Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

“Кім жауап береді?”: Ақтөбеде сәбиіне сапасыз деп танылған екпені салдырған ата-аналар дабыл қағуда

Ақтөбеде жаңа туған сәбилеріне туберкулезге қарсы жапондық екпе салдырған ата-аналар алаңдап отыр. Себебі елімізде бұл елдің вакцинасы сапасыз деп танылып, Жапонияға кері қайтарылуда. Осыдан жеті ай бұрын аталған елден Қазақстанға туберкулезге қарсы вакцинаның бес сериясы әкелінсе, соның үшеуі Ақтөбеге жеткізілген. Мамандар дәл осы вакцинамен Ақтөбе облысында 11 мың сәбидің егілгенін айтады.

Таяуда сәбилі болған Гүлсана Төлеуова туберкулезге қарсы жапондық екпенің перзентханада салынғанын айтады. Ендігі ол сапасыз екпе баламның денсаулығына кері әсерін тигізе ме деп уайымдайды.

«Қазіргі уақытта бұл бүлінген екпенің Жапониядан келгенін айтып жатыр. Оны алған жағдайда баламызға қатер төнсе кім жауап береді?» – дейді Гүлсана Төлеуова.

Жапониядан әкелінген екпенің сапасыздығын мамандар да мойындап отыр. Айтуларынша, қазіргі уақытта осы елден алынған екпелер тоқтатылып, перзентханалар мен емханалардан кері қайтарылуда.

«Туберкулезге қарсы екпе жаңа туған нәрестелерге және 6-7 жастағы балаларға салынады. Алайда Жапонияда өндірілетін бұл екпе жарамсыз деп танылып, 35 елден кері қайтарылуына байланысты, 29 тамыздан бастап уақытша тоқтатылды», – дейді Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілген тауарлардың сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Ал дәрігерлер сапасыз екпені салдырып үлгендердің арасында әзірге кері әсері тиген бала болмады деп отыр. Алайда мамандар сақтық үшін бақылау жұмыстарын күшейткенін айтады.

Ақтөбеде жаңа туған нәрестелерге салынатын туберкулезге қарсы екпе уақытша тоқтатылды. Ендігі екпе Үндістан елінен келеді деп күтілуде. Егер барлығы дұрыс болса, екпе салу қазан-қараша айларында қайта жалғасатын болады.

Комментарий