Бас тақырып | Тема дняЭкономика

БІР РЕТТІК ЖЕҢІЛДІК ТӘУЕЛДІЛІКТЕН ҚҰТҚАРМАЙДЫ

«ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК» ЖҮРГІЗГЕН ЗЕРТТЕУГЕ СЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАН ПРОБЛЕМАЛЫҚ КРЕДИТ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ КӨШБАСШЫ ЕЛГЕ АЙНАЛЫПТЫ. ДӘЛІРЕК АЙТҚАНДА, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТІК НЕСИЕЛЕРДІҢ 30 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ «ҚАРА ТІЗІМГЕ» КІРГЕН. РЕСМИ АҚПАРАТҚА ЗЕР САЛСАҚ, БҮГІНГІ ТАҢДА БОРЫШКЕРЛЕРДІҢ БАНК АЛДЫНДАҒЫ БЕРЕШЕГІ 4 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ. АЗ БА, КӨП ПЕ? САНЫ 18 МИЛЛИОН 560 МЫҢҒА ЖЕТЕР-ЖЕТПЕС ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ШАМАМЕН 5,1 МИЛЛИОНЫНЫҢ НЕСИЕ АЛУ МҮМКІНДІГІ БОЛСА, ЕНДІ ЖОҒАРЫДАҒЫ 4 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ОСЫ БЕЛСЕНДІ НЕСИЕ АЛУШЫЛАРДЫҢ ЖАН БАСЫНА ТЕҢ БӨЛІП КӨРІҢІЗ. РАС, БӨЛУГЕ БАТЫЛЫҢ БАРМАЙДЫ.

Тағы бір қорқынышты есепке көз салсақ, бір басында екі несиесі бар қазақстандықтардың саны 1 миллион 200 мыңнан асып жығылса, 300 мыңнан астам банк тұтынушысының бір басында үш кредиті бар екен. Соған қарамастан, екінші деңгейлі банктерге «жіпсіз байланған» тұтынушылардың саны жылдан жылға көбеймесе, азайған емес. Сәйкесінше, алмақтың салмағын көтере алмай, банк алдында қарызға белшеден батқан борышкерлердің де қарасы жылдан-жылға толығып келеді. Яғни, бүгінде банктен алған несиесін дер кезінде қайтара алмай «қара тізімге» енген тұтынушылардың саны бір миллионнан асып отыр. Жалпы, банк тілімен айтқанда «проблемалық несиенің» қаржы секторына ғана емес, ел экономикасына тигізер зияны шашетектен. Олай болса, осы уақытқа дейін еліміздегі екінші деңгейлі банктер неге халыққа несиені оңды-солды таратып, осынша мәрттік танытқан? Мұның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, тиісті заңдардың банктердің жағында болғандығы. Екіншісі, банктер банкрот болса, оларға мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіліп, қайтарымсыз несиелерді «проблемалық несиелер» санатына жатқыза салады. Бұл аз десеңіз, мемлекет екінші деңгейлі банктердің дағдарысын ескеріп, аяғынан тік тұруына көмектескенін талай рет көз көрді.

Тәуекелден басқа амал қайсы?
Ал, екінші деңгейлі банктерге тәуелді тұтынушының тәуекел етуден басқа амалы жоқ. Мысалы, 2012 жылы «Банк және банктік қызмет туралы» заңға несиені мұраға қалдыру туралы бап енгізілді. Бұл алда-жалда о дүниеге аттанып кетсеңіз, банк алдындағы қарызыңызды артыңызда қалған ұрпағыңыз өтейді деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ел Үкіметінің банктік саясаты «сіз үшін тағы не істей аламыз?» дегенге саяды. Десек те, Қазақстан Респубикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда несиеге рақымшылық жасап, бірқатар банк «тұтқындарының» берешегін жеңілдетуге шешім қабылдаған-ды. Алғашында халықтың жекелеген санаттарының банк алдындағы 300 мыңға дейінгі қарызы кешіріледі дегенді естігенде халық аса сенген жоқ. Алайда, өткен аптадан бері есепшоттарына тиын-тебен түсіп, несиелерінің жабылғандығы туралы хабарлама алғандардың қуанышында шек жоқ. Осылайша, бірі қарызының азайғанына аң-таң боп отырғанда, келесілері өздерін рақымшылыққа ілінгендердің тізімінен таба алмай өкпелі. Осы орайда, біз «кімнің несиесіне рақымшылық немесе жеңілдік жасалады? Олардың саны қанша? Кредиттің айыппұлы мен өсімпұлын кім төлейді? Кімдерге қарыз алуға шектеу қойылады?» – деген сұрақтарға жауап алу үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» 2019 жылдың 26 маусымдағы Жарлығымен танысқан едік.

Жарлықтың жарылқауына ие болғандар

Жарлыққа сай, біріншіден, қарызды өтеу шарасы әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған. Атап айтқанда: көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылған, мүгедек баласы бар отбасылар; бала кезінен мүгедектер; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандар. Талапқа сай, бұл топтардың қарызының жалпы сомасы 2019 жылғы 1 маусымындағы жағдай бойынша үш миллион теңгеден аспауы тиіс. Ал, өтелетін берешектің мөлшері (негізгі борыш + оған есептелген сыйақы) әр борышкерге 300 мың теңгеден аспайды. Қалғаны өздігімен қайтарылады. Егер азаматтың басында бірнеше несие болса, алдымен қарызы көп несие жабылады. Екіншіден, айыппұл мен өсімпұлды есептен шығаруға мүмкіндік берілген. Жарлыққа сай, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін кепілсіз тұтынушылық қарыз несиелері бойынша айыппұл мен өсімпұл салынған 5 миллион қазақстандықтың берешегі жеңілдейді. Мұнда жалпы қарыз мөлшері 3 млиллион теңгеден аспайтын борышкерлердің 300 мың теңгеге дейінгі қарызы кешіріледі. Алайда, есептен шығару шарасы ай сайынғы төлемдерден босатылады деген сөз емес. Сондай-ақ, несие төлеуді кешіктіру 90 күннен асса, уақыт кешіктіргендер мен қарызы туралы мәліметі коллекторларға тапсырылған азаматтар бұл рақымшылыққа ілінбейді.
Екінің біріне несие бұйырмайды
Үшіншіден, бұл Жарлықта қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту мәселесі қарастырылған. Енді екінші деңгейлі банктерге күнкөріс минимумынан төмен табыстары бар және әртүрлі жеңілдік алатын азаматтарға несие беруге тыйым салу; барлық тұтынушылық қамтамасыз етілмеген несиелері бойынша айыппұлдарды, комиссиялық төлемдерді және басқа да төлемдерді 90 күннен асырып кешіктірген жеке тұлғаларға төлеуге тыйым салу; несие беру кезінде қосымша реттеу шаралары заңдастырылмақ. Жалпы жоғарыдағы игі шараны жүзеге асыру үстіміздегі жылдың 18 қыркүйегіне дейін жалғасады. Несие рақымшылығына іліну үшін азаматтарға өтініш жазудың немесе құжат жинаудың керегі жоқ. Қарызы барлардың тізімін мемлекеттік органдар олардың қатысуынсыз автоматтандырған жүйе арқылы жасап, сол бойынша жеңілдік шарасы жүзеге асады. Ал, қарыздың өтелген, өтелмегені туралы ақпараттарды ХҚО немесе электронды үкіметтің веб-порталындағы жеке кабинеттен де алуға болады.
Банк клиенттерін қызықтырған «егер бір отбасындағы бірнеше адамда несие болса, бәріне бірдей жеңілдік жасала ма?» деген сұраққа келсек, бұл жоғарыдағы санатқа жататындардың бәріне қатысты. Мысалы, көпбалалы отбасындағы ата-ананың екеуінің де басында кредит болса, олардың несиесі келісімшарт бойынша жеке-жеке өтеледі. Яғни, екеуін қосқанда отбасының 600 мыңға дейінгі қарызы азаяды. Халықты алаңдатқан тағы бір сұраққа да жауап бермей кетсек болмас. «ҚР Президентінің Жарлығымен осы жолы несиелік жеңілдікке ие болғандар кейін тағы несие ала алады ма?» деген сауал қазір жеңілдік алғандардың баршасын уайымға салып отыр. Бұған қатысты ҚР Ұлттық банкінің жауабы мәлім. Құзырлы орын өкілдерінің айтуынша, бұл шара азаматтарды несие алу құқығынан айырмайды екен. Демек, Мемлекет басшысы жариялаған бір реттік жеңілдік халықты банкке тәуелділіктен  құтқармайды.

300 МЫҢ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?
Қазіргі таңда Президенттің Жарлығы бойынша қарыз жүктемесінің төмендеуі мен несиенің бір бөлігін жабу жүріп жатыр. Бұл хабар барша қазақстандықты қуантқаны рас. Алайда көпшілік тарапынан «жеңілдікті кімдер пайдалана алады, қарызы кешірілетіндердің тізімінде болмаса не істеу керек?» деген сұрақтар жиі туындауда. Осы сұрақтарды талқылап, кішігірім лайфхактармен бөлісуді жөн көрдік.
ӨЗ МӘРТЕБЕҢІЗДІ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРУГЕ БОЛАДЫ:
✅ – enbek.gov.kz сайтына кіріңіз;
✅ – «Борыштық жүктемені төмендету бағдарламасына қатысу үшін мәртебені тексеру» тетігін таңдау;
✅ – Өз ЖСН-іңізді жазып, мәртебеңізді білу;
НЕМЕСЕ:
✅ – 111- бірыңғай нөмеріне хабарласу.
ТАҒЫ ДА:
✅ – egov.kz электронды порталында көруге болады.
ЕҢ СОҢЫНАН, БАСҚА АМАЛЫҢЫЗ БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙДА ҒАНА:
✅ – ХҚО-ға барыңыз.
Алайда, егер сіздің аты-жөніңіз тізімде болмаса және сіз онымен келіспесеңіз, онда – 111, 74-32-20, 75-01-79 және 75-01-78 нөмірлеріне хабарласу керек. Сондай-ақ, сізді тізімнен алып тастау себебімен келіспесеңіз, онда банкке немесе несие берген микрокредиттік ұйымға жүгіну қажет. Уақытыңызды әртүрлі жұмсауға болады, бірақ біз әрқашан сіз үшін оңтайлы
шешім табуға тырысамыз және бос уақыттарыңызды жақындарыңызға көбірек жұмсағандарыңызды қалаймыз. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»
Түркістан облысы филиалының баспасөз қызметі

ТІЗІМ ӘЛІ ТОЛЫҒАДЫ

Кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупованың қатысуымен брифинг өтіп, Президент Қ.Тоқаевтың халықтың кейбір санатының несие жүктемесін азайту туралы Жарлығынан кейін орын алған сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, бұған дейін 300 мың теңгеге дейін қарызы кешірілуі тиіс көпбалалы аналардың біразы тізімге енбей қалған болатын. Вице-минстрдің айтуынша, аты-жөндерін тізімнен таба алмаған көпбалалы ата-аналарға қапалануға әлі ерте.
– Бұл науқанды аяқтау мерзімі нақты белгіленбеген. Егер жылдың аяғына дейін осы бес санаттың біріне енетінін растайтын құжаттарды ұсынса, сәйкесінше ол адам бұл тізімге енгізіледі, – деді вице-министр. Яғни, жыл соңына дейін бұл тізімді жаңартуға мүмкіндік бар екен. Соған сай, мемлекет тізімге кейін енген адамның да қарызын шегеру үшін 300 мың теңгеге дейін әлі ақша бөледі. «Ақшаны алмаймын» десеңіз де еріктісіз Сонымен қатар, ол Президенттің Жарлығы бойынша бұл жеңілдікке табысына қарамастан бес санатқа енетін мемлекеттің барлық азаматы ие екенін баса атап өтті. Мысалы, Сіз көп балалы ана болсаңыз әрі кепілсіз несиеңіз болса, онда мемлекет сізге 300 мың теңгеге дейін бір реттік көмек ақша бөледі. Ал бұл көмек ақшаны керек етпейтіндер табылып жатса, онда ақшаны кері бюджетке қайтаруға болады.
– Бұл ақшаны ерікті түрде кері қайтаруға болады. Әрине, ол бюджетке қайтарылады және басқа мақсаттарға жұмсалады. Немесе ол адам өзі қажет етпеген ақшаны шынымен де мұқтаж адамдарға бере алады, – деді ол.
Кешірілмейтін кредиттер
Светлана Жакупова 2019 жылдың 1 шілдесінен кейін өз атына несие тіркеткендер, бұл жеңілдікке іліне алмайтынына да баса назар аудартты.
– Кейбір көпбалалы аналар келіп, несиесі неге шегерілмегенін айтып, шағымдануда. Сөйтсе олардың біразы несиені 1 шілдеден кейін тіркеткені анықталып жатыр. Ондайда оларға бұл жеңілдік бұйырмайды. Екіншіден, несие сомасы 3 миллион теңгеден аспауы шарт. Сонымен қатар, коллекторлық компанияларға өтіп кеткен несиелер де есептен шығарылмайды, – дейді ол. ҚР Ұлттық банк басқармасы төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банктер коллекторлық компаниялармен екі жағдайда жұмыс істейді. Біріншісі – несие банк балансынан жойылмайды, коллекторлар банк атынан несие алушымен қарым-қатынасқа түседі. Мұндай несиелер банктердің балансында сақталады және сәйкесінше олар бұл акцияға іліне алады. Ал егер несие коллекторлық компанияға сатылған болса, онда ол банктер мен шағын несиелік ұйымдар балансынан алынады.
Артық ақша қартаңызға түседі
Kaspi Bank мәліметтері бойынша, «Егер сізде 300 мың теңгеге кепілсіз несие тіркелсе, ал оның 100 мыңын осыған дейін сіз төлеген болсаңыз, онда қалған ақшаны Kaspi Gold карточкаңызға аударады. Егер сізде Kaspi Gold картасы болмаса, онда ол артылған ақшаны Kaspi банктің кез келген филиалынан ала аласыз».
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий