Жаңалықтар | НовостиШулы іс | Громкое дело

Қара жолдағы қайғы

2019 жылды қарсы алуға санаулы күндер қалғанда Алматыда жантүршігерлік жол апаты орын алғаны жұртшылықтың есінде шығар. Өкініштісі, үш бірдей жас ғұмырды қыршынынан қиған, белгілі актрисаның денсаулығына зақым келтірген азамат өз кінәсін мойнымен көтерудің орнына, апат болған жерден қашып кеткен еді. Араға екі ай салып ақпанның 20-сы күні Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий айыпталушы Ілияс Карды қылмысқа толығымен кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345- бабы, 4-тармағына сәйкес, он жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Еске сала кетейік, оқиға 2018 жылдың 29 желтоқсаны күні орын алған болатын. Mercedes Gelandewagen автокөлігін мас күйінде тізгіндеген 34 жастағы Ілияс Кардың көз ілеспес жылдамдықпен Mitsubishi Galant көлігін ұшырып әкеткені жайлы бейнежазба әлеуметтік желілерді сол күні-ақ шарлап кетті. Әлгіндей соққының
салдарынан Mitsubishi көлігінің жүргізушісі – Бақытнұр Қанапия, сондай-ақ, жолаушылар – белгілі актриса Шолпан Ғабдульмулинова (Елгезекова) және Динара Хамитова көз жұмды. Оқиғадан тірі қалған жалғыз адам – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Айзада Сатыбалдиева. Оның да осынау апат салдарынан өте ауыр халде жан сақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше тәулік дегенде әзер есін жиғанын білеміз.Осыған дейінгі болған сот отырыстарында Кар өзінің жол апатына кінәлі екенін мойындағанымен, көлік жүргізуде 15 жылдық тәжірибесі бар екенін және жол-көлік оқиғасына бұрын-соңды түсіп көрмегенін, ең бастысы, оқиға алдында мейрамхана мен караокеде болғанымен ішімдік
ішпегенін алға тартқан-ды. Тіпті, елдің жанашырлығын туғызғысы келген ол өзін онкологиялық ауруға шалдыққан сырқат ретінде көрсетуге тырысқан. Мұның рас, өтірігін анықтаған ешкім жоқ. Бір анығы, «Ауырғалы бері аузыма арақ алған емеспін» деп ант-су ішкен жүргізушінің сөзін куәгерлер бір демде жоққа шығарды. Сөйтіп, шындықтан жалтара алмаған Ілияс Кар сол түні ішімдік ішкенін амалсыз мойындаған болатын. Оған тағайындалған жазаның жоғары болуына да осы жайлар түрткі болса керек.
Ержігіт НҰРТАЙҰЛЫ, Бақытнұр Қанапия тарапының құқығын қорғаушы:
– Судья айыпталушыға он жыл берді. Бұл – қолданылған бап бойынша көрсетілген ең ұзақ мерзім. Апат кезінде көлік тізгінінде болған Бақытнұрдың ағалары Қытайдан арнайы келді. Олар сот тағайындаған моральдық шығын көлемін қанағат тұтып отыр. Бұдан бөлек, кінәлі азамат материалдық шығынды өтеп қойды. Сондықтан да біз аталған мерзімді азайтуды сұраған болатынбыз, бірақ сот оны есепке алмады.
Мәриям ӘБСАТТАР,
«Заң газеті»

Комментарий