Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ӨРКЕНИЕТ және ҚҰҚЫҚ

Нағашыбай Аманғалиұлы ШӘЙКЕНОВ 1947 жылы 6 наурызда Орынбор облысында туған. Свердловск заң институтын бітірген. Заң ғылымдарының док­торы, профессор. КСРО Ғылым Академиясы Орал бөлімшесінің экономика, Философия және Құқық институт­та­рында ғылыми қызметтер атқарған. Қазақстан Президентінің кеңесшісі, Әділет министрі, ҚР Пре­мьер министрдің орынбасары, Қазақ мемлекет­тік заң университетінің ректоры болып қызмет атқарды. Шәйкенов Қазақстандағы құқықтық реформаның авторы ретінде көпшілікке танымал. Сонымен бірге, құқықтық басылымдардың көшбасшысы саналатын «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының негізін қалаған.

Уақыт алға озған сайын өркениетті елдердегі қоғамдық өмірдің заңдылықтары дүниеге келіп, дамып, жетіліп жатады. Қандай заң болса да ондағы басты тұлға – Адам, онда көрініс табатын күллі қағида-ережелер адам өмірінің тыныс-тіршілігіне қатысты десек, ешбір қателеспейміз. Қазақстан Республикасының Ата Заңы да көптеген өркениетті мемлекеттердің Конституциялары үлгісінде жан-жақты талқыланып барып қабылданғаны баршаға мәлім. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында адам құқы мен құқықтық мемлекеттің ажырамас концепциясы жан-жақты көрініс тапқан. Алайда, мұнда айрықша ештеңе жоқ. Бізді қайран қалдыратыны жетпіс жылдан астам уақыт бойы әлемдік қоғамдастықта танылған Адам құқының ұлы идеяларын, мемлекеттік биліктердің бөлінуін және оны заң тұрғысынан ара-жігінің ажыратылуын кеңестік насихаттың ғайбаттап келгендігі. Мұндай сыңаржақ саясаттың халқымызға қандай қасірет әкелгені белгілі. Ел еншісіне құрсаулы лагерьлер мен геноцид, азық-түлік тапшылығы тиіпті. Идеологиямыз бишаралық күй кешті, ұлттар мен ұлыстардың жеке мүдделері ескерілмей, адами қасиеттер аяққа тапталды. Сөйтіп, ол үлгілі қызметкерлердің белгілі бір сенімдерінен айырылуына әкеп соқтырды. Жаппай өтірік пен құлдық патериализм жайлады. Мұның өзі Кеңес халқының қазіргі таңдағы мәдени дамудан алшақ кетуіне ұрындырды, тіпті, кейбір көрсеткіштер бойынша феодализм деңгейінен де төмендеп кетті. 1917 жылғы революциядан кейін «қызыл» Ресейден қол үзген немесе екінші дүниежүзілік соғыстан соң социалистік жолды қаламаған кейбір халықтардың қол жеткізген табыстарымен салыстырғанда, мұндай қарама-қайшылық қай қырынан алып қарасаң да, бірден көзге ұрып, жүректі сыздататындығы шындық еді. Міне, енді соның нәтижесін көріп отырмыз. «Әлемді аузына қаратқан» ең үлкен держава – ақымақтықтан дүниеге өзін-өзі социалистік лагерь деп жариялаған кеңес мемлекеті тұйыққа тіреліп, оның бүкіл саяси жүйесі тарихта тоңқалаң асты. Ол түптің-түбінде солай болуы тиісті де еді. Сондықтан, мұндай заңдылыққа таңырқаудың ешбір қажеті жоқ. Қазіргі өркениетті елдер сияқты дамудың негізгі құнды алғышарттары – әлеуметтік бағдарлаған экономика мен мемлекеттік билік, бостандық пен демократия, әділдік пен гуманизм, адамның жеке басының қорғалуы мен теңдік, мұның бәрі-бәрі, сайып келгенде, тек құқық арқылы жүзеге асырылатын дүниелер. Өкініштісі, бізде керісінше, бұлар танымастай бұрмаланып келді. Орта ғасыр аяқталар тұста Еуропада құқық идеясына қатысты «Заңгерлер – нашар христиандар» деген мақала тарады. Мұның өзі азаматтық соттарды діни тұрғыдан ығыстыру мақсатында айтылған-ды. Ал, КСРО өмір сүрген кезеңде сорымызға орай оның мәні «Заңгерлер – жақсы коммунистер» деген тұжырымға өзгерді. Сөйтіп, құқық басқару орындарының нұсқаулары деңгейіне дейін шегерілді. Жалпы, «civil» және «civilistire» деген латын сөздерінің түбі бір. «Цивилизация» термині азаматтық қоғам, ағартушылық пен мәдениет деген ұғымды береді де, «Цивилистика» – азаматтық қоғамның құқы, оның жүйесінің салалық іргетасы дегенді білдіреді. Бұл сөздердің этимологиялық бірлігі – өркениет. Ол қоғамда тек берік те мықты құқықтық бастамалардың орнығуымен өлшенсе керек. Өткен өмірімізде, тіпті алысқа бармай-ақ бүгінгі күннің өзінде құқықты біз мемлекеттік билік пен оның аппаратының қолындағы құрал ретінде түсіндік. Алайда, оның әлеуметтік мәні ешқашан жойылған емес.
Құқық туралы айтқанда «Өркениетті елдерге қандай әлеуметтік құндылықтар тән болуы тиіс?» деген сұрақ алға тартылады. Ең алдымен онда жеке бастың бостандығы мен демократияны, материалдық игіліктерді, қоғамдағы реттілікті, тұрақтылықты және эволюциялық дамуға икемділікті, ақыр аяғы парасаттылық пен адамдардың өзара сыйластығы, жақсы қарым-қатынасы секілді қасиеттерді бірінші кезекте еске алатынымыз анық. Бұл аталғандарды қоғамымыздың мақсат-мұраты ретінде кім мойындамайды дейсіз?! Алайда, өкініштісі сол, біздің дүниетанымымызды қазіргі таңдағы жағдайдан бір ғана нәрсе бөліп тұр: ол осы мақсат-мұраттарды құқықпен ешбір байланыстыра алмайтындығымыз. Өз кезегінде адамзат баласына қоғамдастықта оның әрбір мүшесінің бостандығын танып-білу оңайға соқпады. Тіпті, қазірге дейін құқықсыз еркіндік пен бостандық болмайды деген ұғымды қоғамымыздың қабылдауы қиынға түсіп жатады. Әйтсе де, бұл қағида өзінің мәні жағынан өркениеттің адамзаттың тағдыры үшін оның ғылыми-техникалық, өнер табыстары мен жетістіктерінің бәрінен жоғары тұрған ең ұлы гуманистік табысы.
Егер құқықтың әлеуметтік парқын бір ғана қағидамен көрсетеміз десек, онда құқықсыз жеке адам болмайтындығын, өйткені, тек құқық қана жеке адамды белгілеп, дербестігін қорғайтындығын, экономикалық жағынан тәуелсіздігін айқындайтындығын түсінер едік. Құқықтық мемлекеттердің елеулі материалдық артықшылықтары бар. Оны аңғармасқа болмайды. Бұл тұста екі мәселені еске ұстаған жөн. Біріншіден, құқықтың өзі қоғамдық өндірістің қуатты қозғаушы күші болып табылады. Соның арқасында ғана өткен ұрпақтың қоғамдық еңбегіндегі меншіктің көпшілігі біріктірілді. Мұның өзі еңбек өнімділігінің өсуін қамтамасыз етеді.
Жекеменшік құқығы алдыңғы ұрпақ қолымен жасағанның бәрін игілікке айналдырады, оларды талан-таражға салудан қорғайды. Бұл оларды жоғары еңбек өнімділігіне жетуге ынталандыра түседі, материалдық және ақыл-ой жемістерін жұмыста тиімді пайдалануына кеңінен жол ашады. Мысалы, Батыс мемлекеттерінде ұлтарақтай жердің өзін мұқият өңдеуге ерекше мән беріледі. Мұны жердің өте қымбат тұратындығымен түсіндіруге болады. Ұлттық-патриоттық сана-сезіміміз «Жер жекеменшіктерге берілетін болса, онда ұлтымыз құриды» деп сақтандырады. Оның өзінде де Қазақстанның саяси этникалық жағы алға тартылады. Тек малды ғана кәсіп етіп отырған, оған мемлекеттік монополияны заңды түрде бекіткен моңғолдар несіне жүгінер екен деп ойлаймыз сонда. Сонау XV ғасырда салынған үйлерді күні бүгінге дейін пайдаланып келе жатқан Англия қалайша байымасын. Мұндай тұрғын үйлер әлі де берік әрі сапалылығымен таңғалдырады. Себебі, оны тұрғызған қалалық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасы емес, өзіне, болашаққа нық сенімді нағыз
қожа болатын. Ол немере, шөберелерінің және одан кейінгі үрім-бұтақтарының да оның заңды иегері болып қалатынын, бір сөзбен айтқанда, бабалардан – балаларына ауысып отыратын мұра ретіндегі тұрғын үйлердің сапалы жасалуына өтемөте ден қойды. Бұл құқық бұдан кейін де бұзылмайды.
Америка Құрама Штаттары қалаларының көшелері туралы бірауыз айтайықшы. Олар әдемілігімен, тазалығымен, транспорт жүруге ыңғайлылығымен ерекшеленеді, сырттан көрушілерді қызықтырады. Оның солай болуға тиісті жөні де бар. Егер жолдар жүргізушілердің, қала тұрғындарының көңілінен шықпаса, ертеңгі күні қала басшысы балама түрде қайта сайлауға өзгелермен қатар түскен кезде жолға салық төлеушілер одан бұл жөнінде міндетті түрде сұрайды. Болмаса, басшы салғырт жұмыстардың есесін еселеп төлеуге мәжбүр болады. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Айталық, Францияда қала прокурорының кабинетінде сонау Бонапарттың кезінде жасалынған мебель әлі тұр. Оның әдемілігі өз алдына әңгіме, сапалы қолдан шыққандығы соншалық, бір жері қазір де бүлінбеген-ау. Сондықтан да оны ешкім тастағысы, жаңасын алып әуреленіп, ақшасын шашқысы келмейді.
Айтылған бұл елдердің бәрінде де сапасыз атқарылған жұмыстар мен өнімдер үшін оған кеткен шығындардың орнын кінәлілердің есебінен толтырудың заңдастырылған құқықтық механизмдері бар. Мұны текке айтып отырған жоқпыз. Осындай механизмдерді заңдастырып қолдансақ, біздің де іс-шаруамыз ілгері басады. Сонда әркімнің тапсырылған жұмысы объектісі үшін жауапкершілігі еселене артатыны сөзсіз. Меншік иелерінің құқықтарын қорғайтын қоғам әрқашан да дәулетті болмақ. Ал, меншік дегеніміз – байлық, оның тысында Адам тұр, оларсыз бай қоғам орнату мүмкін емес. Құқықсыз нарықтық экономика бостандығы жоқ, демек ондай қоғамның келешегі де көмескі. Оны толық дәлелмен айтуға болады. Мұны бір делік. Екіншіден, меншік иелерінің басым көпшілігінің сын-ескертпелерінсіз қоғамның әлеуметтік демократиялық базасы мен құқықтық мемлекеті болмайды. Құқық жеке адамның экономикалық жағынан тәуелсіз болып, өзін танытқан жағдайда ғана мүмкін болады. Адам, бүкіл бір ұлт немесе халық жеке құқын өзінің жеке әлеуметтік энергиясы арқылы бекітіп,
мақұлдатады. Ал, тарихи практиканың объективті өзгертушілері әрқашан да тек меншік иелері ғана болып келген. Өркениетті қоғамға тән жақсы бір қасиет – олардың дәйекті дамуы. Табиғаттағы бірте-бірте даму сыры – олардың тұқым қуалаушылығында, тегіне тартуында. Қоғамдағы біртебірте дамудың мирасқорлық құралы – мұрагерлік құқық болып табылады. Адам өмір бойы жиған-тергенін өзі меншік иесі ретінде бір кезде балаларына қалдыруды ойлайды. Мұны болашақ ізбасарларына қамқорлық дейміз. Демек, меншік бар жерде мұрагерлік бар. Қоғамдық санада қазір тұңғыш рет тарихи перспективалық және стратегиялық бағдардың қолға алынғанын дұрыс пайдалануымыз керек әрі мұны жақсы түсінгеніміз жөн. Ал, қаңғыбастар мен жалаңаяқ қайыршылар ешқашан да өзінің ататегі мен ұрпағы жөнінде ойланған емес.
Ата-бабалардың зират-сағаналарына аты-жөндері бекер жазылмаған. Олар өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырып тұрған жанды тарих. Біздер бабаларға құрмет, оларды қастерлеу жөнінде жиі айтамыз. Ал, олардың зиратына бір уақыт зер салып, ойланып көрдіңіздер ме? Көпшілігі тірілердің қамқорлығын, күтімді қажет етеді. Меншігін қастерлеп ұстауға құқы бар қоғамда бұлай болуы тиіс емес, өркениетті елдерде бабаларының соңғы «мекенін» ерекше қастерлейді, күтімде ұстайды. Біз де солардан үйренуіміз қажет.
Адам, әрине, мәңгілік өмір сүрмейді. Бірақ, бұл тіршіліктен өтіп, көз жұмған соң, оның ісін жалғастыратын ізбасары – баласы, туысы, соның сағанасына тағзым ететін де солар болуға тиіс. Біздің дәстүрлі этникалық құқылық нигилизмнің барлық әлеуметтік шығындарын мейлінше толық та әрі көз жеткізе есептеп, көрсетіп берген зерттеуші әлі табылған емес. Мен мынаны айтқан болар едім: егер құқық бұл қоғамда әу баста берік орныққан болса, сонау 1917 жылғы тарихи төңкеріс те, «қызылгвардияшыл» Беловежск бүліктері де және ТМД-ның барлық елдерінде одан кейін де көрініс тапқан большевизмнің қайталау іс-әрекеттері де болмаған болар еді. Өйткені, құқық өзінің мәні жөнінен дәйекті қоғамдық арақатынастарды, әлеуметтік мүддеден туындайтын ойлардың даму процедурасын қамтамасыз ететін антиреволюциялық құбылыс. Адам Құқы мен Бостандығы ретінде әртүрлі пікір таластар бар. Оның бесігі баррикадалар мен көтеріліс алаңдарында тербелмейді, өйткені, алаңдарда астық өсіре алмайсың. Ең бастысы нарықтық экономиканың жұмысын реттеп отыратын құқықтық мәселелерге барынша жағдай жасалғаны дұрыс.
Үкіметтің де, прокурордың да миллиардтаған қоғамдық әрекеттерді қадағалап отыруға ешбір мүмкіндігі жоқ. Азаматтардың өздері, заңды тұлға мекемелер егер олардың билігінде сенімді құқықтық құралы және тәуелсіз кәсіптік қазылар болса ғана өз тілек-мүдделерін қорғай алады. Өркениетті елдерде көптеген ғибадатхана, шіркеулер мен мешіттер салынған және олар қазір де жұмыс істеуде. Бұларды ешкім ешқашан бульдозер, не трактормен келіп төңкеріп, қопарып тастаған емес. Бұлар – көпшілік меншіктік құқындағы объектілер. Тіршілікте  түрлі опасыздық жасаған кісілер осында келіп, құдай алдында өздерінің күнәкінәсін кешіруді өтінеді, ағаттығына қынжылады, ақыл-есін жияды. Заң шығарушы не атқарушы билік не прокурор немесе өзге де ведомствалар соттың шешіміне көпшілік алдында ашықтан-ашық баға беруге құқы жоқ. Мұны жұрттың бәрі біле бермейді. Егер солай болған жағдайда оны саяси және құқықтық білімсіздік деп бағалауға болар еді. Құқық қорғау органдары өздерінің кәсіптік мамандықтарына тиянақты да ұқыптылықпен әрі асқан біліктілік пен білгірлікпен қарауға тиіс. Тек мамандардың – заңгерлердің, жоғары сот инстанцияларының ғылыми пікірлері ғана сот практикасына жанама немесе тікелей әсер етуі мүмкін. Бүгінде сот қызметкерлерінің және өзге де заңгерлердің өздерінің материалдық жағдайларына көңілдері толмайтыны белгілі. Бірақ, қазіргі шақта кімге оңай соғып отыр. Ал, зейнеткерлердің жағдайы бұдан да мүшкіл. Жүргізіліп жатқан реформалар ауыртпалығы ең алдымен халыққа тиюде. Бірақ, кез келген тығырықтан шығу үшін құқықтық тәртіп қажет. Бүгінгі қиын өмірден құтқаратын нарықтық қатынас және тағы құқықтық тәртіп дер едім. Басқа жол жоқ. Кемшіліктер мен олқылықтардан қашып құтылу мүмкін бе? Ол барлық жерде бар. Тек төзімділік қана қиындыққа төтеп бере алады. Әзір бір нәрсенің басы ашық, ол мәлімделген реформалар мақсаты – кезекті идеологиялық утопия және басшының даңғойлығы емес, ол қатаң қажеттіліктен туындаған нәрсе, әйтпесе, өркениетті қоғамдастыққа терезесі тең жағдайда кіруіміз мүмкін емес. Иә, заңды бәріміз де үйренуіміз, сауаттылықпен білуіміз қажет. Заңның құлы болу кемістік емес, керісінше мәртебелі құрмет. Біле білсеңіз тек құқық қана бір жағдайда өзара айтысқа түскендерді, дауласуларды мәмілеге шақырады. Тек құқық қана әлсізді күштімен теңестіреді, екеуіне бірдей мүмкіндік береді.
Тек құқық қана жай адамға заңдық мәңгі ғұмыр береді. Тек құқық қана Бостандыққа қосады. Мақаламның соңын бір заң қайраткерінің: «Заңнан жоғары – тек Сүйіспеншілік, Құқықтан жоғары – тек Қайырымдылық, Әділдіктен жоғары – тек кешірім» – деген сөзіммен аяқтағанды жөн көрдім.

 

Францияда қала прокурорының кабинетінде сонау
Бонапарттың кезінде жасалынған мебель әлі тұр. Оның
әдемілігі өз алдына әңгіме, сапалы қолдан шыққандығы
соншалық, бір жері қазір де бүлінбеген-ау. Сондықтан да
оны ешкім тастағысы, жаңасын алып әуреленіп, ақшасын
шашқысы келмейді.
Айтылған бұл елдердің бәрінде де сапасыз атқарылған
жұмыстар мен өнімдер үшін оған кеткен шығындардың
орнын кінәлілердің есебінен толтырудың заңдастырылған
құқықтық механизмдері бар. Мұны текке айтып отырған
жоқпыз. Осындай механизмдерді заңдастырып қолдансақ,
біздің де іс-шаруамыз ілгері басады. Сонда әркімнің
тапсырылған жұмысы объектісі үшін жауапкершілігі
еселене артатыны сөзсіз.

Комментарий