасыз етілуде. Алда тұрған мақсатты жүзеге асыру тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы, бүкіл қоғамның алдында тұрған аса күрделі де қасиетті міндет. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сондықтан, Президент өзінің халыққа арнаған үндеулерінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін атап көрсетуде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.

Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Кәкен Дидар, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының Бас маманы, Сот Мәжілісінің хатшысы

Комментарий