Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:«ХАЛЫҚҚА БЕРГЕН УӘДЕЛЕРІМДІ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОРЫНДАЙМЫН!»

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауын жасады. Заң шығарушы органның биік мінберінен жолданған сөздің мазмұнына қарап Президенттің елдің жай-күйін барынша зерделегені айқын аңғарылды.

Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет
Президенттің айтуынша, сайлауалды бағдарламасында өзі уәде еткен саяси өзгеріс мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асады. Бұл үрдісте «алға жүгіру» болмай, барлығы жеті рет өлшеп, бір рет кесіледі. Өйткені, тосыннан, жүйесіз басталған саяси либерализация ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығына алып келіп, мемлекеттіктен айырылуға түрткі болуы мүмкін. Халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтынын айтқан Мемлекет басшысы. Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет. Бұл айқындалған факт қана емес, біз жеделдетілген қарқынмен ұмтылатын мақсат. Біздің ортақ міндетіміз азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел әрі тиімді түрде жауап беретін «Еститін мемлекет» деген тұжырымдаманы енгізу. Тек қана билік пен қоғамның тұрақты диалогының арқасында үйлесімді мемлекет құра аламыз. Сондықтан, азаматтық қоғамды қолдап, нығайту керек, олардың талқылауына ең өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді шешу мақсатында ұсыну керек. Негізгі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте талқыланып, өз шешімін табуы тиіс» деп
сөзін тұжырымдады.
Келесі кезекте назар аудартқан мәселе – төл тілімізге қатысты шешім болды. Мемлекет басшысы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі келгенін мәлімдеді. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпау қажеттігін қаперге салды.
Сот шешімінде теңсіздікке орын жоқ
Азаматтардың құқығы мен бостандығы бұл жолдаудың негізгі басымдығы болды деген орынды. Алдағы уақытта құқықтық саланы үлкен реформа күтіп тұр. Онда әсіресе, сот шешімдерінің сапасын арттыруға айрықша назар аударылатын сияқты. Президент жалпы судьялардың заңға, ішкі сеніміне сай шешім шығару құқығы мызғымайтынын айта келіп, сот шешімдеріне жіті талдау жасау, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету қажеттігі кезек күттірмейтінін мәлімдеді. Себебі бұл салада заңсыздық баршылық. Әсіресе, жария-құқық даулар бойынша шығарылған шешімдер мен органдардың әрекеттеріне шағым жасағанда азаматтар жиі теңсіздікке тап болады. Олардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың әлеуетіне сәйкес емес. Сондықтан дауларды шешудің, аталған айырмашылықты азайтудың ерекше тетігі ретінде әкімшілік юстицияны енгізу қажет. Заңнаманың барлық түсініксіз және қайшы талаптары азаматтардың пайдасына тәпсірленуі керек.
Мемлекет басшысы жазалардың ізгіленуіне қатысты да көзқарасын білдірді. «Біз шектен тыс жазалау шараларынан бас арттық. Алайда, елде ауыр қылмыстар өте көп. Заңнаманы ізгілендіруге тым әуестену азаматтардың негізгі құқықтарының бұзылуына алып келіп отыр. Соған орай, жедел түрде жыныстық зорлық, педофил, есірткі тарату, адамдарды саудалау, тұрмыстық зорлық тағы да басқа да жеке тұлғаға, әсіресе балаларға қарсы қылмыстарға жазаны қатайту керек» деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев жақында орын алған қайғылы жағдай браконьерлік ұйымдасқан қылмыстың ауыр түрі екенін ашып көрсеткеніне назар аудартты. Тек биылдың өзінде браконьерлер қолынан жануарлар әлемін қорғау қызметіндегі екі инспектор қаза тапты. Құқық қорғау органдары бетімен жібергендіктен қаскөйлер әбден тамыр жайып алған. Олар біздің табиғатымыз – ұлттық байлығымызды аяусыз жойып жатыр. Сондықтан, Үкімет екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін жедел шаралар қабылдау керек.
Сыбайлас жемқорлыққа бірінші басшы жауапты
Күн тәртібінен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де түспейді. Орталық және жергілікті органдардың құқықтық актілерінің жобаларына сарапшылар мен қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып, талдау жүргізуді қалпына келтіру маңызды міндет. Сыбайлас жемқорлық дерегі орын алған құзыретті органның бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік түрде реттеген жөн. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым қызметкерлерінің заңсыз әдістері мен арандатушылық әрекеттері үшін қатал жауаптылық қарастырған дұрыс. Маңызды бағыттардың бірі құқық қорғау органдарын толыққанды реформалауға арналып отыр. Мемлекет басшысы бұл ретте полицияның мемлекеттің күштік құралы ретіндегі образы біртіндеп тарихқа еніп, бұл институт азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін орган болатынын айтты. Сондықтан бірінші кезеңде 2020 жылдың соңына дейін әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта құру міндеті тұр. Мұны науқаншылыққа салынбай сапалы жүргізу керек. Осы мақсатта ІІМ-ін реформалауға алдағы үш жылда 173 млрд теңге жұмсалады. Мемлекет басшысы Арыста орын алған жағдайға да тоқталып, мұның Қорғаныс Күштерінде қалыптасқан проблемалардың көрінісі екендігін айта келіп, барлық әскери шығындарды реттеп, армиядағы қаржы және жалпы тәртіпті нығайту қажеттігін мәлімдеді.
Экономика шикізатқа байланбауы керек
Ал, қарқынды және инклюзивті экономиканы дамыту ісінде алдымен шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру қажеттігі атап көрсетілді. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек. Елімізді өңірдегі көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы беделімізді арттыру – стратегиялық міндет» деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтардың зейнетақы жинақтарын баспана алуға жұмсауын реттеуді де тапсырды. «Алдағы жылдары жағдай өзгеруі мүмкін. Зейнетақы жинақтаушы азаматтардың саны айтарлықтай азайып, зейнеткерлер саны артады. Бұл жағдайда зейнетақы активтерінен түсетін инвестициялық табыс көлемі де төмендейді.
Сондықтан, Үкіметке Ұлттық банкпен бірге зейнетақы жүйесін тиімді ету бойынша маңызды жұмыс істеу керек. Қазір жұмыстағы адам өзінің зейнетақы қорын зейнетке шыққаннан кейін ғана пайдалана алады. Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін қолдансам деген
ниеті түсінікті. Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мысалы, баспана сатып алу үшін немесе білім алу үшін» деді өз Жолдауында.
Мемлекет басшысы ел азаматтары үшін қымбатшылық тудырып отырған баға белгілеу мен тариф мәселесін де айналып өтпеді. Ол бұл ретте елдегі тауарлар мен қызметтер құнының жоғары екеніне тоқталды. Мысалға әуебилеттерінің бағасы Еуропа елдерімен салыстырғанда отыз пайызға қымбат. Бұл жағдай Қазақстанның авиация саласының бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып, транзиттік әлеуетін төмендетіп отыр.
Сондықтан, бұл саланы тез арада тәртіпке келтіру керек. Жолдауда қала мен ауылды дамытуға серпін беретін шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. «Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Шын мәнісінде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді. Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты. Бірақ, жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа
сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ. Осыған орай, Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек» дей келіп алдағы уақытта кәсіп иелерінің үш жыл салықтан босатылатынын мәлімдеді.
«Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды!»
Президент жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне де арнайы тоқталып, «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек» деп мәлімдеді. Әлбетте, алдағы уақытта жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің мүмкіндіктері іске қосылмақ. Бұл өте өзекті. Жағдай жерге тікелей салынатын салықтың төменгі жағдайынан қиындап отыр. Пайдаланбайтын жерді мемлекет меншігіне қайтаратын уақыт келді. Жер жұмыс істейтін адамға ғана тиесілі болу үшін Үкімет пен Парламент тиісті тетіктерді ұсыну керек. Бүгінде бұл мәселені шешпей, отандық агроөнеркәсіптік кешенді сапалы дамыту мүмкін емес. Өйткені, ет өндіру тек аналық бастың санын көбейтуге ғана емес, фермерлердің жем-азық дайындауға қажетті жердің жетіспеуіне тіреліп отыр. Мемлекет басшысы бұл ретте шағын елді мекендерді ұстау, әділ салық салу және қаржылық реттеу мәселелерінің өзектілігін атап көрсетті. Үкіметті әлеуметтік аударымдар көлеміне назар аударуға шақырды. Мұның соңы жұмыс берушілердің жұмыс орындарын құруға деген ынтасын жойып, бизнестің көлеңкеге кету мүмкіндігін кеңейте түсетініне назар аудартқан Президент Үкіметке қосымша зейнетақы қорына 5 пайыз көлемінде аударым жасауды 2023 жылға дейін қалдыруды тапсырды.
«Дипломмен – ауылға»
Білім беру сапасына қатысты да нақты ұсыныстар айтылды. Бұл ретте оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағытбағдар беру саясатына көшу қажеттігіне назар аудартты. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндік аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығында. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажет.
Осы жайлы айта келе Президент аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. Атқарушы билікке мәдениет қызметкерлерін қолдауға қатысты да нақты міндеттер жүктелді. Бұл орайда Президент олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбеймегенін, соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайтынын, мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығын тудырғанын айтты. Сөзінің соңында Президент елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтып, бұл өзгерістің оң нәтижесін әрбір тұрғын сезінуі тиістігін мәлімдеді. Сонымен қатар «Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді. Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс. Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланады. Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет» деді. Жаңа Президенттің жаңа Жолдауының осындай жаңалығы көп. Оның әрқайсысы проблемадан шаршап, өзгерісті аңсаған көпшіліктің көкейінен шыққаны анық.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий