Судья мінбері | Судебная система

Жолдау көптің көңілінен шықты!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұжымы, докторанттары мен магистранттары, студенттері Қазақстан президенті “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” деген тақырыптағы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын кезектен тыс кафедраның кеңейтілген мәжілісінде жан-жақты талқылады.

Президентіміздің осы жолдауын өзіндік ерекшелігімен, мән-мағыналығымен, жауапкершілігімен, ұшқырлығымен, көрегендігімен құнды деп есептейміз.

Өз жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев халық табысының өсуіне мен тұрмыс сапасының артуына арналған өзекті міндеттерді жіктеп көрсетіп, оны іске асырудың нақты жолдарына тоқталды.

Жолдауда жоғары оқу орындарына қатысты мәселелер «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын бөлімде жан-жақты қамтылды. Ең алдымен, мұғалімдерге білім сапасын жақсарту міндеті қойылды. Бұл жаңа кадрларды дайындауда қазіргі кездегі жаңа смарт технологияларды пайдалана отырып, оқу сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні де сөзсіз. Елімізде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғандығын баса көрсетті. Ал бұл олқылықты жою үшін жас мамандардың арасындағы бәсекелестікті ұлғайту керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жаңа үлгісін дайындау,оны іске асыру жоғары оқу орындарының басты атқаратын істерінің бірі болуы тиіс. Жолдауда тағы бір өзекті мәселе көтерілгендігі қуантады. Білім алушылардың санына емес, сапасына қарайтын кезең келді. Тек диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындарына тыйым салу арқылы оқу сапасын, оқулықтардың сапасын жақсарту міндеттері қойылды. Ал бұл кезек күттірмейтін міндеттерді орындау мақсатында мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жасау керектігіне баса назар аударылды. Бұл қуантарлық жағдай. Дарынды оқушы, дарынды студент еліміздің болашағы екендігін ұмытпауымыз керек.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы жылғы жолдауын іске асыруға дайынбыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жастарын жолдаумен толыққанды таныстырып, нақты мәселелерді айқындап алып, болашаққа нық қадаммен басамыз деп айта аламыз. Іске сәт!!!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры

Қазыбек Гүлмира Құдайбергенқызы

Комментарий