Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Кәрібай МҰСЫРМАН, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Тілшіні аккредиттеу мәселесін тым қиындатпау керек»

– Кәрібай Иманжанұлы, елімізде бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қабылданатын шешімдер көбіне олардың құқын шектеуге бағытталғандай көрінеді. Осы жағдайды журналист әрі заң шығарушы ұйымның өкілі ретінде қалай бағалайсыз?
– Бұл пікірмен келісе алмаймын. Өйткені, сөз бостандығы деген ойыңа келгенді айтып, ауа жайылу емес. Журналистердің құқығымен қоса міндеттері, айтқан немесе жазған сөзіне жауапкершілігі болуы керек. Біз, мысалы, ғаламторға қатысты заң қабылдап, онда әлеуметтік желілерде тіркелмей, бүркеншік атпен пікір жазуға тыйым салдық. Өйткені, біреуді сөзбен қаралаудың зардабы орасан. Мұндай әрекеттердің арты, әсіресе жазықсыз адамға нақақтан жала жабу оның іскерлік беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, денсаулығына да залал келтіруі мүмкін. Адам және оның өмірі Конституциямызда мемлекеттің ең басты
құндылығы ретінде айқындалған. Әрбір теріс пікірдің артында адам тағдыры тұрады. Әлеуметтік желіде тіркелмей, бүркеншік атпен жағымсыз пікір жазуға азаматтар мен заңды тұлғалардың қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау мақсатында тыйым салынып отыр. Бұл адамның айтқан сөзіне, жеткізген ақпаратына жауаптылықты міндеттеу мақсатында қабылданған шешім. Онда журналистің құқын шектеу емес, адамның ар-намысын қорғау талабы тұр. Сонымен қатар, бұл мәдениеттіліктің, өркениеттіліктің мәселесі. Осындай заңнамалық тұрғыдағы шектеу болмағанға дейін журналистер, блогерлер тарапынан неше түрлі ауажайылушылық болды. Қазір де баршылық. Дегенмен, азайды. Осылайша, біртіндеп өз сөзіміз үшін жауапкершілікті сезініп, адамдардың ар-намысына құрметпен қарауды үйренеміз деп ойлаймын. Бірақ, бұл бүркеншік атпен пікір жазуға тыйым салынды деген сөз емес. Жаза бер. Алайда, өз сөзің үшін ертең сот алдында жауап беруің мүмкін екенін есіңде
ұста деген сөз.
– Десек те, қоғам үшін қажетті ақпаратты тарату бізде адамдардың ар-намысына тию болып саналатын сияқты. Егер ол адамдардың әрекеті елдің игілігіне, азаматтардың мүддесіне қарсы болып жатса да, үнсіз қалу керек пе?
– Жоқ, қолыңызда нақты дәлеліңіз болса, үнсіз қалмаңыз. Айтыңыз, жазыңыз. Бірақ, адамды
«қылмыскер», «жемқор» деп айыптап, үкім шығару – соттың ғана құзыреті екенін есіңізден шығармаңыз.
– Ақпарат және коммуникациялар министрінің жуырда жарияланған бұйрығының жобасы да журналистер құқын шектейтіндей көрінеді. Ол құжатпен таныстыңыз ба? Ондағы БАҚ өкілдерін тіркеуге қатысты талаптар орынды деп ойлайсыз ба?
– Иә, ол бұйрықтың жобасын қарап шықтым. Біріншіден, бұл әлі қолданысқа енгізілмеген жоба. Сондықтан, журналистер оны талқылап, уәкілетті органға өз көзқарастарын білдіре алады. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының қатары күн сайын артып бара жатқан уақытта мемлекеттік органдардың оларды аккредиттеуі қажетті шара деп білемін. Мысалы, Парламентке де журналистер тіркеледі. Алайда, ғимараттағы орындардың шектеулілігіне байланысты келгісі келетін журналистің бәрін қабылдау мүмкін емес. Сол себепті, журналистерді тіркеудің арнайы тәртібі белгіленіп, оларға белгілі көлемде орын бөлінеді. Тілшілерден депутаттар жұмысына кедергі келтірмеу талап етіледі. Олар Палата отырысы өтіп жатқан залға жіберілмей, оған тек бейнежазба жасап, фото түсіру үшін операторлар мен фотографтар енгізіледі. Журналистер жалпы отырыстағы пікірталасқа араласа алмайды.
Өйткені, бұл депутаттардың жұмысына кедергі келтіреді. Олар өз ойларын, сауалдарын жиыннан шыққаннан кейін өздері қалаған шенеунікке немесе депутатқа қоя алады. Меніңше, аккредиттеуге қатысты бұйрық жобасында осындай талаптар қойылып отыр. Бұл жерде де журналист құқына шектеу қою мақсаты жоқ.
– Бұйрық жобасындағы тіркеген орган мен модератордың регламентін бұзған журналистің аккредитациядан айрылатыны әріптестерді қатты алаңдатып отыр. Бұл БАҚ жетекшісіне құзырлы орын басшысы ғана емес, ондағы қатардағы қызметкердің де өз әмірін жүргізуіне алып келеді деген қорқыныш жоқ емес. 

– Жалпы, кез келген мәселеден астар іздеп, келемеждеу бізге, журналистерге тән әдет қой. Шын мәнінде, аккредиттеу «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес жасалады. Бұл құжатта журналистердің құзыретіне, құқына қатысты мәселелер әлемдік тәжірибе негізінде шешімін тапқан. Тағы да қайталап айтамын, сіз айтып отырған бұйрық жобасы да мемлекеттік мекемелердегі ішкі тәртіпті сақтау мақсатында және жалпы журналистік мәдениетті қалыптастыру тұрғысында қабылданған шешім. Әрине, аккредиттеу мәселесін тым қиындату қажет емес. Меніңше, журналистің жұмыс орнымен жасаған шартының көшірмесін және сенімхат сұрату артық сияқты. Мұнда, негізінен, бұқаралық ақпарат құралы бас редакторының немесе меншік иесінің қолы қойылған өтініш, журналистің жеке басының куәлігі және оның аккредиттеуші органның ішкі тәртібі мен модератор орнатқан регламентті сақтау туралы жазбаша келісімі болса, жеткілікті деп ойлаймын. Әрине, бұл әлі жоба болғандықтан, уәкілетті орган журналистер қауымының тарапынан айтылған пікірлерді ескере отырып, дұрыс шешімге келеді деп сенемін.
Жалпы, журналистердің шешілмеген мәселелері аз емес. Басқаны айтпағанда, жеңілдікпен баспана иеленетін мүмкіндік қарастырылмаған. Бұған не дейсіз?
– Бұл талай айтылып жүрген мәселе. Жалғыз журналистер емес, Қазақстандағы азаматтардың басқа да санаттары мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй ала алмайды. Қазір бюджеттік мекеме қызметкерлерінің өзіне жалдамалы үйлер беріледі. Негізінде, үй немесе пәтер сатып алу үшін жақсы табыс табу керек. Ол үшін жақсы журналист болу қажет. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?! Мәселен, мен осы қызметіме дейін басқарған «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің бірнеше қызметкері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеңілдікті ипотекалық кредиті арқылы пәтерге ие болды. Ал, зейнет жасы жайлы айтсақ, біз шахтер емеспіз. Мұғалімдер секілді жүйкеміз жұқарып, сабақ беріп жүрген жоқпыз. Бізде балет бишілеріне қатысты мәселе де әлі шешімін тапқан жоқ. Елдің экономикасы нығайған сайын әлеуметтік тұрғыдағы көптеген мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Сондықтан, ел аман, жұрт тыныш болса, Қазақстанымыз әлемдегі
озық отыз мемлекеттің қатарына кіріп, азаматтардың түрлі санаттарының зейнет жасына байланысты өтініштері де орындалатын күн туатынына сенемін.
– Қазақ тілді журналистер қанша өнімді жұмыс істесе де, жақсы жалақы алмайды. Олардың жалақысы ең көп дегенде жүз мыңнан сәл ғана асады.
– Жақсы жалақы табуға ұмтылған журналист оның жолын табады. Ол үшін кәсіби тұрғыда
өсуің қажет.
Тағы бір мәселе тілге қатысты. Қазақ тілді журналистер барлық ақпаратты орыс тілінен аударуға мәжбүр. Орыс тілді журналист кез келген материалды өздері білетін тілде алатындықтан, оларға жұмыс істеу жеңіл. Уақытында аударма үшін арнайы төлем жүйесін енгізу туралы мәселе көтерілген еді. Депутаттық құзыретіңізді пайдаланып, бұрынғы әріптестеріңіздің осы мәселесін шешіп беруге қалай қарайсыз?
– Еліміздің Конституциясында қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал, орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп жазылған. Мен де журналистік қызметімді бастаған кезімде орыс тілін нашар білгендігімнен, бірталай қиындық көргенмін. Білу керек болған соң үйрендім. Қазір
журналистерге жедел ақпарат алу үшін орыс тілін ғана емес, ағылшын тілін де білу керек. Өйткені, көптеген ақпарат ағылшын тілінде таратылады. Әлемдік ақпарат айдынында еркін жүзу үшін бірнеше тілді игеру – шынайы ақпаратқа дер кезінде қол жеткізудің зор мүмкіндігі. Негізі, сіз айтқан аударма мәселесі тереңірек зерттеу мен талқылауды қажет етеді деп санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится