Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Бейжіңде әйелдер тамақ жасамайды, үй жинамайды»: Қытай азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы өмірі туралы айтып берді

Айжан Райымбекова қытай азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы. Қазір ол күйеуімен Қытайдың Бейжің қаласында тұрып жатыр. Өзге ұлтқа келін болған ару өзінің бақытты екенін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Евразия 1» арнасындағы «Бір сұрақ» бағдарламасына сілтеме жасап.

Айжан шығыстану магистрі, полиглот және сән әлемінің моделі.

«Күйеуім екеуміз бес жыл дос ретінде араластық. Кейіннен достығымыз үлкен махаббатқа ұласты. Ол біздің ұлтымыздың мәдениетін жақсы көреді. Өйткені күйеуім қазақ ортасында өскен. Сөйтіп студенттер болып онымен біз жақсы араластық. Тұрмысқа шыққанан кейін Қытайда тұрдық. Ол жақта ер мен әйел барлық міндеттерді бірге атқарады. Екеуі де үй жинайды, тамақ әзірлейді. Бірақ Бейжің қаласындағы әйелдер ғана тамақ жасамайды, үй жинамайды. Олар тек жұмыс істейді», – дейді Айжан.

Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылардың екі баласы бар. Олар қытай және орыс тілінде білім алып жатыр екен. Қытайда тұрғанымен, балалары Қазақстан азаматтығында дейді. Тіпті есімдерін қазақшалап Темірлан және Арсылан деп қойыпты.

«Ең басында тілдік, мәдениет айырмашылығын сезіндім. Уақыт өте келе мен қытай тілін меңгеріп, таза сөйлей бастадым. Әрине кейбір мәселелер орын алып тұрды. Бірақ қиын кедергілерге тап болмадық. Негізінен өзара сыйластығымыз бен махаббатымыз бәрінен жоғары. Күйеуімді ағам және әжелерім қатты сыйлайды. Өйткені ол ақылды, жүрегі кең адам. Біздің мәдениетімізді жақсы біледі. Үш жылдан бері ораза ұстап келеді», – дейді өзге ұлтына тұрмысқа шыққан қарагөз.

Айтуынша, Айжан ата-енесімен жақсы қарым-қатынаста. Тіпті енесінің аяғын жуып беруге де дайын екенін айтады.

Бағдарламаға келген шығыстанушының айтуынша, өзге ұлт жігіттері қазақ қызының инабаттылығына қызығады екен. Сол себептен шетелге кетіп бара жатқан студент қыздарға тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығуларын айтып отырамыз дейді.

Комментарий