ДетективЖаңалықтар | Новости

ҚАН жібермейді

Қорланған Жарас үйіне ашулы кірді. Онсыз да қара торы жігіттің түрі күреңденіп кеткен. Алдынан жүгіріп шығып киімін алмақ болған келіншегіне де көз тоқтатып қарамады. «Жәкесі, не болды?» деген сұрағы да түрпідей тиген. Не болушы еді?, – деп бірдеңені қиратардай болып екпіндей төрге озған жігіт шаужайына оралған кішкентайын да қағып тастап төсегіне құлай кетті.
«Қайыршы, ақша таба алмайтының бар неге қарыз аласың»,– деді-ау бұған. Дүйім жұрттың көзінше. Қайтаратын еді ғой. 100 мың деген ердің құны ма екен? Осыны айтып, ақталмақ болып еді әйелі де шаптығып шыға келді. Енді қайтпек? Жұмыстан шығып қалғаны мынау. Несие бере қоятын да адам жоқ. Ең болмаса
сатып пұл жасайтын малы болсашы. Осыдан екі ай бұрын 20 пайыздық үстемемен алған 100 мың теңгесі өсіп 150 мыңға жуықтаған Жарас бүгінге дейін қарызын қалай қайтарсам деумен бас қатырған еді. Түнерген жігіттің ойы бүгін алғашқы рет бұзылды. Ашулы азамат сол сәттен бастап қарызын қайтаруды емес, өзін кемсіткен отбасынан қалай кек қайтарам дегенді ойлады. Жатса да, тұрса да мақсаты сол. Өзімен өзі арпалысқан жігіт кеше ғана баласының операциясы үшін қарыз алып тұрып қожайындарға алғыс айтқанын да ұмытып кетті. Ол кезде де бүкіл ауылды, таныс-тамырды адақтап жүріп қарыз сұраған. Ойпыр-ай, адамнан мейірім кеткен деген рас болар. Жақын тұтып жүрген жандардың өзі ақша сұрасаң алақан жайып шыға келеді
екен. Біреуі мұның жағдайын түсініп, көмектескісі келмеді-ау. Сондай қиын сәтте 100 мыңды қолына ұстатқан
көршісін әкесінен де қадірлі көргені есінде. Тіпті, бұл ақшаны үстемемен қайтаратынын да ойламаған еді ол кезде. Ендігісі мынау…
Көзі қарауытқан ол көпшіліктің көзінше өзін тілдеген Ернатты қайтсем мұқатам деумен кешті батырды. Мұндай
кезде ойға не келмейді. Біресе, дұшпанының алқымынан алып қылқындырып, жалындырып жатқаны елестейді көзіне. Енді бірде Ернатты әйелімен қосақтап қойып дарға асып жатыр екем деп қояды. Әттең, қаруы жоқ. Жаман ой санасын улаған жігіттің таңның атысынан кештің батысына дейінгі жалғыз арманы – кек
қайтару ғана. Ессіз еркек тіпті түсінде де жауыменен жағаласып жатады…
Өрт
Шытыр-шытыр еткен дауыстан оянған Батырбек шал терезеге көз салған. Әлсіз жанары қараңғылықта жалын
шапшып жатқан көршісінің үйін бірден байқады. «Ойпыр-ай, өртеніп жатыр ғой, тұрыңдар, тұрыңдар, қане»,– деп өз үйін азан-қазан еткен қарт өзі апыл-ғұпыл киініп сыртқа жүгірді. Мұның айғайын естіп аз уақытта біраз адам жиналып та қалды. Бірақ, әбден күшіне еніп алған өрт жан-жақтан шелектеп су шашып, ауыздықтамақ болған қарашаға бағынар болмады. Қайта лаулап, көтеріле берді. Көршілердің шақыруымен жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер келгенде еңселі үйден ештеңе қалмаған еді. Күл-қоқысты ақтарған мамандар
өртенген үйден төрт адамның мәйітін шығарды. «Үйі құрысын, өздері аман болса екен»,– деген көршілердің үміті ақталмады.
Сараптама
Сараптамашылардың айтуына қарағанда, үйдегі кішкентай нәрестеден басқалардың барлығы өрттен бұрын
өлген. Үшеуінің де ішкі құрылысы түтіннен, иістен таза. Ал, қаныпезерлер шырылдаған баланы көре тұра өз
қылмыстарын жасыру үшін әдейілеп үйге өрт қойған. Білетіндер отбасының қарызға өсіммен ақша беріп нәпақа тапқандарын айтады. Осыдан үш жыл бұрын көрші ауданнан қоныс аударған отбасының бұл ауылда жақындары жоқ болып шықты. Бірақ, қолдағы ақшаларын тиімді жарата білген жұп аз уақыттың ішінде-ақ малын көбейтіп, ақшасын молайтып үлгерген көрінеді. «Өз малын адам жалдап бақтырады. Өздері кісікиік секілді. Көп ақтарыла бермейді. Іске мығым. Бұған осы жақын маңдағы ауылдардың көпшілігі қарыз болар.
Тіпті, бір сөзінде миллионға дейін қарыз алғандардың бар екенін айтып еді. Бәлкім, солар ма екен осындай қылмысқа барған»,– деді Батырбек қарт. Ауылдағы учаскелік инспектор да: «Бұлар көшіп келе салып үйді емес, әуелі қоршауды биік етіп қатырып салды. Тышқан тесіп өте алмайтын еді. Қоршаудың ішінде не болып жатқанын ешкім білмейтін. Кейін ақшамен жұмыс істейтінін білген соң бұл қылығын түсіндім. Өзінше қауіпсіздік шараларын жасағаны ғой»,– деп қалды.
Төрт бірдей адамның өліміне себепші болған өрт ауданды біраз дүрліктірді. Мұндай кезде қылмысты тезірек
ашып, халықтың аптығын баспасаң жағдай қиын. Соны түсінген облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы шалғай ауданға арнайы жедел топты жөнелткен. Асқар Таңжарықұлы бастап келген жедел топ алғашқы күні оқиға куәгерлерін іздеуге тырысты.
Жолайрық
Қаралы оқиғадан кейін отбасының туыстары іздестіріліп, олардың да ой-пікірлері тыңдалды. Бәрінің айтатыны бір – отағасы Ернаттың өзі де, әйелі де туыстарымен араласуды қаламаған. Әкесі қайтқаннан кейін тиесілі мал-мүлкін бөліп алған отбасы таныстардан алысқа қоныс аударған сыңайлы. Ешкіммен араласпаған, ешкіммен байланыспаған? Ендеше, мұның өлімін қарыз алғандар ғана тілеуі мүмкін ғой. Осыдан кейін көрші-қолаң, таныстардың айтуымен берешек жандардың тізімі жасалды. Даулайтын жан жоқ болған соң «қарызымды әлдеқашан қайтарғанмын»,– деп бұлтаққа салғандар да аз болмады. Дәлел жоқ, не дерсің? Осы
кезде көршілердің біразы: «Әлгі Жарас та өткенде бұларға өкпелі болып, тісін қайрап кетпеп пе еді? Мына екеуі де біраз сөз айтып жігіттің сағын сындырды. Өзі бір томаға-тұйық жігіт, содан бәле келіп жүрмесе»,– деп жаңа бір күдіктің шетін шығарған. Жарас пен үй иелерінің арасындағы шатақтың мәнін тереңдетіп сұраған тергеуші күдікті жігіттің өзімен сөйлесіп көруге бел буған.
Саңылау
Тергеушіні көрген Жарас та, келіншегі де күмілжи берді. «Қылмыстың бір ұшы шықты-ау» деп іштей топшылаған тергеуші жігіттен «иә, мен едім кінәлі. Бір үйлі жанды өлтірген мен»,– деп мойындауды күткен. Жоқ, азаматтың қабағының салыңқы болуының сыры өзгеде болып шықты. Сол түні бойын кек кернеген Жарас әйелінің қарсылығына қарамастан үйден айбалтасын алып шығып кетеді. Үлкен қоршауға көршінің тауық қорасы арқылы түспек болған жігіт шатыр үстінде тұрып та біраз ойланады. Бойындағы қорқынышты жеңіп аулаға секірмек болғанда жақын маңға тоқтаған көлік дауысын естиді. Одан соң көп күттірмей қақпа ашылып ішке үш жігіт енген. Қараңғыға көзі үйренген Жарас олардың бет-бейнесін анық байқаған. «Содан соң үйден шыңғырған, жалынған дауыстар шыға бастады. Тарс-тұрс еткізіп ұрып жатқандай, одан соң баланың
ағатайлап жылаған дауысын естідім. Бір кезде бәрі тына қалды. Артынша әлденені көтерген үшеу үйді айналып құтыдағы жанармайды шашып жүрді. Сосын…»,– әрі қарай ештеңе айта алмаған жігіт кемсеңдей берді. «Егер мен дер кезінде елді шақырғанда бір үйлі жан қырылып қалмас еді ғой. Міне, үш күн болды, Ернаттың кішкентай баласының ағатайлаған дауысынан шошып оянам. Ол ана қарақшыларға жалынып
емес, маған құтқаршы деп айтқандай көрінеді»,– деді сосын еңкілдеп.
Құрық
Жарастың айтуы бойынша бірден үш жігіттің фотобейнесі жасалап, көгілдір түсті мерседеске іздеу жарияланды. Сериялары белгісіз болғанымен, 345 деген санды Жарас жаттап қалған екен. Ауылды жерде қылмысты ашу қиындық тудырмады. Ернаттың туыстары ә дегеннен-ақ аталмыш көліктің иесін танитындарын айтып берді. Жүсіп Ернаттың бала күнгі досы болып шықты. Қауіпті аңғарып қашып үлгерген Жүсіп тек бір
айдан кейін Алматыда ұсталды. Екі сыбайласы да алысқа ұзамады. Бір шаңырақты ортасына түсіріп кеткен қарақшылар қылмысқа ақша керек болған соң барғандарын мойындады. «Осы бизнесті банктен алғаш несие алып Ернат екеуміз бірге бастаған едік. Менің жолым болмады, ол ақшасын да көбейтті, малын да өсіріпті. Ақша сұрап барып едім, берді. Бірақ, елге беретін үстемемен. Жыным келді» – деді Жүсіп түнеріп.
– Қанша қарыз алған едіңіз?
– Бір миллион теңге.
– Ақшаны қайтармадыңыз ба?
– Қайтаруын қайтардым. Бірақ, досым қарыздың өсімін алмайтын шығар деп ойлағам. Қысылып тұрғанымды,
соңғы үмітім деп келгенімді білді ғой. Сөйткен Ернат мен берген ақшаны көзімше санап, сейфке салды. Қарасам, сейф толған ақша. Осы кезде бұрынғы досыма деген реніштің қалай қанды жоспарға ұласқанын білмей қалдым.
– Сосын… Жаныңызға кімді ерттіңіз?
– Көргенімді Бекенге айтқам. Ағайынды ағам ғой. Менің айтқанымды жақсылап тыңдаған соң, ұрлыққа түнде
барайық деп ұсыныс жасады. Екеуміз ғана шығуға қорықтық. Бұрын мұндай іске бәс тігіп көрген жан емеспіз. Сосын амалсыз Бекеннің досына қолқа салдық. Қалқаман осыған дейін екі рет түрмеде отырып келген, Бекеннің әйеліне жақындығы бар жігіт. Біздің ұсынысымыздан ол да бас тартпады. Үйге қалай кіретінімізді, сейфті қалай алып шығатынымызды, шу шығармау жағын тәптіштеп ойластырған секілді едік…
Жүсіп жоспарынан шикіліктің шыққанына өкінгендей бір сәт үнсіз қалды. Содан кейін барып:
– Түн жамылып үйге кіргенімізде айналаның бәрі жым-жырт тыныш болатын. Есікті еппен ашқан Қалқаман жаймен ішке енген. Біз де соңынан ілестік.
Үйдің іші қап-қараңғы болғандықтан ақырындап ұялы телефонның жарығын қосып, мысық табандап жүріп келеміз. Тура алдымыздан Ернаттың әйелі шыға келгенде телефонды жылтылдатып жол бастап келе жатқан мен сүрініп кетіп, етпетімнен түстім. Онсыз да елегізіп келе жатқан Бекен әй-шайға қарамай әйелді тоқпақтады да кетті. Құры сейфті алып тайып тұрамыз деген жоспарымыз осылайша тас-талқан болды. Әйелінің шыңғырған дауысын естіп, Ернат келді. Олардың айғайынан оянып балалар тұрды.
Тергеу
… Басын қос қолымен қысқан Жүсіп біразға дейін үнсіз қалды. – Қарлығаш пен Қолғанат өз баламдай еді ғой,– деді сосын, – қызы дүниеге келгенде Ернат екеуміз қандай тату достар едік. Ұлы дүниеге келгенде де қуанышына бірге қуанып едім. Бірақ… сол қу ақша… іштарлық… көреалмаушылық…түбімізге жетті. Біраз уақыт
екеуміздің арамыз үзіліп қалды. Егер ақша керек болып, Ернатты іздеп бармағанымда мұндай жағдай болмас па еді…
– Неге өлтірдіңіздер? Балалардың жазығы не? – деп қадалған тергеушіні Жүсіптің жалынышты үні жібіте алған жоқ. Қайта кеше ғана ірі денелі, сұңғақ бойлы көрінген жігіттің бүгінгі бейшара қалпы одан сайын жиіркенте түскендей.
– Өлтіру ойымызда болмаған. Бәрі күтпеген жерден өзгерді. Басында сейфті ала салып шықпақ ниетте едік. Бірақ, Айсәуле алдымыздан шыға келіп айғайға басқанда амалымыз қалмады.
– Бетперде киген бе едіңіздер?
– Жооқ…
– Онда өлтіру ойымызда болмады дегендеріңіз де жалған ғой…
Тергеушінің тіке қараған жүзінен жасқанған Жүсіп жанарын төмен салды. Сонда да болса «Жооқ, сейфті алып
қайтамыз дедік. Қолымызды қанға малып қайтеміз? Біз де адамбыз ғой» деп міңгірлеп қояр емес. Бірақ, сол күнгі оқиғаны ойша таразылаған тергеуші оның сөзін тыңдаған да жоқ.
– Өлтіргісі келмеген адам бетін көлегейлеп, ұсталып қалмаудың амалын жасар еді. Оның үстіне, үй иелері сізді жақсы біледі. Тіпті бетіңізге маска кисеңіз де Ернат пен әйелінің сізді танымай қалуы мүмкін емес. Ал, сендер не істедіңдер? Бетті бүркемелемей үйге кіріп келдіңдер. Әлде ақшаға деген құмарлық есті алып, сақтықты ұмыттырып жіберді ме? Үй иесінің көлігі сыртта тұрған. Яғни, олардың ешқайда кетпегенін білдіңдер ғой, білдіңдер! Ендеше, неге өлтіргіміз келмеді деп өтірік көлгірсіп отырсың?
– Түнгі үште кім оянар дейсіз? Дыбыссыз кіріп, сейфті көтеріп кетеміз деп ойладық…
– Қылмыс жасайтын адам барлық жағдайды алдын ала ойластырады. Үйіне қонақ келіп қалмай ма? Үй иесі
оянып кетпей ме? Балалар алдымыздан шығып қалса қайтеміз? Көршілер байқап қалуы мүмкін ғой… Ұрлыққа
түсерде мұның бәрін ескеріп, жоспар түзеді. Ал, сіз біреу күтіп тұрғандай үйге басып кіріп, сейфті арқалап кете
береміз дедік дейсіз. Мұндай ертегіге кім сенеді?
– Егер әйелі оянып кетпегенде бәрі біз ойлағандай болар еді…
– Сонда керегеге бекітілген сейфті дыбыссыз қалай көтеріп шығар едіңіздер? Тергеуші тықақтаған сайын Жүсіп кібіртіктеп төмен қарай берді…Тек сыбайластары қолға түскенде ғана қылмыстың беті толық ашылды.
Шын мәнінде Жүсіп алғашқы ақшасын қайтарғанымен, екінші рет алған екі миллионды созбақтатып,
бергісі келмей біраз жүрген. Әрі мұның ақша алғанын Ернаттың әйелі де, қызы да көрді. Тіпті, қарызының
қайтпағанына қапаланған досы осыдан біраз бұрын іздеп келіп ренішін айтып кеткен. Жүсіптің сейфті ұрлауға батыл кіріскені сондықтан. Сейф қолға түссе қарыз алғаны туралы қолхат та құриды, біраз қаржы да қолға түседі. Тек досы үйін тастап бір елі сыртқа шықпайды екен. Бірнеше күн аңдыған сыбайластар
ақыры олжаларына түнде келуді, артына із қалдырмау үшін соңынан үйді өртеуді жоспарлайды. Ақшаға құныққан қаныпезерлер өртпен бірге қылмыстары да жабылып қалады деп күткен. Бірақ, адам қаны жіберсін бе?
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Комментарий

Бөлісу | Поделится