Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Жасасын, Астана!»: елорданың әнұраны байқауына түскен жүзден астам шығарма «түкке тұрғысыз» болды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өткізген елорданың үздік әнұраны байқауының неліктен өтпей қалғаны белгілі болды. Байқаудың не себепті кейінге қалдырылғаны туралы қазылар алқасының төрағасы ақын Несіпбек Айтұлы айтып берді, деп хабарлайдыSkifnews.kz ақпарат порталы, елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елорданың үздік символикасы байқауының бірінші кезеңінде 100-ге тарта шығарма түскен.

«Барлығы сол «жасасын, Астана!», «Жас қала – менің мақтаным» деген сияқты жадағай болып келеді. Жарқ ететіндей жаңа ой, салмақты сөз, айшықты образ таппадық. Содан кейін қайта бір көрейік деп қайтадан байқау жарияладық. Оған 68 шығарма түсті. Байқау уақытын созып, қайта қараған кезде де алдыңғыдан өзгешелік болмады, тағы да жадағай, жаттанды сөздер», – дейді ақын.

Қазылар алқасының құрамында композитор Серік Еркінбеков, Сәкен Әбдірахманов, ақын Серікзат Дүйсенғазин де бар. Олардың пікірінше, Нұр-Сұлтан қаласы әнұранының сөзі де, әні де ерекше, рухты, көркемдігі биік болуы шарт.

«Егер келіп түскен шығармалардың ішінде өте сәтті, әуені де, сөзі де үйлесімді келіп тұрса шығарып жіберуге болар еді. Ал асығыста, шикілі-пісілі, талғамға жауап бермейтін, сын көтермейтін нәрсені әнұран деп тапсақ, оны халық қабылдамай, сынға ұшырап жатса, одан қазылар алқасы абырой таппайды», – деді Несіпбек Айтұлы.

Комментарий