Детектив

«Адам аласы ішінде»

Тұрыңдар, сот келеді!

Алақандай залдың әр жерінде шошайып отырған он шақты адам орындарынан самарқау тұрды. Әлде бұған солай көрінді ме? Шүйкедей болып шөгіп кеткен кейуана айналасына барлай көз тастады. Осы жасқа келгенде көрейін дегені сот па еді… Қу жалғыздық. Шарасыздық қой алып келген. Бүгінге дейін табанынан тозып жүріп не көрмеді? Шалынан қалған баспананы даулап жүргеніне де үш жылдың жүзі бопты-ау. Үш жыл ішінде қаншама сараптама жасап, оншақты тергеушіні ауыстырып, ісін сотқа жеткізді-ау әйтеуір. Бар сенгені сот қана. Бірақ, мына соттың да рең-басы келіспей қалған екен.  Бойы да жарты қарыс. Судья деген көзінен от шашып тұратын, маңайындағыларды мысымен ықтырып, ойын қабағымен ұқтыратын жан деп ойлаушы еді. Бойы тапал, басы мантиямен жалғасып кеткен, шашы жабысқан адамды судья деп көз алдына елестете алсашы. Көшеде көріп қалса мынаны тіпті судья деуге қимас. Қазының келбетіне қарап қарны ашқан Күлайна үш жылы текке кеткендей өзін тастап жіберді.

***

Бірақ, судьяның дауысы анау денеге мүлде сай емес екен. Нық сөйлейді, дауысы жағымды. Әуелі мұның сөзін тыңдап алды. Неше уақыттан бері дайындалып жүр емес пе? Ішінде бәрі сайрап тұр. Дегенмен, мінберге барып, тек шындықты айтуға ант берген әйел абдырап, ойын шашыратты да алды. Қобалжудан қолы тұрмақ, ерні дірілдеп, бағанадан бері көңілі толмай тұрған судьяның алдында сасқалақтасын келіп.

Тесіле қараған қазының көзі өңменінен өтіп барады. Не айту керек еді, неден бастамақ болып еді? Әйелдің жағдайын бірден түсінген судья:

– Абыржымаңыз, жағдай қалай болды, солай айтыңыз! – деп күш бермегенде әр нәрсенің басын бір шалып әлі қанша тұрары белгісіз еді.

– Мына алаяқ әйелдің кесірінен жалғыз үйімнен ажырап қалдым, судья жолдас!

– Бұл кісіні бұрыннан білесіз бе?

– Осыдан бір жыл бұрын ақылы емханаға барғанда жолықтырған едім. Өзі сонда мейірбике болып жұмыс істеймін деген. Кейін үйдің жанындағы дүкенде көріп қалдым. Көрші тұрамын деді. Менің күн сайын емханаға барып ем-дом алып жүргенімді естіген соң, көмегін ұсынды. Үйге өзі келіп дәрі егіп беретін болып келісті. Сосын біртіндеп үй шаруасына көмектесетін болды. Келуді жиілетті. Жұмысқа тұру үшін тұрақты тіркеу керектігін айтып көмек сұрағанда бас тартпадым. Бірге барып, тіркеуге қойдық. Қарт адамда қайдан ес болсын. Сол жолы үй құжаттарын ұрлап алғанын байқамаппын. Тіпті, Ләзизаға сенгенім сонша, құжаттарды біраз уақыт іздегем де жоқ. Үйді сатып алдық деп бір топ адам кіріп келгенде ғана тақырға отырғанымды білдім ғой, – деген әйел өзін-өзі ұстай алмай жылап жіберді.

Судья балғасын тықылдатып, сабырға шақырған. Бірақ, осы күнге дейінгі тауқыметі есіне түсті ме екен, кейуана өзін-өзі тоқтата алмады. Елдің бәрі иіріліп өзіне қарап отырғанында шаруасы жоқ. Жанындағы жас адвокат су әкеліп, зыр жүгіріп жүр. Судья да адам баласы. Екі тарапқа тең қарау керек болғанымен, жетпіске жақындаған анаға жаны ашып-ақ отыр.

– Нағыз әртіс қой мынау. Кәсіби әртістерді жолда қалдырады. Өзінің өтірігіне сеніп жылап отырғанын қарашы а.

         Залдағы оншақты адамды жас келіншектің зәрлі дауысы жалт қаратты. Ә, Ләзиза Мысаева деген осы болды ғой…

Жып-жинақы киінген келіншектен алаяққа тән мінез байқамаған судья таразының екі басында тұрған екі әйелге кезек көз тастады. Бір жағында көз жасын төккен жетпістегі қария. Ол сотқа берген келіншек те ызадан жасын тия алмай жылап отыр. Бір уыс болған кейуананың алақандай бетінен бірдеңені түсіну қиын. Ал, маңдайы жарқыраған Ләзизадан қулық шығады деп ойлау күнә секілді. Түр-келбеті ауылдың аңқылдаған қыздарына көбірек келеді екен. Бетінде бояу да жоқ. Сонда алдаған кім, алданған қайсысы? Екі әйелдің қайсысы жалған сөйлеп тұр? 

Кейуанадан кейін сөз алған адвокат пен бірнеше куәгер судья күдігін  сейілте алмады. Үйдің сатылғанын растайтын келісімшарт бар, ондағы қолдың шынайылығын көрсететін сот сараптамасы да қолда тұр. Онда неге Күлайна Әбішева сотқа жүгініп, үйін даулап отыр. Әлде арзанырақ сатып қойып, өкінгеннен осындай амал ойлап тұр ма? Жоқ, Мысаеваның жасаған қызметіне алғыс ретінде баспанасын беріп алып, артынан ойланып қалды ма екен. Ләзизаның сөзіне құлақ түрсең, Күлайна Әбішеваның құбылмалы мінезіне үйрену мүмкін емес. Мына дау баспанасын нарық бағасынан сәл төменге сатқаннан туындаған.

– Мен де жетісіп жүрген жоқпын, құрметті судья! Осы үйді алу үшін жақын араласатын  екі адамнан қарыз алдым. Егер әділін айтпасаңыз, мен оларға өмір бойы қарызды босқа қайтарған болмайтын ба? Сенбесеңіз екеуінен де сұраңызшы! – деген Ләзиза Мысаева қос куәгерін де сотқа ерте келіпті. Екеуі де әйелге қанша ақша бергендерін, нотариуспен куәландырған қолхаттарын қатар көрсетті. Бәрі дұрыс! Жас келіншектің ісінде қылаудай заңбұзушылық жоқ. Оны қолдап, сөзін сөйлеушілер де жеткілікті. Ал, кейуана жалғыз. Мүмкін аққа қара күйе жақпақ болғаны үшін жалғыз қалған шығар. Бәлкім, осы қылығына бола туыстары жақын тартпай ма екен?

         Әр адамның сөзін тыңдап, жауаптарын електен өткізген судьяда күмән көп. Келесі сот отырысының уақытын белгілеп тұрып та ол екі әйелге кезек зер салумен болды.

***

Бүгін де бірнеше іске төрелік етті. Шикі, шала тергелген істерді зерделеу қиын. Әсіресе, тергеу барысында кінәсін мойындап, сотқа келгенде алғашқы жауаптарынан бас тартатын күдіктілер көбейді. Бір білетіні, алғашқы тергеуде айтылған сөз шындықтан алыс кетпейді. Бұған дейін прокуратурада талай жыл еңбек еткен судьяға ол жағы жақсы таныс. Сондықтан, дәлелі тастай, айыптау қорытындысы қылаудай күдік туғызбайтын екі іске де нүкте қою соншалықты ауыр бола қойған жоқ. Тек…

Кешегі оқиға есінен кетер емес. Барлық дәлелі тасқа басылғандай анық тұрған бұл істе бір жұмбақ бар секілді. Ол не? Бүкіл құжат қолында тұрған, куәлары сөзін қоштаған Ләзизаға неге сенбейді? Оның үстіне, Күлайна Әбішева да құжатқа алданып қол қоя салатын қара жаяу адам емес. Зейнетке шыққаннан  кейін де университетте ұзақ жыл дәріс оқыған ұстаз. Қандай құжатқа қол қоятынын, соңы неге апаратынын білгені анық қой. Жазу үстеліндегі қағаздарды ақтарған судья көмекшесінен кешегі іске қатысты материалдарды сұратқан. Мұның назарынан тыс қалған, бұл елемей кеткен не болуы мүмкін?

         Міне сот сараптамасы. Онда сату-сатып алу келісімшартындағы қол Күлайна Әбішеваныкі екені көрсетілген. Нотариус Камалия Ізтілеуова екі тараптың шақыртуымен үйге арнайы келіп, келісімшартты ресімдегенін айтыпты. Осыдан үш жыл бұрын 75 мың АҚШ долларына сатылған үйді арзанға кетті деп те айта алмайсың. Дегенмен, жалғызбасты әйел ақшасы жоқ болса неге жақындарынан қарыз алып тұрып, үш бөлмелі үй сатып алады? Өзіне шақтап бір бөлмелі үй алса да болмас па еді? Жә, оны қойшы. Кім үлкен үйді аңсамайды дейсің. Оның үстіне, жас кезінде қарызданып, баспаналы болып алайын деген шығар.

         …Судья  тағы да қағаздарды ақтарды. Ә міне, қарыз берген екі куәгердің қолхаты. Куәландырған… тағы да нотариус Камалия Ізтілеуова екен. Ал екіншісінікі ше? Жоқ оныкі басқа сияқты. Бірақ, аты Камалия! Бұл қалай? Сәйкестік пе?

         Үстелде тұрған телефонды қолына алған судья нотариалдық палатадағы танысына қоңырау шалған. Неге хабарласқанын, неден күдіктенгенін өзі де білмейді. Сонда да ішкі күмәнін сейілтпек. Әй, осы адвокаттың жасайтын ісі емес пе? Сол үшін ақшасын алып отыр ғой. Менікі не? Ұзақ жауап бермеген тұтқаны енді орнына қоя бергенде Алпыс Әлірахымұлының «Алло» деген дауысы саңқ ете қалды.

         Нотариалдық палатада табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Алпыстың білмейтіні кемде-кем. Камалия Ізтілеуованы да танитын болып шықты.

– Ол әйел тағы не бүлдірді? Былтыр ғана басына қара бұлт үйіріліп, таныстарының көмегімен басын арашалап қалып еді,- деп сөзін бастаған Алпыс ақша үшін бір рет жаңылған келіншек тұрмысқа шыққан соң ақылға келген шығар деген күліп.

– Әлеке, ол қыз тегін өзгертпеп пе еді?

– Өзгерген, қазіргі тегі – Төлегенова! Сонша қызыққаныңызға қарағанда осы қыз баяғы қателігін қайталамаса болғаны…

– Жоға, Әлеке! Әшейін сұрап жатқаным ғой. Ақпаратыңызға рақмет, – деген судьяның күдігі енді тіпті қоюлана түсті. Содан болар, ол келесі сот отырысына ерекше дайындалған.

***

  • Тұрыңдар, сот келеді!

Орнына жайғасқан соң алдымен Ләзиза Мысаеваға қарады. Өткендегідей емес, мына келіншек жасанып алыпты. Өзінің жеңетініне сенімді секілді. Жанындағы адвокаты екеуі қарсы жақта отырған кейуанаға өктемси қарайтындай. Үстеліне жайғасқан судьяға жарамсақтана көз тастап қояды. Іс материалдарын ашқан судья сот мәжілісінің хатшысына:

– Келесі сот отырысына нотариус Камалия Төлегенованы шақырыңыздар! Ізтілеуованы сіз де жақсы танитын сияқтысыз ғой, солай ма? – деп Ләзизаға төне қараған қазы әйелдің бет-әлпетіндегі абыржуды бірден байқады. Бағанадан бері өзіне сенімді болып отырған әйел біресе кекілін түзеп, құлағындағы сырғаны шұқылаумен болды.

– Сіз жалған сөйлемеуге ант бердіңіз, Мысаева ханым! Ол үшін жауаптылық барын білесіз ғой!

– Әрине, о не дегеніңіз!- деген Ләзиза мінберге жақындағанда бойын тез жинап алғандай көрінді.

– Ендеше, айтыңызшы, Күлайна Әбішевамен танысқанда ақылы емханада жұмыс істеймін деп айтқансыз. Тіпті, ем-дом жасап, дәрі еккенсіз. Ал бұл кісі сіздің медициналық біліміңіздің жоқтығын білді ме?

– Арнайы оқымағанмен, бірақ, тамырды дәл тауып, дәрі егуді мейірбикелерден артық білемін!

– Жақсы, солай-ақ болсын! Дегенмен, емханада жұмыс істеймін дегеніңіз өтірік қой.

– Жооқ! Мен ол жерде еден жуатынмын.

–  Айлығыңыз қанша еді? Тек шындықты айтыңыз! Маған емханаға сұрау салып, сіздің ол жерде не жұмыс істегеніңізді, қанша айлық алғаныңызды анықтау қиын емес!

– Жооқ, мен онда жұмыс істемедім. Енді келісіп жүргенде…

– Емханада не үшін жүрдіңіз? Күлайна Әбішевамен танысуға, қол ұшын беруге не түрткі болды?

– Енді үлкен адам, жалғызілікті болған соң көмектескім келді…

– Жалғызілікті екенін қайдан білдіңіз?

– Осы сіз менен күдіктеніп тұрғаннан саумысыз? Мына кемпір мені қарызға батырып үйін өткізіп алып, енді жала жауып басымды қатырып отыр. Неге менің сөзімнен ілік іздейсіз? Қарт адамға көмектескім келгені үшін жазықтымын ба?- айғайға басқан келіншек отыра қалып жылауға көшті.

         Судья көзінің қиығымен кейуанаға қарады. Залға кіргенде еңсесі түсіп, езіліп отырған әйел басын көтеріп, судья мен Ләзизаның сөзіне құлақ түріп қарап қалған. Бірдеңені өткізіп алмайын, маңызды нәрсені естімей қалмайын дейтіндей…Келесі отырысты белгілеген судья балғасын қаттырақ ұрып, есікке қарай беттеді.

«Адамның сырт келбеті алдамшы» деген рас екен ғой…Мына судья мен топшылағандай қысқа ойлайтын жан емес сияқты». Өзін-өзі демеген кейуана ертеңгі күнге үміт еткен. Ол күн де келді.

 

***

Отырыс нотариустан жауап алудан басталды. Камалия Төлегенова ысылған, сақа келіешек екен. Не үшін шақырылғанын болжаған ол сот сұратады-ау деген құжаттардың бәрін алып келіпті. Бірінен соң бірін көрсетіп жатыр. «Иә, Ләзизамен көрші тұрдық, нотариалды куаландыруды қажет ететін құжаттардың бәрін ол маған әкелетін. Онда тұрған не бар?» деген Төлегенова ешкімді қарсы сөйлетпей қасқайып тұр. «Мына апаны да танимын. Өз еркімен пәтерін сатқан. Айтпақшы, қол қой десем, бір ғана құжатқа қол қойыпты. Оның өзін көзілдірігім жоқ деп қағаздың шетіне қоя салған. Күніне келіп-кететін адамым көп қой. Апаны есте сақтауыма сол жағдай себеп болды» деп сақылдай күлген әйел тіпті қойылатын сұрақтардың да алдын алып үлгерді.

Бұл қалай болғаны? Расында, құжаттарды бір нотариуста ресімдеткенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, бірдеңе дұрыс емес. Мына келіншектің күлкісінің өзі күмән шақыратындай. Ойланып кеткен судья Күлайна Әбішеваға қараған. «Мен мынандай адамды танымаймын! Көрген емеспін!» дегенді қайталаған кейуана тек судьядан араша күтетіндей.

  • Құрметті судья! Нотаруисқа сұрақ қойсам бола ма?

Адвокат екен. Әйтеуір бар екенін білдірді ғой бұл да. Жас баланың тәжірибесіздігіне қарны ашқан қазы «осы не айтар екен?» дегендей селқоя басып изеп, рұқсат берген.

– Нотариус ханым! Мен сұрау салдырып, былтырғы жылғы істі алдырдым. …Қолындағы бір бума қағазды жоғары көтерген адвокаттың көзінде қуаныш бар!

– Бұл істе баспанасынан ажырап, соттасқан Оспан Құрманәлі қазір Текелі қаласындағы қарттар үйінде. Ондағы келісімшартты да сіз куаландырғансыз! Міне, қараңыздар!  Осы сотқа қатысқан нотариус та, Ләзиза Мысаева мен оның екі куәгері де Оспан Құрманәлінің ісінде жүр. Тек рөлдері ауысқан. Ол кезде Мысаева ақша берген адам ретінде куәгерлік етіпті. Мұны сәйкестік деп айта алмайтын шығарсыз. Оның үстіне, мен сіздің кеңсеңіз орналасқан ғимаратқа барып, ондағы бейнетаспаны түгелдей қарап шықтым. Соңғы екі аптада төрттік нотариустың кеңсесінде жиі бас қосқан. Нені ақылдасып жүр? Бұл нотариустың қылмыстық істегі басты ұйымдастырушы екенін көрсетпей ме?

… Адвокат түйдектетіп айтып жатыр. Тоқтар емес. Әй мынау бір болатын бала екен ғой. Судьяның айызы қанып барады. Дәлелдері қандай! Неше жыл тергеушілер таппаған, дұрысы іздемеген айғақты жап-жас адвокаттың тыпадай етіп әкелгенін көрмейсің бе? Құжаттарды бірінен кейін бірін ұсынған адвокат Мысаеваның атынан нотариустың шотына аударылған  10 миллион теңгенің чегін көрсеткенде екінші тарап айтарға уәж таппады.

***

         Сот бітті. Үкім шықты. Адвокаттың көмегімен баспанасын қайтарған Күлайна Әбішова қазір құжаттарын ресімдеумен жүгіріп жүр. «Сұмдық-ай, бір ауқатты адамның үйіне жұмысқа тұратын едім. Ұсыныс хатқа қол қойып бере қойыңызшы деген соң алғашқы бетін оқып, қалған қағаздардың шетіне қол қоя берген екенмін ғой. Соңы сұндай боларын кім білген» дейді кейуана қорғаушы балаға ақталып. «Адам аласы ішінде» деген сол.

Нұрлан Шынтаев

Комментарий