Талқыдағы тақырып

ХАНЫМДАР, МЫРЗАЛАРЫҢЫЗДЫҢ АЛДЫНА ШЫҒЫП КЕТКЕН ЖОҚСЫЗДАР МА?

Ағылшындар ресми жиындарын «ladies and gentlemen» («Леди и джентельмены») деп қаратпа сөзбен бастауға дағдыланған. Бұл олардың ұлттық құндылықтарының бірі. Осынау сөз қолданысы сонау ерте замандардан бері келе жатыр. Тәрбиелі, елгезек, өнегелі жас жігітті «джентельмен», инабатты ханшайымды «леди» деп құрметтеген. Қазір де классикалық үлгіде киініп, мәдениеттіліктің барлық этикетін сақтаған адамдар шоғырын осылай атап жүр. Мұның қазақ тіліндегі тікелей аудармасы «ханымдар мен мырзалар». Байқап тұрсыздар, «ханымдар», яғни әйел заты бірінші аталып тұр. Біздің дәстүрде, қазақы мінезде әйел заты еш уақытта бірінші аталған емес. «Ата-ана», «әке-шеше», «аға-әпке», «құда-құдағи», «іні-қарындас» дейді. Тіпті, бесіктегі сәбиді де «ұл мен қыз» деп атайды.
Бүгінде байқап жүрміз, көпшілік жиындарда «ханымдар мен мырзалар» қалып алып бара жатқан сыңайлы. Тіпті, асабалар да тойда осылай саңқылдай бастады. Бұл не? Мәдениеттіліктің шыңы ма? Әлде, еліктеу ме? «Құрметті жиынға қатысушылар!», «Қадірменді кеш қонақтары!» сияқты балама сөздер бар емес пе?
Қалай десек те, халықтық қалпымыздан айнымағанымыз жөн-ау, ханымдар мен мырзалар… ой, кешірерсіздер, тілі құрғыр кетіп қала береді…

Бекжігіт Сердәлі
Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий