Бас тақырып | Тема дняЭкономика

ҚОРДАҒЫ ҚАРЖЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН ҚАЗІР КӨРГІМІЗ КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында көпшіліктің көңілінен шыққан ұсыныстар көп. Соның ішінде, зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін азаматтардың баспана, білім алуына жұмсауына мүмкіндіктің берілуі жақсы қадам, ойлы іс.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымдарын зейнет демалысына шыққанға дейін пайдалану жұртшылықтың көптен көкейінде жүрген арманы. Өйткені, уақытында Чили елінің үлгісі негізінде жасалып, енгізілген бұл жүйенің тиімділігі күткендегідей болған жоқ. Мұны Президент те өз жолдауында айрықша атап көрсеткен болатын.

Қаржыны көбейтудің механизмі жасалмаған
Бүгінде халықтың қамсыз қарттығының кепілі болатын қордағы жинақталған қаржының инвестициялық табысы өте аз. Пайдаланатын уақыт келгенде оның инфляцияға желініп, тиын-тебенге айналу қаупі бар. Сарапшылар былтыр оның теңгенің құнсыздану деңгейінен екі есеге төмендеп кеткенін айтқан. Мұның сыртында салымдардың көбеюінің де нақты механизмі әлі реттелмей келеді. Мәселен, 2014 жылы зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестицияланған еді. Ұлттық банктің бұрынғы қызметкерлері салған бұл ақшаның кері қайтқан, қайтпағаны күмәнді. Ал, былтыр зейнетақы жинағымыздың 450 млрд теңгесі “КазАгро” холдингіне аударылды. Жуырда осы ұйымға тағы
да 8,3 млрд теңге инвестиция салыныпты. Ол егіс науқанына астық сатып алуға жұмсалады-мыс. Он бес жылдан соң 10 пайыздық өсіммен қайтарылып, зейнетақы қорына табыс әкелуге тиіс бұл қаржының да болашағы бұлыңғыр десек артық айтқандық болмас. Өйткені, бүгінде «ҚазАгро» жобаларының қырық пайызға жуығының жұмыс істемейтіні, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша компания шығынының 120 млрд теңгеден асып кеткені белгілі болып отыр. Жалпы сарапшылардың айтуынша, осындай тетікпен қарызға берілген ақша 15 пайыздық өсіммен қайтарылғанда ғана қорға табыс әкеледі. Мынандай жағдайда қорға берілген қаржының өзіне қол жеткізу қиын екені анық.
Депозиттік шотты қадағалау қаншалықты тиімді?
Қысқасы, әркімнің көз құртына айналған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы он триллионға жетер-жетпес теңгеміздің қарттығымызды қамдауға қаншалықты қауқарлы болатынын бағамдау қиын. Осылайша қарызға алынып бір, инфляцияға жұтылып екі жұлмаланған зейнетақы қорымыздың қазіргі жайы үміттен гөрі күдікке жетелейді. Сондықтан, қоғамда оған қатысты алаң да көп, соған сәйкес оның сақталу кепілдігін қамтамасыз ету тұрғысында ұсыныстар да аз айтылмайды. Мәселен, әр азаматтың зейнетақы салымдарын депозиттік шоты ретінде қалыптастырып, азаматтардың өз қадағалауына беру жайлы пікір бар. Бұл қаржының қолды болуының, инфляцияға желінуінің алдын алып қана қоймай, белгілі деңгейде табыс әкелуіне мүмкіндік туғызады. Алайда бұған құлақ асқан ешкім болмады. Ол бәлкім осы қордың арқасында «үріп ішіп, шайқап төгіп» жүргендердің мүддесіне сай болмаған шығар. Өйткені, жасыратыны жоқ осы қордың төңірегінде жүргендердің жалақысы оның салымшыларының түсіне де кірмейді. Елдегі ең көп табыс иелерінің қатарында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылары да бар екені ешкімге құпия емес. Әрине, егер олар қордың тиімділігін арттырып, инвестициялық табысын еселеп жатса әңгіме басқа. Өкінішке орай, оның жағдайы жоғарыда айтқанымыздай өте қиын. Сарапшылар қазақстандықтардың зейнетақы салымдары дефольтқа шақ қалған эмитенттердің облигацияларын сатып алу және бюджет тапшылығын қаржыландыру сияқты шараларға тиімсіз пайдаланылып жатқанын айтумен келеді. Ал, Болат Жәмішев сынды қаржы
саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының енгізілуі қате қадам болды деп жатыр.
Жинағы көптерде мүмкіндік мол
Әзірге зейнетақы аннуитетін тұрғын үйге салу кеңінен өріс алмай тұр. Бұл түсінікті де. Өйткені, баспанаға мұқтаждық – негізінен ел тұрғындарының табысы аз бөлігінің бас ауруы. Олар үшін зейнетақы аннуитетіне қол жеткізу қиын. Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы салымшыларының 10 пайызының ғана бұған мүмкіндігі келеді екен. Қалған 90 пайызының қордағы жинағы 1 миллион мен 4 миллион теңгенің аралығында ғана көрінеді. Өз баспанасына қол жеткізу де негізінен осы топтағылардың арманы. Демек, Президент айтып отырған мәселе олардың біразына үміт сыйлағаны анық. Әсіресе, жинағы 4-5 миллион теңгеге жетіп қалғандардың бұл шараны қуана құптап отырғаны даусыз. Бастысы оған қол жеткізудің тетіктері жан-жақты ойластырылып жасалуы қажет. Үкімет басшысының әлеуметтік мәселелер бойынша жауап беретін орынбасары Бердібек Сапарбаев жағдайдың барынша зерделеніп, жыл соңына дейін нақты да тиімді жолдары айқындалатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселенің шешімі зейнетақы қорына салынған қаржының көлеміне байланысты. Ең бастысы, азаматтардың өмір бойына зейнетақы төлемдерінің қамтамасыз етілуі және тұтастай зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы бұзылмауы қажет.

Мамандар не дейді?
Сарапшылар мәселенің мамандар мен сарапшылар талқысынан өтіп, шешілуі қажеттігін алға тартуда. Біз солардың бірі қаржыгер, PhD докторы Абзал Мұқышевты сөзге тартқан едік:
– Зейнетақы салымдарын ипотеканы өтеуге пайдалану үлкен жеңілдік болар еді. Өйткені, бірнеше жылдап кемінде жүз мың теңгеден қарыз төлеу отбасыларға оңай емес. Қарыздың салдарынан басқаны айтпағанда, тамақты тартып ішіп, жарты құрсақ жүретіндер аз емес. Бұл әрине, адамдардың денсаулығына, көңіл-күйіне, жұмыс істеу қабілетіне өз салдарын тигізбей қоймайды. Сондықтан, осы мәселенің ескерілуі көптеген азаматтарды тығырықтан шығарып, олардың өміріне бір жеңілдік әкелер еді. Негізі қаржыны екінші деңгейлі банктер арқылы азаматтардың шотына аударып, оның жұмсалуын Ұлттық банк қадағалап отыру керек, – дейді қаржыгер.
Мұндай пікірді белгілі экономикалық сарапшы Мақсат Алпысбестен де естідік. Бірақ ол алдымен халықтың нақты жалақысын көбейту қажеттігін баса айтты. Оның ойынша жалпы бұл қадам азаматтардың өз салымдарын арттыруға деген ынтасын арттырады. Осылайша ол қаражатты жинақтап және, оны инвестициялаудың баламалы инструменті болмақ.
– Зейнетақы салымдарын зейнет жасына жетпей мақсатты пайдалану көпшілікке керемет пайда әкелмейді деген пікірлер де айтылып жатыр. Иә алғашында солай болады. Бірақ, болашақта міндетті түрде оның тиімділігін көреміз. Өйткені, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотында төрт-бес миллион теңгесі бар замандастардың көбі осы қаражатының жартысын баласының біліміне инвестициялап жатқанын, немесе үй алып жатқанын көрген өзге азаматтар зейнетақы қорына көңіл бөліп, оған мол қаржы жинақтауға ұмтылады. Яғни, халық тек банктегі депозитке ғана сеніп отырмай, зейнетақы қорына да қорықпай, көптеп ақша аударуға ықыласты болады. Бұл ретте екі мәселе шешіледі. Біріншіден, халық баламалы түрде жалақысын ұлғайтып, екіншіден, өзі зейнетақы жинақтарын басқара бастайды. Себебі қазіргі таңда ол халықтың назарынан тыс қалған. Адамдар әбден қартайып, зейнетке шығуға екі-үш жыл қалған кезде ғана «менде қанша қаражат жиналды екен, егер зейнетке шықсам қанша ақша алар екенмін?» деген сұрақтарды қоя бастайды. Ал, егер қордың жұмысына ерте жастан араласатын болса, «менің шотымда төрт-бес миллион ақша жатыр, оны Ұлттық банктің басаруына беруім қаншалықты тиімді?» деп ойланады. «Мен өзімнің ақшамды мемлекеттік құнды қағаздарға инвестициялауға қарсымын. Себебі оның табысы 8 пайыз. Одан да 10 немесе 15 пайыз кіріс беретін екінші деңгейлі банктердің облигациясына, немесе басқа да шетелдік компанияларға салайын» деген сияқты шешімге келуі мүмкін. Осылайша әрбір  азаматтың қаржылық сауаттылығы
артып, өзінің қаражатын басқаруға мүмкіндік алады. Мен осы тұрғыдан келгенде бұл шешімді қолдаймын, – деп еді Мақсат Алпысбес.
Үміт пен күдік
Жалпы бұл шараны құптаушылар да, қарсы шығушылар да аз емес. Соңғыларының айтатыны – зейнетақы салымдарының осындай желеумен желге ұшу қаупі бар. Оңай олжаны көздегендер бұл шешімді өз мақсаттарына пайдаланып кетуі ғажап емес. Сондықтан, қамсыз қарттықты қамдауға арналған қаржыға қол тигізбей, оны осы күйінде сақтап, көбейту тетіктерін іске қосу керек. Бұл да ескеретін мәселе. Ақиқатында зейнетақы салымдарының қайтарылу кепілдігі жасалған жағдайда ғана зейнетке шықпай тұрып, мақсатты түрде пайдалану жөнінде шешімге келген дұрыс болар. Өйткені, несие алып той жасайтын біздің кейбір замандастарымыз үшін зейнетақы салымдарын жұмсауға берілетін мүмкіндік бай атадан мұраға келген қазынадай көрініп, тиындап жиналған қаржының күректеп шашылуына алып келуі әбден мүмкін. Осы ретте олардың мақсатқа сай жұмсалуын қадағалау жүйесі де жан-жақты ойластырылу керек сияқты. Ол барынша қатал болуы керек.
Тоқетерін айтқанда, Үкіметтің өз біліктілігі мен іскерлігі кезекті мәрте сынға түсетін сәт келді. Өйткені, бұл миллиондаған жанның тірнектеп жиған қаржысы ғана емес, бейнетсіз зейнетінің кепілі. Бұл ретте баршамыздың сол сәтте тесік астауды құшақтап қалмауымыз басты мақсат болуы тиіс.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий